Қазақстанды энергетикалық дағдарыс күтіп тұр - эколог

2081
Adyrna.kz Telegram

АЭС құрылысы өзекті тақырып. Аталған тақырып бойынша сарапшы, эколог мамандардың пікірін білдік. Бұл жолы сауалымызға «Almighty Ecology» қоғамдық қорының басшысы Сатубалдин Алмат Буранбаевич мырза жауап берді.

- АЭС қаншалықты таза экология негізі? Неге атом энергиясын таза энергия көзі деп атаймыз? Атом энергетикасының басқа энергетика көздерінен ерекшелігі, тиімділігі неде?

- АЭС тақырыбы өте күрделі және бірден не жақсы не жаман деп айтуға қиын. Оны жан жағынан қарастырған жөн. Қазақстанда электр көздерінің тозуы салдарынан энергетикалық дағдарыс келе жатыр. Оны Екібастұз, Семей, Жезқазған және тағы басқа қалалардағы болған апаттартадан көруімізге болады. Әрин бұл мәселені тез арада шешу қажет. Сол шешімдердің арасында АЭС-ті де қарастырып жатқандар бар.

Бір жағынан АЭС тұрақты энергияның көзі және де Қазақстанда оған шикізат болатын уранның мөлшері өте көп. Бірақ екінші жағынан қарағанда АЭС құрылыс құны көмір электр станцияларына қарағанда әлде қайда қымбат. Және АЭС салыну уақыты альтернатив энергия көздерін енгізуден 2-3 есе баяу болады.

Сонымен қатар, АЭС аса қауіпті өндірістік объект болып табылады. Бәріміз білетін Чернобыль (Украина, КСРО) мен Фукусимадан (Жапония) басқа да дамыған Канада, Ұлыбритания, АҚШ, Испания, Франция және Германия сияқты мемлекеттерінде апаттық жағдайлар болған. АЭС апаттарының салдарлары басқа техногенді апаттарға қарағанда әлдеқайда жоғары және көптеген жылдар бойы сақталып, қоршаған ортаны радиациямен ластап отырады.

- Жаһандық жылынуға климаттың, экологияның әсері бар ма? АЭС-тен шыққан радиоактивті қалдықтар қоршаған ортаға залалын тигізбей ме? Оларды қайта өңдесек бола ма?

- Әрине, адамдардың қоршаған ортаға, климатқа техногенді әсері өте көп. Оның басты себепшісі - энергетика саласы.

Атом электр станциялары жердегі климаттың өзгеруіне елеулі үлес қосатын көмірқышқыл газы сияқты парникті газдар шығарындыларының тәуелсіз көзі болып табылмайды.  Дегенмен, атом энергиясын өндіру климатқа әсер ететін жылу және басқа да газдарды шығаруы мүмкін.

Сонымен қатар, уран өндіру және атом электр станциясының құрылысы атмосфераға парниктік газдардың шығарылуына ықпал ететін үлкен көлемдегі энергияны қажет етуі мүмкін.

АЭС жұмысы кезінде радиоактивті қалдықтар пайда болады. Оларды қауіпсіз әрі қолайлы қайта өндіру немесе жерлеу процессі әлі де толығымен табылмады. Сондықтан, радиоактивті қалдықтарды жою қосымша қиындықтар туғызады. Бұл қалдықтарды басқару кезінде қателіктер жіберілген болса, АЭС жарылысымен бірдей, ал кей кезде одан да мықты, апатқа алып келуі мүмкін.

- АЭС салынған жағдайда орналасқан аймағына экологиялық әсері болмай ма?

АЭС салынған аймақта кәдімгі газ тәріздес шығарындылардан басқа, атом электр станциялары мезгіл-мезгіл атмосфераға аздаған радионуклидтерді - реактордың және бастапқы контурдың коррозия өнімдерін, сондай-ақ уранның бөлінуінің фрагменттерін шығарады. Оларды кез келген атом электр станциясының айналасында бірнеше ондаған шақырымнан байқауға болады.

Сонымен қатар АЭС өзінің жұмысы кезінде судың көп мөлшерде падалануды талап етеді. Сондықтан оны көбіне су көздеріне жақын орналастырады. Ал ол болса, апаттық жағдай кезінде судың радиациалық ластануына әкеледі.

Қазірге таңдалып отырған жер, онсыз да экологиялық апатты жоғары, су тапшылығына ұшырап жатқан Балхаш көлнің жағалауы. Егер ол жерге АЭС салынған жағдайда қасымша ықпалын тигізуі өте ықтимал.

Қазақстанда жақын арада электр және жылу желілерін модернизациалау қажет. Сонымен бірге, АЭС-ке және жылу электр станцияларына ғана қарап қалмай, басқа да альтернативті энергия көздерін дамытқан жөн.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер