«Ауыл» — сөздің емес, нақты істің партиясы

1580
Adyrna.kz Telegram

«Ауыл» партиясы қоғамдағы саяси күшке айналуды және ауылдарды көркейтуді көздейді. Бұл туралы бүгін «Хабар» телеарнасында өткен пікірсайыста партия төрағасының орынбасары Жигули Дайрабаев мәлімдеді. 

«Ауыл партиясы барлық аудан мен қалада тұрақты жұмыс істеп жатыр. Атап айтқанда, 20 өңірде филиалдарымыз, 1200-ден астам бастауыш партия ұйымдарымыз бар. Республика бойынша мүшелеріміз 300 мыңнан астам. 237 партиялық әріптесіміз барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары атанып, тағы 35 партия мүшесі ауыл әкімдері болып сайланды. Бұл халықтың сенімін көрсетеді. Сайлаудағы нәтижеміздің одан да жоғары болатынына сенімдіміз. Партияның позициясы айқын, ол – қоғамдағы саяси күшке айналу. Парламент Мәжілісіне өтіп, елімізде іс жүзінде орныққан бір партиялық жүйені өзгерту. «Ауыл» партиясының негізгі курсы – азық-түлік қауіпсіздігіне және дамыған ауылдық аймақтарға негізделген, халқының әл-ауқаты жоғары қуатты Қазақстан құру. «Ауыл» партиясы – сөздің партиясы емес, нақты істің партиясы», – деді ол.

Сондай-ақ пікірсайыс барысында Жигули Дайрабаев ауыл шаруашылығымен айналысқысы келетін азаматтар жерсіз қалмауы керек екенін баса айтты.

«Жер мәселесі, ауыл шаруашылығы мәселесі әлі күнге дейін күн тәртібінен түскен жоқ. Қазір ауылдық жерде жайылым мәселесі ушығып тұр, жер жетпейді. Қарапайым су тапшы. Кезінде ауыл төңірегіндегі жерді иеленіп алған азаматтар бар. Ауыл мәселесіне, жер мәселесіне барлығыңыз атсалыссаңыздар, оны тәртіпке келтіруге болады. Ауыл шаруашылығымен айналысамын дейтін азаматтар жерсіз қалмауы керек. Мал бағамын, егін егемін десе, оларға мүмкіншілік жасау керек», – деді кандидат.

Жигули Дайрабаев теледебатта «Ауыл» партиясы сайлауалды бағдарламасы аясында Қазақстанды әлеуметтік-экономикалық жағынан қалай дамытатыны туралы айтты.

«Азық-түлік – мемлекет қауіпсіздігінің басты міндеті. Ауыл шаруашылығы тәуелсіздіктің алғашқы жылдары елдің жалпы ішкі өнімінің 30%-ын құрайтын, қазір осы көрсеткіш 5 пайыздан аспайды. Еліміз азық-түлік импортына тәуелді. Мысалы, 2022 жылы сырттан 600 мың тонна сүт, 170 мың тонна ет өнімдері әкелінген. Ал құс етінің 36%-ы импорттаймыз. Бұл аграрлық әлеуеті бар ел үшін ұят. Біз шетелден азық-түлік алып, қаншама қаражаттан қағылып отырмыз. Сол себептен оның бағасы күн санап қымбаттап, халықтың наразылығын тудыруда. Біз қолымыздан келетінді жасай алмай отырмыз. Халқымыз банк жүйесінен де зардап шегуде. Себебі пайыздық үстемақысы өте жоғары. Бұл – ашық тонау. Халық қарызға әбден батқан. Мұғалімдер бала оқытудан, дәрігерлер адам емдеуден қалып барады. Барлық жерде қағазбастылық. Жоғарыдан түскен стандарттар, протоколдар оларды соған мәжбүрлеуде. Біз денсаулықты нарыққа айналдырып жібердік. Басты байлығымыз – адам деген құр сөзге айналды. Жалпы, әлеуметтік салада мәселе өте көп. Ел құрғақ уәдеге тойды», – деп төраға орынбасары өзекті мәселелерге тоқталды.

Жигули Дайрабаевтың айтуынша, «Ауыл» партиясы Мәжіліске барғанда қандай шешімдерді ұсынатынын атап өтті.

«Біріншіден, азық-түлік туралы заңды» халықпен ақылдасып қабылдау керек. Екіншіден, ауылдың инфрақұрылымын қалпына келтіреміз. Үшіншіден, 100% мемлекеттік капиталмен Агробанк құрамыз. Төртіншіден, ауыл шаруашылық техникасын жаңалап, азаматтарды жұмыспен қамту мақсатында отандық техникаға басымдық береміз», – деді кандидат.

Сонымен қатар пікірсайыстың екінші кезеңінде Қазақстан фермерлер қауымдастығының басқарма төрағасы Жигули Дайрабаев ауылдың әлеуетін көтеру үшін адами факторларды бірінші орынға қою керек екенін атап өтті.

«Соңғы жылдары 1450 ауыл картадан жойылып кетті. Әрбір ауылдың жағдайын көтеру үшін, санына қарамай, адами факторды бірінші кезекке қойып, қызмет етуіміз керек. «Ауыл» партиясының сайлауалды жоспары орындалса, ауыл көркейеді. Франклин Рузвельттің бір сөзін айтайын: «Егер фермер бүгін өлсе, ертең бәріміз де өлеміз». Мемлекетті қалпына келтіру үшін ауыл шаруашылығын, ауыл инфрақұрылымын қалпына келтіру керек. Сонда ғана біз гүлденген мемлекет боламыз», – деп ол.

Дебат барысында Жигули Дайрабаев сайлаушыларға үндеу тастап, 19 наурызда «Ауыл» партиясын қолдауға шақырды.

«Ауыл» партиясы Мәжіліске келгенде еш кейінге шегерместен, мұнай-газбен қатар ауыл шаруашылығын да негізгі сектор ретінде айқындаймыз. Сол кезде баға арзандайды, азық-түлік қолжетімді болады, халқымыз тоқ жүреді. Ең бастысы, Астана, республикалық маңызы бар қалалар ғана емес, өңірлер мен ауылдық аймақтар да дамиды. Естеріңізде болсын, ауылда құрылған бір жұмыс орны – қаладағы сегіз адамға азық. Сондықтан бұл мәселені шешу – мемлекетіміз үшін стратегиялық маңызды. Осылайша, біз бақуатты ауыл, дамыған қала мен қуатты мемлекет қалыптастыру жолында жұмыс істейміз. 19 наурыз күні баршаңыз сайлауға келіп, бізге дауыс беріңіздер! Алға, Қазақстан! Алға, «Ауыл» партиясы!», – деп қорытындылады сөзін кандидат.


Тапсырыс беруші: «Ауыл» ХДПП;

«Ауыл» ХДПП сайлау қоры қаражаты есебінен төленді

Пікірлер