Жыл басынан бері, небәрі үш ай ішінде, Жамбыл облысының 13 азаматы заң аясында өз ұлтын ауыстыруға үшін өтініш бергені анықталды. Бұл туралы Жамбыл облысының полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасының бастығы Арман Тұрдалиев мәлімдеді, деп жазды "Адырна" ұлттық порталы.
Жамбыл облысы бойынша өзіне қатысты деректерлі өзгертуге қазіргі күні 528 адам мүдделі.
Оның ішінде, атап айтар болсақ, 501 азамат тегін ауыстырғысы келсе, 14 тұрғын туған күні мен жылын өзгертуді қалаған. Тіпті, облыстың 13 азаматы өзге ұлт өкілі атанғысы келген.
Арман Тұрдалиев ҚР азаматтығына жеңілдетілген тәртіп бойынша 542 адам, ҚР Президентінің Жарлығы бойынша 54 адам қабылданғанын жеткізді.
Сандарды сөйлетер болсақ, жыл басынан бері облыс тұрғындарына 9657 паспорт, 23591 жеке куәлік беріліп, 4295 азаматтың жоғалған құжаттары қайта қалпына келтірілген.
Жеке басын куәландыратын құжат ресімдеу үшін 33 мың 139 электрондық өтінім жіберілген.
Орайы келгенде айта кетейік, Жамбыл облысында жалған құжат толтырды деп айыпталып, жауапқа тартылғандарға қатысты жаңалық дүйім жұртқа тарады. Тараз қаласының №2 соты алаяқтық, ірі мөлшерде бөгденің мүлкін жымқыру және иемдену бойынша айыпталған 4 тұлғаға қатысты үкім шығарды. Сот таратқан мәлімет бойынша, күдіктілер "Альбион" құлпынай көшеттері үшін (оларды шаруа қожалықтарына рәсімдеп) мемлекеттен субсидиялар алған. Қаражаттың бір бөлігі алаяқтық жолымен ұрланып, жеке қажеттіліктеріне жұмсалған, осылайша мемлекетке 550 849 430 теңге көлемінде залал келтірген. Айыпталушылардың арасында "Ауыл" партиясынан сайланған депутат Жигули Дайрабаевтың ұлдары: Дидар Молдақалық пен Марат Дайрабаев бар.
"Адырна" ұлттық порталы