Қазақстанның әскери күші қауіп-қатерлерге дайын емес – Бейбіт Тұрабаев

2711
Adyrna.kz Telegram

Бейбіт Тұрабаев Алматы қаласындағы №3 сайлау округынан мәжіліс депутаттығына үміткер ретінде бақ сынап жатыр. Жас кандидат өзінің сайлауалды бағдарламасы 5 бөлімнен тұратынын айтады.

«Мен өзімнің сайлауалды бағдарламамда бес бағытқа басымдық беріп отырмын. Бірінші, биліктің барлық адамды естуге көндіру. 2019 жылдың 1 қыркүйек күні президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық үніне құлақ асатын Үкімет» тұжырымдамасын жариялады. Осыдан кейін үш жылдан астам уақыт өтті. Бірақ бұл идея толыққанды жүзеге аспады. Мысалы павлодарлық қоғам белсендісі Юрий Павленко өткен жылдың жазында әлеуметтік желіде Екібастұз ЖЭС апаттық жағжайда тұрғанын айтып, президентке үндеу тастады. Мұның нәтижесі қандай болды. Билік естіді ме? Жоқ. Қыста ЖЭС апат болып, адамдар жылусыз қалды. Мен Парламентке өткен жағдайда депутаттық мандатымның мүмкіндіктерін пайдаланып, осы биліктің халықты шынайы естуіне және көруіне бар күшімді аямай саламын.

Екінші менің мақсатым еліміздің Қарулы күштерін реформалау. Қазақстанның әскери күші потенциялды қауіп-қатерлерге дайын емес. Мұның себебі неде? Ең бірінші себеп әлсіз қаржыландыру деп білемін. Тіпті біздің әскери күшіміз көршілес Беларусия, Қырғызстан елінің әскери жағдайынан төмен. «Өз әскерін бақпаған халық, өзгенің әскерін бағады» деген қанатты сөзді ұмытпауымыз керек.

Екіншіден, моральдік және техникалық тұрғыдан ескірген қару-жарақ және импортқа тәуелділік. Қару-жарағымыздың едәуір бөлігі Кеңес одағынан бізге мұраға қалған. Одан бөлек Қазақстан әскерінің 95 пайыздан астамы импортқа тәуелді және Ресей іс жүзінде жалғыз жабдықтаушы болып саналады. Мұның қаншалықты қауіпті екенін түсіндірудің қажеті оқ шығар.

Үшінші әскердегі тәртіп мәселесіне назар аудару керек. Соңғы 10 жылда әскерде жарғылық қағидаларға қатысты 700-ге жуық қылмыстық іс тіркелген. Өздеріңізде жақсы білесіздер, әскерге барған жас мүгедек болып, тіпті қайтыс болып кетіп жатыр. Мұның себебі неде? Қорғаныс минитсрлігі осындай фактілерді ашып айтып, таза зерттеп, жауапты тұлғаларды қатаң тәртіпке тарту керек.

Үшінші мақсатым мемлекеттік тілді дамытуға көңіл бөлемін. Отыз жылдың ішінде біз мемлекеттік тілдің функционалдығына қол жетізе алмадық. Оны ашық мойындау керек. Қоғамдық қызметтің барлық салаларында халықтың барлық топтарына арасында қазақ тілін дамыту және дәріптеу ауқымды жұмыстарын жүргізу керек. Мен кандидат ретінде қазақ тіліндегі оқу материалдарының сапасын арттыру және қаражаттың жұмсалуын қатаң қадағалауды ұсынамын. Екінші мемлекеттік субсидиялайтын қазақ тілін оқыту орталықтарын әр өңірде ашу. Үшінші қазақ авторларының шығармаларын қолжетімді етіп, әлемдік әдебиеттің үздік туындыларын қазақ тілінде аударуға мән беру керек. Бұдан бөлек қазақ тілінде контент жасап отырған азаматтарды қолдау шараларын жүргізу керек.

Төртінші мақсатым БАҚ сөз бостандығын қамтамасыз ету. Бұл өте маңызды деп білемін.

Сайлауалды бағдарламның бесінші бағыты тәуелсіз жастарды қолдау. Жарнама туралы заңға өзгеріс енгізіп, құмар ойындарға тыйым салу керек», – дейді ол.

Кандидат сөз соңында өзі сайлауға түсіп жатқан Алматы қаласының Алатау және Мұхтар Әуезов аудандарының халқын сайлауға келіп, өзіне дауыс беруге шақырды. Сондай-ақ ол халықтың сайлауда белсенді болуы өте маңызды екенін ескертті.

Материал сайлау қорынан төленді

Пікірлер