Мұзағаң деген екен…

8204
Adyrna.kz Telegram

Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, соғысты бастан кешкен қаламгер Мұзафар Әлімбаевтың туғанына биыл — 100 жыл. Соған орай ақынның әзілдері мен қағытпаларын назарларыңызға ұсынамыз.

УӘДЕ

Көктем кезі болса керек. Ғалым, жазушы Баламер Сахариев ақын Мұзафар Әлімбаевқа кездесіп қалып әзілмен:

– Ауылымным қонғаны КИЗ–де деймін,
Бір өзіңнен басқаны іздемеймін,– дейді.

Сонда Мұзафар тұрып:

– Бұл күнде қалтамыздың түбі тесік,
Айналып бір соғарсың күзге дейін, – деген екен.

ТАПҚЫР ЖАУАП

Латиф Хамиди әзілкеш, ашық–жарқын кісі еді. Бірде көшеде кездескен композитор ағасына Мұзафар Әлімбаев:

– Латеке, денсаулығыңыз қандай? – деп сәлемдесіпті.

– Өткендегіммен салыстырсам, онша емес, ал келешегіммен салыстырсам, құдайга шүкір, – депті сонда 75 жастағы Хамиди.

ТОСЫН СҰРАҚ

Көркемдік советтің мәжілісінде Латиф Хамидимен капталдаса отырған ақын Мұзафар Әлімбаев әзілкеш ағасын сөйлетпек болып:

– Латеке, сіз қазақ композиторысыз ба, әлде... – деп сұрапты.
Сонда сөзге тапқыр Латекең:

– Қызық сұрақ екен. Мен Евгений Григорьевич Брусиловскийден сұрап білейінші, – деп жауап бермей кұтылып кетіпті.

“МҰЗ ЕРІП, ТҰМАН ТҮСТІ”

Балалар ақыны Сұлтан Қалиев көше бойлап келе жатса, қарсы алдынан ақын Бүркіт Ысқақов кездесе кетеді. Бұл отыз жыл «Балдырған» журналын баскарған Мұзафар Әлімбаев зейнеткерлікке шығып, орнына Тұманбай Молдағалиев бас редактор болып келіп жатқан кез екен. Бүркіт аман–саулықтан соң:
– Сұлтан, өмірді не жаңалық бар?–деп сұрау тастайды.
– Неге жаңалық жоқ, дейсің. Отыз жыл бойғы «Балдырғанның» мұзы еріп, енді тұман түсіп жатыр дейді ғой?–депті.

“АЛТЫ САҒАТ МАҚТАҒАНДА…”

Белгілі журналист, педагог, ғалым, мектеп оқушыларына арналған «Қазақ әдебиеті» оқулығының авторы Төлеутай Ақшолақовтың мерейтойы болады. Оған қатысқан қонақтар тарқағаннан кейін етжақын адамдарды кейбірі сол үйде конып қалады. Олардың арасында қазақ журналистикасының ақсақалы, профессор Калижан Бекхожин, белгілі композитор Садық Кәрімбаев, ақын Мұзафар Әлімбаев болады.

Той-той деп жүріп шаршаған бұлар бастары жастыққа тиісімен ұйықтап кетсе керек. Бір кезде ас үйден күңгірлеген, салдырлаған дыбыстар естіледі. Түн ішінде басқалар-ға ұйқы бермей, қазан-аяқты салдырлатып жүргендер кім болды екен деп, Мұзафар ас үйге барса, Садық Кәрімбаев Төлеутай Ақшолақовтың иығынан капсыра ұстап, төніп тұр екен дейді.

Сөйтсе, композитор үй иесінен жұрт жатқаннан кейін тағы арақ сұрайды. Төлеутай ас үйден іздеп ештеңе таба алмайды. Ал Садық тап та таптың астына алып, өзеурей берсе керек. Олардыың үстінен шыққан Мұзафар:

– Әу, Сәке, сақалды басыңызбен айқай-шу шығарып сізге не болған?– деп, екеуіне араша түседі.

