"Ұлытау өңірінің түйіткілді мәселелерін шешу басты міндетім" - үміткер Қазыбек Майгельдинов

2613
Adyrna.kz Telegram

Жергілікті халықпен күн сайынғы кездесуде нақты бағдарламасын ұсынып, әр мәселеге қатысты ұстанымы мен өзіндік шешімін ашық айтып жүрген кандидат Қазыбек Майгельдиновтің оймақтай ойлары сайлаушы қауымға ой салмай қоймайды. Ол -  Ұлытау облысынан Мәжіліс депутаттығына үміткер азамат. 

Халықпен тікелей байланысып, елге қызмет ету жолында өз ұстанымын тың әдістермен танытқан үміткер бүгіннің өзінде Ұлытау облысы бойынша 3 қала, 2 аудан, 9 ауылдың тұрғындарымен жүздесіп үлгерді. 2500 мың шақырым жол жүріп, ел ішін етене аралады, халықтың шағым-талабын тыңдады.

Кандидат ел аралап, халықпен кездесу барысында бірқатар қордаланып қалған мәселелерге назар аударады. Әсіресе, өскелең ұрпақтың алаңсыз білім алуы үшін ерекше жағдай жасалуы қажет екендігін алға тартады. Мәселен, үміткер өзінің кезекті жазбасында:

- Алғашқы кездесу №9 орта мектебінің ұжымымен өтті. Бекболатсай (бұрынғы Рыбачий) шағын ауданында орналасқан мектепте интернет та бар. Бұл жерге қала маңындағы мектебі жоқ Қорғанбай сияқты ауылдардың балалары да келіп оқиды.
Бірнеше мектептен көргенім, материалдық-техникалық жабдықтауы сол 23 жыл бітірген кездегі күйде. Косметикалық жөндеу ғана жүргізілген.
Мұғалімдер тарапынан экологиялық төлемдер туралы, әлеуметтік қамсыздандыру, қала инфрақұрылымын жақсарту хақында сұрақтар қойылды, - деп, білім саласы мен экологиялық мәдениеттің қоғамдық маңызына қатысты терең ой тастайды.

Негізінен алғанда, Қазыбек Майгельдинов партиялық тізіммен емес, жеке бір мандатты округ арқылы мажоритарлық жүйемен депутаттық сайлауға түсуге шешім қабылдаған үміткер. Мамандығы - тарихшы. Сонымен қатар,  археология, заң, саясаттану ғылымын меңгерген. Соңғы 10 жыл бойы саясаттанушы, қоғам белсендісі ретінде белсенді түрде қызмет етіп келеді. Оның айқын дәлелі - “Қазақстандық қоғамдық даму институты” басшысы ретінде еліміздегі қоғамдық кеңестер жұмысы бойынша Ұлттық баяндама дайындауы, еліміздегі саяси реформаларды жүзеге асыру бойынша арнайы әдіснамалар, сараптамалық баяндамаларды жазуға қатысуы (қазіргі практикалық түріндегі қоғамдық-саяси өзгерістердің тұжырымдамалары).

