Қасымов өсті ме? Өшті ме?

2500
Adyrna.kz Telegram

«Тағы шықса, тағы атамын» деген Қасымов Президенттің ақылшысы болып жарыта ма?

Осы аптадағы жұрттың ең қызу талқылаған тақырыбы – генерал Қасымовтың қызмет ауыстыруы болды. Бүгін сол туралы аз-кем сөз етпекпіз.

Ақорданың ресми сайты Қалмұхамбет Қасымовтың Ішкі істер министрі қызметінен босатылғанын, жәй ғана босатылмай, Президенттің кеңесшісі қызметіне тағайындалғанын сүйіншілеп хабарлады.

Сөйтіп, Қасымов отставкаға кетті. Егер бұл ауыс-түйісті отставка деп айтуға келсе, әрине. Оның орнына су жаңа министр Ерлан Тұрғымбаев келді. Ерекең, осыған дейін жаңағы Қасымовтың орынбасары болған.

Формальды түрде Қалмұхамбет Қасымов Президент сарбаздарының сапында қалды. Саяси қызметі ауысты демесеңіз, ойыннан біржола шығып қалған жоқ. Ол енді ҚР Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы, Президенттің ақылшысы, кеңесшісі болды.

Біз неге Қасымовтың қызметін формальды қызмет дедік? Жұрт ішінде пікір әралуан. Біреулер Қасымовтың қызметі жоғарылағанын айтса, енді біреулер керісінше, қызмет алып, қызметсіз қалды дейді. Бұл сөздің де жаны бар. Өйткені, бұрынғыдай Қасымовтың өз билігі өзінде болмайды. Ол енді өз страктурасында басшы емес, басшының тапсырмасын бұлжытпай орындайтын адам ғана. Иә, алқа-қотан жиындарға барып тұрады. Тіпті, той-томалақ, шәй-пәйларға да шақырту алатыны сөзсіз. Дегенмен, ол енді басшы емес. Анығында ол басшы болған да жоқ.

Дұрыс қой. Өзін Президенттің адал сарбазы санайтын Қасымовтың басшылық қызметке ауысуға интелектуалдық деңгейі жетпейтіні белгілі. Сондықтан, пәлен жыл Ақорданың адал иті бола білген генерал премьерлік креслодан дәмелі болмаса да керек. Пәлен жыл дедік қой. Қалмұхамбет Қасымов ҚР ІІМ креслосында тұп-тура сегіз жыл тапжылмай отырды.

Саясаткерлер Ақордадағы кадр тапшылығы туралы біраздан бері айтып жүр. Қалмұхамбет Қасымовтың бұл жолғы қызмет ауыстыруы да саяси рокировка болуы әбден мүмкін.  Не десек те, Қасымовтың қызметтен кетуі – халық наразылығынан емес, басшының атқарушы адамды ауыстырғысы келгендігінен екені сөзсіз. Бұған дейін де мұндай саяси ровировкалардың талай болған. Тек өкініштісі – біреуін алғанда, орнына жаңа ойыншы келсеші... Жоқ, ескі-құсқы кадрлар. Өйткені, жаңасы жоқ. Әлде жаңа кадрларға жол жабық.

Тіпті керек болса, Қасымовтың отставкасы – жұрт назарын аударудың амал-шарғысы болуы да әбден мүмкін. Президент бұл арқылы халықтың талабын ескеретінін көрсеткісі келсе керек. Себебі сайлау жақындап қалды. Саясаткерлер де сайлаудың биыл болатынын болжап айтады.

Ондай жағдайда жаңағы ақылман Қасымов Орталық сайлау комиссиясын басқаруы я болмаса сайлауды өткізу жұмыстарын ұйымдастыруы мүмкін де.

Жалпы күні кеше ғана қызмет ауыстырған  Қалмұхамбет Қасымов жұрт ішінде ең жағымсыз саясаткер ретінде танымал. Сондықтан да жұрт оның отставкаға кетуін жыл сайын талап етеді. Айтпақшы, сөзге шорқақ, журналистерден қашып жүретін, ол кезде  министр Қалекеңнің өзі де айтқан. «Президент кет десе кетемін» деген.

Халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуі тиіс министрлік пен министр өзінің негізгі миссиясын шатастырып алса керек. Сондықтан да оған жұрттың көңілі толмады. Ол министр болған жылдары елде қылмыс саны артты, қылмыспен күресуі тиіс ведомство қызметкерлерінің өзі «банда» құрды.

Қалмұханбет Нұрмұханбетұлы министр қызметіне тағайындала сала тұтас елге танымал болған адам.

Қалекең министрдің креслосына 2011 жылдың 12-сәуірі күні қонжиған. Содан бері міне, 8 жыл өтті. Қасымов қонжиған кресло содан бері өзгенің жамбасы тимеген, министрдің меншікті мекеніне айналған.