Сонда Садық:

– Әй, бала, сен бұған араласпа. Біз мұны алты сағат бойы мақтадық, енді жарта сағат боқтауға болмай ма екен?–деп жауап беріпті.

ӘЗІЛГЕ – ӘЗІЛ

Бір күні Мұзағаң (Мұзафар Әлімбаев) ұйғыр жазушысы Илья Бахтияға әзілдеп:

– Илья, осы сен өзің қазақша таза сөйлейсің, ал енді шығармаларыңды неге қазақ тілінде жазбайсың?– дейді.

Сонда Илья:

– Мұзаға, ұйғырға да бір мықты ақын керек емес пе?! – деген екен.

МҰЗАҒАҢНЫҢ «ЗАПИСКАСЫ»

Жазушылар одағында кезекті бір жиналыс өтіп жатады. Одақ басқармасының хатшылығына әртүрлі адамдар ұсынылып, жұртшылық кезек-кезек мінбеге шығып сөз сөйлейді.

Сөйлеушілердің көпшілігі біреуді мақтап, біреуді даттап, бұра тарта берген соң, жиналыстың соңы айтыс-тартыс, дау-дамайға айнала бастайды. Даудың сондай бір қызған тұсында мінбеге айқайлап сөйлейтін ұраншылдау бір қаламгер шығады. Ол кісі қолын оңды-солды сілтеп, жылтыр сөздің майын тамызып, саясатты соққан кезде, ауылдан келген бір жас ақын:

– Мұзаға, мына кісі кім еді… Менімше, ақылды сөз айтып тұр, – деп қасында отырған Мұзафар Әлімбаевқа бұрылады.

Сонда Мұзағаң «үндеме» дегендей ишара жасапты да, қойын дәптерінің бір парағын жыртып, жас әріптесіне мына бір өлең жолдарын жазып беріпті:
Ақылды ма?
Атама! Шала есі бар…
Шұбатылған жыландай пәлесі бар,
Көсеулікке татымас бұл шіріктің
Көсемдіктен, о тоба, дәмесі бар!

АҚШАСЫ ЕМЕС, АТАҒЫ ҮШІН…

1958 жылдың көктемінде Ғабит Мүсірепов КСРО Жоғарғы Советіне депутаттыққа кандидат болып тіркеледі де, қасына ақын Мұзафар Әлімбаевты ертіп, шағын самолетпен Мәскеуге ұшады. Бірақ самолеттері апатқа ұшырап, абырой болғанда Қызылқұмның шағылына құлап, жолаушылар аман қалады. Аман қалған жолаушылар торғайдай тозып, құмды кешіп бір ауылға жетеді. Бой жазып, дем алған соң Ғабең мен Мұзағаң ауылдың дүкеніне кіреді. «Іш киімім тозып жүр еді», – деп Ғабең ағараңдаған бірдеңені құлаштап өлшеп жатқан кезде, Мұзағаң оның бағасын біліп алып, сатушыға ақшасын төлейді. Мұны байқап қалған Ғабең:

– Әй, кедей (ол кісі Мұзафарды ылғи да осылай атайды екен), сен не істеп жатырсың?

– Немене, байып кеттің бе? – депті.

ҚАРТАЙҒАННЫҢ «БЕЛГІСІ»

Бір жиені үйленіп, ақын Мұзафар Әлімбаев 1977 жылы Павлодар қаласына тойға барады. Ол тойға Мұзағаңның туған жері Маралдыдан да бір топ ағайын-жекжаттар келеді. Араларында ақынмен бірге оқып, бірге өскен жора-жолдастары да бар екен. Солар-дың бірі – Қабылқақ деген құрдасы Мұзағаңмен құшақтасып, төс түйістіріп амандасады да:

– Мүскен, сен өзің шашың селдіреп, қартайып қапсың ғой? – дейді таңданғандай болып.

