Ауғанстаннан 5 баласымен көшіп келген қазақ отбасы құлағалы тұрған үйді жалдап тұрып жатыр

1940
Adyrna.kz Telegram

Түркістанға Ауғанстаннан қоныс аударған этникалық қазақ азаматының  жұпыны тұрмыс, жайсыз орны көпшіліктің көңілін түсірді. Елге ат сабылтып жеткен қандастар не әріп танымайды, не санауды жөнді білмейді. Келіншек видеода өзінің үйге де келіңкіремейтін "кепеде (лашық)" тұрып жатқанын көрсетіп, ауыр тұрмысын баяндады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы. Бұл мәселе жайлы "KYN.KZ" сайты жазды.

Үй емес, қамыспен жабылған жұпыны кепе дерсің... Түркістанда Ауғанстаннан көшіп келген 37  жастағы Малика есімді бес баланың анасы жұпыны лашықта тұрып жатыр. Қандасымыз үй кезегіне тұрған, дегенмен кезек еш жылжымаған көрінеді.

«Менің бес балам бар. Құдайға шүкір, балаларым әріп таниды, оқиды. Қайын атамның ағайындары осы Қазақстанда еді. Солар бастап, Ауғанстанда жағдай қиындай бастаған кезде бізді көшіріп  әкеп, елге қосты. Өзімнің ата- анам, төрт бауырым Ауғанстанда қалды.

Олар тіпті қазақ тілін ұмытып қалған. Бауырларым қазақпен емес, ауғандарға тұрмысқа шығып, сол елдің қыздарымен отау құрды. Телефонмен сөйлесіп тұрамын. Қазір жағдайлары өте қиын. Қайтемін көшіріп алып келе алмаймын. Жұмыс табу қиын. Олардың жұмысы пакет сатады, кірпіш құяды, арба сүйрейді сондай қара жұмыстар істейді.

Бір күні нанға ақша тапса, бір күні ештеңе жоқ оларда. Бауырларым Тәліптер басқарғалы зорлық-зомбылық көбейгенін айтады. Енді оны көзіммен көрмегеннен кейін ештеңе айта алмаймын. Мен Ауғанстанда тұрғанда басқа тау бөктерінде сол Тәліптермен соғыс жүріп жатты. Нақты біз тұратын аймақта соғыс, атыс болған жоқ»,- дейді әйел.

"KYN.KZ"сайтының жазуынша, Малика Қазақстанға көшіп келісімен ешкімнен ешқандай ақшалай көмек алмаған. Өйткені бұл отбасыны ағайын- туыс атсалысып жүріп елге алдырыпты. Малика да оның күйеуі Сайдханан да оқымаған. Қаза тілінің әріптерін де санын да танымайды. Бар өтініштері, үй кезегі ертерек келсе дейді.

«Біз үйдің кезегіне тұрғанбыз, келген жылы. Өзіміз сауатсыз болғандықтан түсінебермейміз. Сұрасақ кезектерің келмеді дейді. Мынау құлағалы тұрған үйге айына 50 мың теңге береміз. Күйеуім күнделікті жалданып қара жұмыс істейді. Оның барлығы осы үйдің ақысы, балалардың киімі мен тамағынан артылмайды»,-  дейді әйел.

Маликаның қазіргі тұрмыс жағдайы - жұпыны. Атажұртым деп елеңдеп елге жеткен қандас өз  мәселесіне атқамінерлердің назар аударып, маңыз беретініне сенімді.

"Адырна" ұлттық порталы

 

 

Пікірлер