Ардақ Назаровқа ескерту беріледі – Ерлан Қошанов

27620
Adyrna.kz Telegram

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов су жаңа депутат Ардақ Назаровтың әрекетіне жауап берді, деп хабарлайды Аdyrna.kz ұлттық порталы.

Ерлан Жақанұлы депутаттар жұмысына кіріспей жатып «өнер» шығарып жатыр. Нақтырақ айтсам, кеше Ардақ Назаров Орталық сайлау комиссиясының алдында және бүгін Мәжілісте журналистердің сұрағына әдейі жауап бермей кетті. Мәжілістің жанындағы әдеп комиссиясында журналистердің сұрағына жауап бермейтін депутаттардың мәселесі қарала ма?

– Біз әлі әдеп кеңесін құрған жоқпыз. Бірақ біз мейлінше ашық болуға тырсамыз. Бүгін депутаттардың бірінші жаңа отырысы болды ғой. Әрине, мен Парламент спикері ретінде және өзге де басшылар депутаттармен жұмыс жүргізіп, журналистерге байланысты талапты жеткіземіз. Бұған дейінгі жетінші шақырылымда ондай оқиғалар болды деп мен айта алмаймын. Солай ғой!? Сондықтан, біз де оны қайталамауға тырысамыз. Әрине, журналистермен кездесу, сіздерге сұхбат беру – бірінші кезекте біздің мүддеміз. Себебі сіздер арқылы халыққа жасап жатқан жұмысымызды жеткізу – бізге қажет.

Жеке өзіңіздің тарапыңыздан Ардақ Назаровқа ескерту бола ма?

– Ардақ Назаров біздің регламентті бұзатын болса, әрине, ескерту беріледі.

Журналистердің сұрағына әдейі жауап бермейтін болса. заңда қандай тетік көрсетілген? Мысалы депутаттық мандаттан айыру мәселесі қарастырыла ма?

– Журналистердің сұрағына жауап бермеген екен деп, депутаттық мандатынан айыру деген заңда қарастырылмаған. Депутат өзі құқылы – жауап бере ме, жоқ па? Бірақ жауап беруі қажет.

Егер журналистің сұрағына жауап бермесе неге депутат болды?

– Менің ойымша, бұл шешілмейтін мәселе емес.

P.S. Кеше Ардақ Назаров Астанада депутаттық мандатын алуға барғанда журналистердің сұрағына елемей, Қаңтар жайлы сұраққа «Алла баршаңызды аман етсін» деп жауап берген. Жаңа депутаттың бұл әрекеті әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. Ал парламент палаталарының бірлескен отырысында бүгін Назаров тіптен ешбір сұраққа жауап бермей кете барды.

Серік Жолдасбай

Пікірлер