Сонда Мұзағаң іркілместен:

Қабылқақ, рас айтасың–
Шашымнан тарақ қалды,
Аузымнан арақ қалды,
Ойыннан картам қалды,
Койыннан қалқам қалды, – деп өлеңмен жауап беріп, тойға жиналғандарды ду күлкіге батырыпты.

БІР АУЫЗ СӨЗГЕ СЫЙҒЫЗЫП…

Ұлы жазушы Ғабит Мүсіреповтың бәйбішесі Құсни дүние салған күндерде ақын Мұзафар Әлімбаев ауруханада жатып, қаламгер ұстаз ағасына барып көңіл айта алмапты. Содан араға айлар түсіп кетеді. Ол екі арада сөз зергері төсек жаңғыртып үлгереді. Бұл тұста да ақын, қазақша айтқанда салақтыққа салынып, уақытылы құтты болсын айта алмаса керек.

Бір күні Қазақстан Жазушылар одағының бірінші басшысы Ғабит Мүсірепов бір топ ақын-жазушыларды мәжіліске шақырады. Олардың ішінде Мұзафар Әлімбаев та болады. Ақын бір күн әуреге түсіп, жазушы ағасына не айтарын, қалай айтарын білмей қатты толғанады. Кейбір қаламдастарымен де, бәйбішесімен де ақылдасады. Айтсам деген ойын бірнеше қалыпта қағазға түсіріп көреді.

Ақыры жиналыс ашылардан он-он бес минут бұрын Ғабеңнің алдына келген ақын:

– Ассалаумағалейкум, Ғабе, қасіретіңіздің орнына баса келген құс-қуанышыңыз құтты болсын!,  – дейді.

Ағасы інісінің қолын ризалықпен алып, рахмет айтады. Сонда Ғабеңнің кабинетінде отырған ақын Жұбан Молдағалиев:

– Ғабе, Мұзағаң сізден қысылып жүр еді, «сөз тапқанға қолқа жоқ» деген осы, – деген екен.

ШЫМБАЙҒА БАТАР СӨЗ

Мұзафар Әлімбаев бірде Алматы облысының бір ауданына қонаққа барады. Тамақ ішіліп, дастархан жиналған соң, жігіттер ақынның көңілін ауламақ болып, «преферансқа» кіріседі ғой. Іштерінде Шымберген деген мектеп директоры бар екен, сол кісінің қалта-сында ақшасы болмай, ұтылып қалған соң, Мұзағаңның ұтысын жарым-жартылай ғана төлепті.
– Жарайды, сені қинамай-ақ қояйын… Бірақ, бермеген ақшаңа өлең айтсам қайтеді? – дейді Мұзағаң әзілдеп.
– Айтыңыз, айтыңыз? – дейді отырғандар ақынды қаумалап.
Сонда Мұзағаң былай депті:
– Ау, Шымберген, Шымберген,
Қонақ едік бір келген.
Екі тиыннан келісіп,
Бір тиыннан құн берген
Бұл сұмдықты кім көрген!

МОДНЫЙ ДОРБА

Ақын Мұзафар Әлімбаев бірде қолына ала дорба ұстап, кітап дүкенінен шығып келе жатса бір қаламгер інісі кездесіп:
– Мұзаға-ау, мына бір дорбаңыз модный ғой,– депті.
Сонда Мұзафар:
– Бәрекелді, модный болғаны үшін емес, годный болғаны үшін ұстап жүрген ғой, – деген екен.

БАСПАҒА ХАТ

Ақын Мұзафар Әлімбаевтың «Өнер» баспасынан «Өмір. Өнер. Өнерпаз» атты көлемді кітабы жарық көрген еді. Сол кітаптың қолжазбасы өндіріске дайындалып жатқан кезде баспаның шаруашылық мүмкіндігіне байланысты, «өнерліктер» оның өлеңін қысқартып, жиырма бес баспа табаққа түсірмек болады. Мұны естіген Мұзағаң баспаның бас редакторы Әлібек Асқаровтың атына:

«Дімкестіктен титықтап қаусап жүрмін,
Сонда да майда қоңыр ән сап жүрмін.
«Отыз бестің орнына жиырма бес» дейт…
…Әділдікті, Әлеке, аңсап жүрмін!» – деп хат жазып жіберіпті.

