Ақтау: Теңіз жағалауында заңсыз кәсібін дөңгелетіп отырғандарға шара қолданылды

3095
Adyrna.kz Telegram

Ақтау қаласында теңіз жағалауын заңсыз жайлаған кәсіпкерлердің нысандары назарға ілікті.  Қарт Каспидің жағасындағы мобильді павильондар мен балалар электромобильдері алынып жатыр, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы. 

Әкімдік қызметкерлері мен коммуналдық мекемелер бірлесіп, 9 А, 14 А және 15 А шағын аудандары тұсындағы балаларға арналған батуттар мен велосипед, ойын машиналары сияқты қозғалыс құралдарын алып тастау жұмыстарын бастады.

«Біз бірнеше рет заңсыз павильондарды алып тастау, сондай-ақ балалар ойнайтын аттракциондарды жағалаудан шығару туралы жазбаша ескертулер бердік. Алайда, кәсіпкерлер заңға бағынбай, жұмыстарын жалғастыра берді. Қазір заң аясында павильондар мен өзге де құрал-жабдықтарды алып тастау жұмыстары басталды. Бұл заңсыз әрекет жағалаудың көркін бұзып қана қоймай, қауіпсіздікке де әсер етеді. Өйткені, бұл кәсіпкерлер балалардың қауіпсіздігіне жауап бермейді», - дейді Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Ербол Жұмағазин.

Мамандардың айтуынша, бүгінде жағалауда шамамен 35 кәсіпкер заңсыз өз кәсібін дөңгелетіп отыр. Мереке кезінде бұл көрсеткіш 55-ке жетеді.

«Қала тұрғындары арасында сауалнама жүргізілді. Нәтижесінде халықтың басым бөлігі теңіз жағалауындағы кәсіпкерлікке қарсы екені анықталды. Бұл орындарда кәсіп жүргізіп келген тұлғаларға ұсыныс ретінде «Ақбота» саябағы мен бұрын меморандум жасалған сауда базарларының аумағына көшу ұсынылды», - деді Е. Жұмағазин.

Әкімшілік қала тұрғындарының талабын ескеріп, кәсіпкерлерге жаңа аумаққа көшуді ұсынғанын алға тартты.

"Адырна" ұлттық порталы 

 

 

Пікірлер