Қазақшаға қырын қарайтын Қасымовтың жұрт ішіндегі образы аса жағымды дей алмаймыз.Оған да өзі кінәлі.

2016 жылы Мәжілістің ең жас депутаты Геннадий Шиповскихпен арада болған тілдік тірес, дәл осы министрдің Мемлекеттік тілге жүрдім-бардым қарайтынын көрсеткен.Мемлекеттік тілде сауал қойған депутатқа, «мен орысша жауап берейін» деген Қасымов, бұл.

Әрине, министр Қасымовтың Мәжіліс депутаттары алдында талай өзекті сауалға тиянақты жауап беріп, өз саласында атқарылған жұмыстарынан хабардар еткені рас. Бірақ, осы бір кішкентай ғана көрініс оның қазақ шенділерінің ішінде өз туған тіліне деген құрметтен мақұрым жаратылған «мізбақпас министр» екенін танытып, бүкіл жұмысынан түңілдіріп жіберді.

2011 жыл. Қасымов министр креслосына қонжиған кез. Жаңаөзен оқиғасы болды. Қасымов Жаңаөзен қырғыны кезінде  өзінің шенді қызметі барысындағы ең әйгілі «Тағы шықса, тағы атамыз» деген «жұлдызды сөзін» айтты. Осыдан-ақ, Қасымовтың қоғамдық жазалау механизмінің ең сенімді тетігінің біріне айналған адам екенін байқаған едік.

Басқасын айтпағанда, 2016 жылғы жалпы Қазақстан бойынша Жер митингілері өтті. Түйіні Алматыда болды.

«Алаңға шыққан журналистерге ешкім тиіспейді. Олар өз жұмыстарын жасай береді» деп Астанадан сөйлеген осы Қасымов еді.

Ал Алматы жұрты Байбекті диалогқа шақырып барғанда, 40-тан астам журналист ұсталды.Бұл Қасымов өз қызметкерлеріне сөзін тыңдата алмайтын министр екенін сонда көрсетті.

Қалмұхамбет Қасымов кім?

Ол – саяси атқарушы биліктегі негізгі негативті тұлға. Ол – Қазақстан полициясының генерал-палковнигі. Қызметтік жолын 1979 жылы Алматы ІІД-де тергеушіліктен бастаған.

Үйленген. 3 баласы, 7 немересі бар. Толық жасы 61-де.

Кеудесі Орден-медальға толы адам. ҚР ІІМ Еңбек сіңірген қызметкері. «Даңқ» Орденінің 1,2 дәрежесін алған. Бұдан бөлек 22 медаль таққан. Ресей Федерациясының 2 медальімен марапатталған. Алған Алғыс хаттары да аз емес. Бір басына жетіп-артылады. Міне, Қалекең, сондай адам.

«Біз әскери адамбыз, президент қалай шешеді, соған бағынамыз. Бұйрық берілген жерде істейміз». Бұл сол Қасымовтың өз сөзі. Президент кет десе кетемін деді. Президент кет деді. Ол кетті.

Жұрт Қасымовты ІІМ креслосында ең ұзақ отырған министр деп таниды. Жалпы солай ма? Қазақстанның қауіпсіздігі кімдердің қолында болды? Кімдер министр болды? Көз жүгіртейікші.

Соңғы 27 жылда ҚР ІІМ-де 9 рет министр ауысқан.

Михаил Берсенев (1991-1993 жылдар аралығы) – 2 жыл;

Владимир Шумов (1993-1995 жылдар аралығы) – 2 жыл;

Болат Байекенов (1995 жыл) – 1 жыл;

Қайырбек Сүлейменов (1995-2003 жылдар аралығы) – 8 жыл;

Зауытбек Тұрысбеков (2003-2005 жылдар аралығы) – 2 жыл;

Бауыржан Мұхамеджанов (2005-2009 жылдар аралығы) – 4 жыл;

Серік Баймағамбетов (2009-2011 жылдар аралығы) – 2 жыл;

Қалмұхамбет Қасымов (2011-2019 жылдар аралығы) – 8 жыл;

Ерлан Тұрғымбеков – 2019 жылы тағайындалды.

Түйін.Көп созып, қойыртпақтау қылмайық. Сөздің түйіні - кешегі  болған саяси рокировка Қасымов карьерасының соңғы нүктесі болса керек-ті. Сөз түйінінде біз Қалмұхамбет Қасымовтың «Қылмыстарға мен жауап бермеймін» деген жұлдызды сөзімен нүкте қойғанды жөн көрдік. Басқа басқа емес, қылмыспен күресетін органды басқарған Қасымовтың қылмысқа жауап бере алмайтыны – оның қандай министр болғанын анықтап берсе керек.

Күні кеше ғана Президенттің кеңесшісі болған Қалмұхамбет Қасымовты Жаңаөзен қырғыны үшін халық ешқашан кешірмейтін анық!

«Адырна» Ұлттық порталы

 

 

Пікірлер