Болат Назарбаев мемлекетке Алматы ауыр машина жасау зауытының 31,9 пайыз акциясын қайтаруға міндеттелді

2121
Adyrna.kz Telegram
Фото: saliqaly.kz
Фото: saliqaly.kz

Нұрсұлтан Назарбаевтың інісі Болат Назарбаев мемлекетке Алматыдағы ауыр машина жасау зауытының акцияларын қайтаруы тиіс. Жоғарғы Соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасы осындай шешім қабылдады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Жоғарғы Соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті Болат Назарбаев пен "РLS-ТМ" ЖШС-нің "Алматы ауыр машина жасау зауыты" АҚ бағалы қағаздарды сатып алу-сату шартының бір бөлігін жарамсыз деп тану туралы талабы бойынша азаматтық істі қарады. Бұл мәселе бұған дейін де әртүрлі сатыдағы соттарда бірнеше рет қаралған. 

Іс материалдары бойынша мемлекеттік мүлік Департаменті 1998 жылғы ақпанда "АЗТМ" АҚ жарғылық қорының 31,9 пайыз мөлшерінде мемлекеттік акциялар пакетін тендер жеңімпазы – "Темір қон" ЖШС-ға 105,3 миллион теңгеге сатты. Сатып алу-сату шарты зауыт қызметінің бейінін сақтау, өндіріс көлемін ұлғайту туралы талаптарды, сондай-ақ олардың орындалуын бақылау комитетінің құқығын көздеді. 2007 жылғы сәуірде "Темір қон" ЖШС Болат Назарбаевқа АЗТМ жарғылық капиталының 86,78 пайыз акциясын сатқан. Оның 31,9 пайызы мемлекеттік пакет болды. Тағы екі жылдан кейін Мемлекеттік мүлік комитеті, "Темір қон" ЖШС және Болат Назарбаев 1998 жылы жасалған шарт бойынша тұлғаларды міндеттемелеріне ауыстыру туралы келісім жасасты. Құжат егер Болат Назарбаев талаптарды орындамаса, ол мемлекеттік акциялар пакетін Комитетке қайтаруға міндетті екенін көздеді.

Бірақ ол шарт жасасқан күннің артынша  "PLS-ТМ" ЖШС акцияларын өзгеге сатқан. Әрі құжатта ешқандай міндеттеме көрсетілмейді. Осылайша бұл іс қайта қаралып, нақты шешім шығарылды. 

"Болат Назарбаев пен "PLS-ТМ"ЖШС арасында жарғылық қордың 31,9 пайызын құрайтын "Алматы ауыр машина жасау зауыты" АҚ-ның жай атаулы акцияларын сату бөлігінде жасалған 2009 жылғы 2 сәуірдегі бағалы қағаздарды сатып алу-сату шарты жарамсыз деп танылсын. Болат Назарбаевқа "АЗТМ" АҚ – ның жай атаулы акцияларын зауыттың жарғылық капиталының 31,9 пайызы мөлшерінде мемлекет меншігіне қайтаруға міндеттелсін", - делінген қаулыда.

Пікірлер