«Ұлы дала квартиранттары»: Депутат халық баспана алу үшін банк алдында түнеуге мәжбүр екенін айтты

3359
Adyrna.kz Telegram

Мәжілістің жалпы отырысында депутат Дәулет Мұқаев көпбалалы отбасылар тар үйде тұруға мәжбүр екенін, мемлекеттік бағдарламалардың талабын қайта қарау керектігін айтты, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы. 

Ол депутаттық сауалын Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға жолдады.

«Халқымыздың «Ұлы дала квартиранттары» атанғаны да жанға қатты батады. Үйсіз-күйсіз жүрген қазақстандықтарды қолжетімді және сапалы баспанамен қамтамасыз ететін мемлекеттік бағдарламалар қолжетімді болмай тұр. Бүгінде тұрғын үй бағытындағы мемлекеттік бағдарламалар халықтың сұранысын қанағаттандырмай отыр», - деді депутат.

Оның пайымдауынша, «Нұрлы жер» бағдарламасы аясындағы «Бақытты отбасы» және «Шаңырақ» бағдарламаларының талаптарына өзгеріс енгізу керек.

«Бақытты отбасы» бағдарламасы Қазақстанда 2019 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Жыл сайын бюджеттен 50 млрд теңге төңірегінде ақша аударылып, 8 мыңға жуық отбасы үйлі болды. Бағдарлама аясында максималды несиелеу сомасы аймақтар бойынша (Алматы, Астана, Шымкент, Атырау, Ақтау) максималды сома 15 млн теңгеге тең еді. 2019-2020 жылдары бұл ақшаға 2 бөлмелі үй алуға мүмкіндік болса, қазір пәтер бағасы өскеннен тек 1 бөлмелі үй алуға мәжбүр», - деді Дәулет Мұқаев.

Сөзінше, қазақстандықтар «7-20-25» бағдарламасы бойынша баспана алу үшін банктердің алында түнеп жатыр.

Бағдарлама ұйымдастырушылары «ақша бар, бәрі жақсы, бағдарлама жұмыс істеп тұр» деп көрсетеді. Қазір «7-20-25» бағдарламасы бойынша Қазақстанда бірде-бір банк ипотека бермейді? Себебі маусым сайын лимит қойып қойған. Халық банктердің алдында түнеуге мәжбүр. Бұл тұрғыда «7-20-25» бағдарламасы бойынша лимитті алып тастау керек. Бағдарлама 2029 жылға дейін созылады. Дегенмен оған дейін аты бар да заты жоқ бағдарламаға айналуы әбден мүмкін. Мыңдаған адам банктен мақұлдау алғанымен, лимит кесірінен үйдің кілтін ала алмай жүр, - дейді ол.

Пікірлер