- Менің ұстанымым - қандай да іс жасалмасын, басты мүдде еліміздің дамуы, халқымыздың жоғары әл-ауқаты. 2022 жылға дейін биліктегі монополия, экономикадағы олигополия кері әсерін беріп, “қаралы қаңтарға” душар болдық. Осы күнге дейін жалаң ұран тастаған емеспін. Ақты ақ, қараны қара деумен келдім. Иә, рас, қай алаңда болсын объективті мәселелер де көтердім, еститін құлақ болса әрине.
Тоқ етері, халық қалаулысы яки депутат Мәжіліс мінберінен халықты мазалап отырған түйіткілді мәселені көтермесе, халықтың жанына батып отырған қисық әрекеттер мен істерге биліктің назарын аудартпаса, депутаттық сауал қойып сол мәселелерді шешуге атсалыспаса, “жабулы қазанды жабулы” қалдырып, бар “ауруын жасырып” үнсіз, керең болып креслода отырса - одан не пайда?! - дейді үміткер өз мақсаты жайында.
Мұнымен қоса, Ұлытау өңірінің тумасын аймақтың экономикалық жағдайы, күрмеуі көп экологиясы, тұрғындардың әл-ауқаты алаңдатады. Осы бағытта бірқатар бастамаларды қолға алу қажет деп айтады:
- Сайлауға түсіп, депутат болудың басты мақсаты мен міндеті де мен үшін жерлестерімнің өмір сапасын жақсартуға барынша үлес қосу. Өмір сүруге қолайлығы жағынан Жезқазған, Сәтпаев қалалары ең соңғы сатыда. Оған себеп - соңғы 26 жылда қазіргі Ұлытау облысы қалалары мен елді-мекендерін дамыту бойынша қандай да бір нақты қадамдар жасалмады...
Алдағы уақытта Ұлытау облысы тұрғындарының көтерген мәселелеріне баса назар аудартып, республика деңгейіндегі барлық БАҚ пен алаңдарда облыс әлеуетән көтеруге күш салмақпын - дейді Қазыбек Майгельдинов.

Кандидат әлеуметтік желі парақшасында да әрбір елді-мекеннің мәселесіне жіті тоқталып, нақты баға беріп отырады. Мысалы, Қаражал өңірінің еңбеккерлері мен тұрғындарының мәселесін былайша талдаған:

- Қаражал тұрғындарын қатты алаңдататын бірнеше бағыты бар.
Біріншіден, суармалы су соңғы үш жыл басты проблема. Қылыш суқоймасын жапқалы, жыл сайын жаз айында суармалы су тоқтап қалады.
Екіншіден, қалада бір ғана жанар-жағармай станциясы жеке меншік, жанармай сапасы өте төмен. Бұл дегеніңіз көлік сынып, шығынға түседі жергілікті тұрғындар.
Үшіншіден, жастардың айтуынша жас отбасыларда кішкентай балалар көп, алайда балабақша мүлдем жетіспейді. Бұл енді көп жерде бар проблема, алайда жастар осында моно кішкентай қалада тұрам деп тұрғанда, барлық жағдай жасалу керек.
Жалпы халық жаңа Байтақ партиясынан үлкен үміт күтеді. Үміт бар, өзгеріс күтуде. Бағдарламамды қолдап, дауыс береміз, тек бізді ұмытпаңыз деп қалды. Өте жарқын, өте бауырмал қаражалдықтарды қимай қоштастым.
Cонымен қатар, халықтың уәжін тыңдап, оны батыл көтеруді мақсат еткен азамат индустриалды өңірдегі өндіріс проблемаларын, аймақтың экономикалық тиімсіз саясатын ашық сынайды. Оны шешу бағытында нақты қадамдарға баратынын жеткізіп, елге қызмет етуді парыз ретінде ұғынатынын ашық білдіреді.
- Қараша халық өзгерісті қалайды, аз да болса ел үмітін арқалап, осындай маңызды ауыл мәселелерін кең насихаттап, көңәіл аударту басты парыз. ”Ауруын жасырған аңдамай өледі” демекші, алдағы уақытта Ұлытау өңірінің осындай түйіткілді мәселелерін шешу басты міндет болмақ, - дейді кандидат.
Халыққа үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу барысында Қазыбек Майгельдинов тарапынан бүгінгі таңда 7000 насихат парақшалары таратылған. Ақпараттандыру бағыты бойынша 1 подкаст, 60 бейнеролик жарық көрген. Ол қазірдің өзінде елу мыңнан астамға сайлауалды ақпарат жеткізіп, саяси науқанға белсенді түрде араласып отыр.
Қазбек Майгельдиновтың сайлау қорынан төленді.
Тапсырыс беруші М. Ермағанбетұлы
"Адырна" ұлттық порталы
Пікірлер