“ҚАБАЙ БОЛСАҢ, ДАБАЙ”

Наурыз мейрамы кезі екен, соған орай Алматының бір алаңында ұлан-асыр той болып, кітап жәрмеңкесі өтіп жатады. Жәрмеңкеге шақырылған ақын-жазушылар іркес-тіркес ұзынынан ұзақ созылған столдарға қатар-қатар жайғасып, қолтаңба беріп жатады. Ақын Мұзафар Әлімбаев дөңгелек жүзді аққұба бір жігіттің кімнен қолтаңба аларын білмей қысылып, бірде арғы шетке, бірде бергі шетке шығып ағаларына именіп батпай жүргенін байқап қалады.

– Әй, балам, бері кел! – дейді Мұзағаң.
– Атың кім?
- Қабай.
– Дабай!
Солай дейді де, әлгі жігітке мынадай қолтаңба жазып беріпті:

«Ұсындым кітап Қабайға
Бізді де оқып абайла.
Көңілімізді бермейміз,
Өзге түгіл – Абайға».

“МУЗА АҒАМ…”

Республикамыздың мемлекеттік Әнұранына лайықты текст тандап алу үшін арнайы комиссия конкурсқа түскен өлеңдерді талқылап, жиі-жиі мәжілістер өткізеді. Осындай күндердің бірінде төрт-бес танымал ақын өзара бірлесіп жазған Әнұран тексінің жағдайын білу үшін ақын Кадыр Мырзалиев сарапшылар комиссиясының мүшесі, жазушы-сыншы Сұлтан Оразалиновқа телефон соғыпты:

– Өлеңнің кейбір сөздері нақты емес, әлі де солғындау екен, – дейді Сұлтан сөз арасында өз пікірін айтып.

– Ол қандай сөздер?

– Мәселен, «Сәулелі салтымыз сақталғай саламат» деген жолдағы «сәулелі», «сақталғай», «саламат» деген сөздер тұжырымсыз, Әнұранға келіңкіремейді.

– Ол басқаныкі емес, Мұзағаң сынды жәкеңіздікі, – дейді Қадекең жасы үлкен ағасының атын көлденең тартып, әрі бір жағы қалжыңға сүйеп.

Сонда Сұлтекең:
– Мұзағам – сыйлап, жақсы көретін ағам екені рас, бірақ – Мұзағамнан да жоғары Муза ағам бар ғой, – деген екен.

МҰЗАҒАҢНЫҢ БАТАСЫ

1956 жылы ақын Қайнекей Жармағамбетов белгілі бір себептермен партиялық сөгіс алып қалады. Арада біраз уақыт өтіп, бірде қалбалақтап асығып көшеде келе жатса, алдынан ақын Мұзафар Әлімбаев кездесе кетеді.

– Қайда асығып барасың? – дейді Мұзағаң.
– Ойбай, атама… Баяғыдағы сөгісімді алдырайын деп обкомға безектеп бара жатырмын, – дейді Қайнекей.
– Ондай болса, қалтаңда ақшаң бар ма, бата берейін? – дейді Мұзағаң.
– Бар! – Қайнекей балаша қуанып кетіп, он сомдықты ұсына береді.
Сонда Мұзағаң қолын жайып, көшенің дәл ортасына тізерлеп отыра қалыпты да, сөгіс алған досына былай деп бата беріпті:

– Бердім саған батамды,
Кешірсін обком қатаңды.
Қатыныңды жылатып,
Пәмиләңді шулатып,
Көтере берме көрінен
Кәрі аруақ атаңды,
Әумин!

Жинаған, құрастырған Мақсұтхан Аманжанұлы

Пікірлер