Назарбаевтардың құдасы Қайрат Боранбаев 8 жылға сотталды

2365
Adyrna.kz Telegram
2023 жыл, 31 наурызда Астана қаласындағы №2 Сарыарқа сотында ірі кәсіпкер Қайрат Боранбаевқа қатысты үкім шықты, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Zakon.kz-ке сілтеме көрсете отырып. 

Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаеваның құдасы, кәсіпкер Қайрат Боранбаев 8 жылға сотталды. Ол тағылған айыпты мойындамаған.  Қайрат Боранбаевтың мүлкі тәркіленіп, өмір бойына мемлекеттік қызмет атқару құқығынан айырылды.  Сонымен қатар, сегіз жылға бас бостандығына бұғау салынды. Жаза мерзімі орташа қауіпсіздіктегі түзеу мекемесінде өтелмек.

"ҚР Қылмыстық кодексі 58-бабының 3-бөлігіне сәйкес Боранбаев, Нахановтың мүлкін тәркілеп, 8 жылға бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалсын. Олар өмір бойы мемлекеттік қызметте, сотта, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, Ұлттық банк пен оған қарасты ведомстволарда, Қаржы нарығын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органда қызмет атқару құқығынан айрылсын. Сонымен қатар, қаржы ұйымдарында, мемлекеттік ұйымдарда, квазимемлекеттік сектор субъектілерінде қызмет етуге де тыйым салынады", - деді судья Назгүл Бапақова.

Соныман қатар, бірқатар марапаттардан мақұрым қалатын болды.

"Президенттің атына мемлекеттік наградаларынан айыру туралы ұсыныс енгізілсін", - деп мәлімдеді Астана қаласы Сарыарқа ауданының No2 аудандық сотының судьясы Назгүл Бапақова.

2022 жылғы 26 желтоқсанда Қаржы мониторингі агенттігі «АзияГазЧунджа» ЖШС құрылтайшылары Қайрат Боранбаев пен Роман Нахановқа, сондай-ақ «Qazaq Gaz» АҚ басқарма төрағасының бұрынғы орынбасары Тайыр Жанұзаққа қатысты қылмыстық істі тергеуді аяқтады. Сотталушылар сұйытылған мұнай газын сатып алу және қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру кезінде 14,5 миллиард теңге жымқырды деген күдікпен құрыққа түсті.

Іс бойынша сот отырысы Астанада 30 желтоқсанда басталды.

Сотталған Қайрат Боранбаев пен  «АзияГазЧунджа» ЖШС-нің екінші құрылтайшысы Роман Нахановқа сеніп тапсырылған мүлікті жымқырды және заңсыз ақша мен мүлікті заңдастыру, қылмысқа қатысы бар деген айыптар тағылып отыр.

28 наурызда прокурор Қайрат Боранбаевты мүлкін тәркілеумен бірге 8 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған.

Еске сала кетейік, Қаңтар оқиғасынан кейін Назарбаевтың туыстары жауапқа тартыла бастады. Соның ішінде бұрынғы президенттің құдасы Қайрат Боранбаев 8 жылға сотталды. Ал Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалды  “Қазақтелеком” АҚ-ның аса ірі көлемдегі қаржысын жымқыру және қызметін асыра пайдалану фактісі бойынша 6 жылға бас бостандығынан айырылды.

"Адырна" ұлттық порталы 

Пікірлер