Сыр жастары сайлауда белсенді болуға үндейді

1458
Adyrna.kz Telegram

19 наурыз күні еліміз үшін аса маңызды саяси науқан – Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттары депутаттарының кезектен тыс сайлауы өтпек. Бұл күнгі саяси процесс ел азаматтары үшін демократияның көрінісі ғана емес, үміт пен сенімге, жақсылық пен жасампаздыққа жетелейтін кезең. Бұл күн, әсіресе, жастарға, жауапкершілік артып, белсенді болуға, мемлекеттік мүдде жолында қызмет етуге үндейтіні анық.

Осы ретте, Сыр жастары «#МенСайлауғаБарамын» хэштегімен әлеуметтік желілерде жастарды саяси науқанға белсенді болуға шақыру акциясын өткізуде. Жастар акциясына қала және аудан жастары қатар үн қосып, сайлауға баратынын әрі мемлекеттің жаңа кезеңге, жарқын болашаққа бастар сәті үшін тікелей мүдделестік танытатынын айтып, жазба қалдыруда.

Осындай жастардың арасында Сыр өңіріне белгілі жас ақын Айдар Сайлауов та бар. Айдар барша жасты дауыс беруге бірауыздан қатысып, ел үшін маңызды шешімді бірге қабылдауға шақырды.

- Жаңашылдыққа бет алған елімізде кез келген саяси науқанға жастар салғырт қарамаса деймін. Наурыз айын – барша жақсылықтың, ынтымақтың, береке мен бірліктің бастауы ретінде қабылдаймыз. 19 наурызда өтетін сайлау да осы дүниеге негізделсе керек. Сондықтан барша замандастарымды, жастарды, достарымды сайлауға шақырамын, дауыс беріңіздер, өз позицияңызды қорғаңыздар, - дейді жас ақын.

Сыр жастары сайлауалды белсенділік танытып қана қоймай, маңызды күнді мейлінше жоғары деңгейде өткізуге атсалысуға дайын. Облыстық «Жастар ресурстық орталығы» жанынан құрылған «Ақиқат» дебат клубының жетекшісі, белсенді жас Айжан Орынбасар да студент-жастарды өз таңдауын жасауға шақыруда.

- Сіз бұл күнде, бұл сәтте дауыс берумен шектелмейсіз, Сіз болашағыңызға батыл қадам жасайсыз. Қандай мемлекетте өмір сүргіңіз келеді, қалай өмір сүргіңіз келеді, болашақты, ұлттың тағдырын қалай елететесіз, соған қарай әрекет қылыңыз. Дауыс беру ғана емес, сізден ұлттың ары қарайғы дамуы мен даңғыл жолын айғақтайтын маңызды шешім қабылдауды күтеді. Еліміздің әрбір жас буыны өзіне артылған осы бір жауапкершілікті адал арқаласа, бәрі жақсы болмақ, - дейді жас пікірсайысшы.

Осылайша қоғамның қозғаушы күші жас буын қатарластарын берілген мүмкіндікті ұтымды пайдаланып, ел тағдырына үн қосуға шақырады.

"Адырна" ұлттық порталы 

Пікірлер