Фараб жерінде ерекше фотобайқау өтті

2414
Adyrna.kz Telegram

Наурыз айының жиырма бірі мен жиырма үшінші жұлдызы аралығында Түркістан облысына қарасты Отырар ауданында ұйымдастырылған республикалық фотобайқау аяқталды.

Аталмыш фотобайқау Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесі қарсаңында, «Деректі фото» курсы аясында «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігі, соның ішінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультеті мен «National Geographic-Qazaqstan» журналының және Отырар ауданының әкімі Сәкен Сұлтанхановтың ұйытқы болуымен өткізілді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша «Деректі фото» курсының басты мақсаты елімізде құлашын енді жайып келе жатқан фотоөнерді жалпақ жұртқа таныстыру, осы салаға қызығушылығы бар жандарды қанаттандыру, қазақ фотоөнерін әлемдік деңгейге көтеру болып табылады. Фотобайқаудың әлемге әл-Фарабидей ойшылды сыйлаған Отырарда өтуінің өзі тегіннен тегін емес. Бұл жайында Алматы қаласынан келген «Aspan Production» графика дизайнері, режиссер Тілек Рысбек те сөз етті.

–  Әл- Фараби әлем философиясында өзіндік орны бар маңызды фигулардың бірі. Оның Аристотельдің «Метафизикасын» аударуы әлем философиясындағы елеулі оқиға. Отырар экспедициясында Отырар қаласындағы үлкен бір ауқымды кеңістік әл-Фарабидің туған жері деген болжамды айқындай түсетін секілді. Осыған дейін оны парсы ғалымдары Ауғанстан жерінде, Фәриабта туған десе, көптеген зерттеушілер оның Фараб қаласында өмірге келгендігін айтады. Негізі менің байқағаным, әл- Фараби атымен аталатын ұлттық жоғары оқу орны, көше, мекемелер баршылық. Яғни біз оның тек атын ұлықтаумен шектеліп келеміз. Ал, осы сапарымыз арқылы біз әл-Фарабидің рухани әлеміне, біліміне саяхаттадық десек те болады, - деді ол.

Кие қонып, құт дарыған Отырарда өткен фотобайқауда Отырар ауданы әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханов және «Деректі фото» курсының жетекшісі Серік Мұқышұлы, «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Асылхан Әбдірайымұлы сынды өз ісінің мамандары төрелік етті.

«Деректі фото» курсына қатысып, іріктеуден өткен қатысушылар үш күн бойы аудан орталығында өткен Наурыз мерекесін, одан бөлек Арыстан баб кесенесі, Отырар қалашығы сынды тарихи-мәдени орындарды, Арыс жағалауы сияқты көрікті жерлерді, музейлер мен ескерткіштерді күні-түні әртүрлі ракурста түрлі тәсілдермен түсіріп жарысты.

Фотобайқау нәтижесінде үшінші орынға алматылық Ернұр Манапхан, Бақдәулет Әбдуәлі және Ерқанат Аманкел, екінші орынға алматылық Әкбар Үркінбайұлы мен астаналық Мейірбек Тажкуранов ие болды. Тұңғыш «Деректі фото» курсы аясында ұйымдастырылып, үш күнге созылған фотобайқауда өскемендік Данагүл Әбдікәрім жеңімпаз атанды. Жүлдегерлерге дипломдар мен ақшалай сыйлықтар табысталды.

Байқауға қатысушыларда ұйымдастырушыларға өз алғыстарын айтып, шараның маңыздылығын түсіндірді.

Осы байқау аясында тағы да назар аударарлық жайт – фотографтар туындысын өзара талдайтын «Сын сағаты» өткізілді. Бұл фотоөнер өкілдерінің шеберлігін шыңдауда көп кездесе бермейтін тәжірибе.

 – Отырар қаласында  керемет «Сын сағаты» өтті. Бұл біз үшін үлкен мүмкіндік, керемет тәжірибе болды. Басында байқау деп айтылғанмен біз өзара бұны тәжірибе алмасу деп көрдік. Себебі біз бұл жерде білмегенімізді үйреніп, білгенімізбен бөлістік. Бұл байқаудың Отырарда өтуінің өзі орынды шешім болғандай. Қай кезеңді алмасақ та Отырар қаласы талай тарихи оқиғаның куәгері. Ұлы Жібек жолынан өзге мемлекеттермен қалай байланыс орнатса, бұл шараның осы жерде өтуі де қазақ фотоөнерін әлемдік деңгейге бағыттауда, жол бастағандай, - деп «Аманат» партиясының «Жастар рухы» ЖҚ фотографы Мейірбек Тажкуранов жылы лебізін білдірді.

Назерке Альбертқызы

Пікірлер