«Адырна» ұлттық порталы «Сайлау — 2023» айдары бойынша Парламент мәжілісіне және жергілікті мәслихаттарға депутаттыққа үміткерлермен сұхбаттар жүргізуде. Бүгін Алматы облысы Жамбыл ауданы Қастек аулында дүниеге келген, «Alash Pride» Қоғамдық қорының негізін қалаушы Қасқарауов Данияр Алдабергенұлымен шағын сұхбат құрған едік.
– Данияр мырза, сіздің Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттығына кандидат ретіндетіркелгеніңізді білеміз. Не себепті депутат болуға шешім қабылдадыңыз?
— Мен еліміздің дамуына үлес қосқым келеді. Өзімнің заң саласынан хабарым бар, мамандығым осы. «Күш әділеттілікте» деп білемін. Осы өмірлік ұстанымды сайлауалды бағдарламамның басты тақырыбына айналдырып, ту еттім. Себебі әділеттілік бар жерде татулық пен тұрақтылық, даму мен өркендеу, баянды болашақ бар.
Дәл қазір жас отбасыларға, ауылға, әлеуметтік салаға деген көзқарас пен оған бөлінетін қаржы көлемі мен қолдау әділетті емес. Сондықтан мен Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттығына кандидат ретінде төмендегі мәселелерді көтеріп, №12 округі бойынша жеңіске жетсем, мемлекеттік деңгейде келесі мәселелердің шешілуі үшін бар күшімді жұмсаймын. Жас жанұяға жайлы жағдай жасау ең бірінші мақсатым. Себебі жанұя – қоғамның негізі. Өкінішке орай, жас жанұяларға деген қолдау мен көмек көңіл толтыра қоймайды. Осыған байланысты жастардың арасында отбасы құрған алғашқы жылы ажырасу фактілері жиі орын алуда. Менің ойымша, жастар шаңырақ құрған соң оларға алғашқы отбасылық капитал ретінде арнайы төлемдер жасалуы қажет. Сонымен қатар жас жанұяларға үй алу үшін «0-5-20» тәртібі бойынша жеңілдетілген несие берілу керек.
Жаңадан отбасын құрған жастарға өз кәсібін ашу немесе дамыту үшін жылдық мөлшерлемесі 2-3% көлемінде жеңілдетілген несие берген дұрыс деп есептеймін.
Ел тілегін орындап, ауылды гүлдендіруді де басты мақсаттарымның бірі деп санаймын. Себебі ауылдың дамуы – ел дамуының маңызды факторы. Алматы облысы халқының 85%-ға жуығы ауылды жерлерде тұрады. Сондықтан ауылшаруашылығын дамыту күн тәртібіндегі өзекті мәселелердің бірі. Бүгінгі таңда өңіріміздің ауыл шаруашылығы саласында жайылым жер тапшылығы (шамамен 1,4 млн. га), сумен қамтамасыз ету нысандарының тозуы (60-70%), арзан және ұзақ мерзімді несиелендіру жүйесінің қарқынды дамымауы (жылдық мөлшерлемесі 4-5% деңгейінде, 10-15 жылға), ескі техника үлесінің көп болуы сынды қордаланған мәселе бар. Бұларды шешу елімізде, әсіресе Алматы облысында ауылшаруашылығының өркендеуіне себеп болары анық. Сонымен қатар алдағы жылдары облысымызда бірқатар жобалардың жүзеге асырылуына өз үлесімді қосамын. Атап айтқанда:
– Өзіңізді оқырмандарға қысқаша таныстырып жіберсеңіз. Еңбек жолыңызды да біле отырсақ, артық етпейді.
— Мен 1976 жылы 2 ақпанда Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Қастек аулында дүниеге келдім. 2011 жылы «Alash Pride» Қоғамдық қорының негізін қаладым. Соңғы 12 жыл ішінде Қазақстан Республикасында халықаралық деңгейдегі 80 астам турнир ұйымдастырып, әлемдік деңгейдегі 100-ден астам чемпионды тәрбиелеп шығардым.
2012 – 2015 жж. «Қазақстан инженерлік-педагогикалық Халықтар Достығы университетінде», 2022 – қазіргі уақытқа дейін «Қазақтың Спорт және Туризм академиясында» білім алдым. 2022 жылдан бастап «Ер-Намысы» республикалық қоғамдық бірлестігінің президенті қызметін атқарып келемін. 2015 – 2020 жж. логистикалық және көлік қызметтерін ұсынатын «D&B Trans» ЖШС құрылтайшысы болдым. Сонымен қатар 2006 – 2015 жж. «Хайтян Карго» ЖШС Логистикалық қызметтің, ал, 1999 – 2006 жж. СП «Мойынкул» Күзет қызметінің бастығы болып қызмет еттім.
Осы жинақтаған тәжірибеммен, біліммен ел игілігіне қызмет етуді, халыққа пайдамды тигізуді жөн көрдім.Сайлауға түсуге маңызды шешім қабылдағаным да сондықтан. Жоғарыда баяндаған мақсат-жоспарларымның барлығы да ел арасындағы мәселелерден туындады. Олардың шешімін табу үшін сайлауға түсуге бел будым.
Жаңа әрі Әділетті Қазақстан “Елім деп егіліп, жұртым деп жұмылып” қызмет етуге асық ер азаматтардың талпынысынан басталады. Мақсат та, жауапкершілік те көп. Қолға алған ісімді соңына дейін апарып, халықтың қамы үшін еңбек етіп, қызмет қылуды мұрат тұтып отырмын.
Әр салада әділеттілік орнатуға бар күш-жігерімді саламын. Бұл менің азаматтық ұстанымым. Себебі әділетті қоғам – қуатты қоғам, жасампаз қоғам!

- мақсатқа сай пайдаланылмайтын жерлерді қайтару, айналымға қосымша 4,5 мың га жаңа жер енгізу және 26,5 мың. га суармалы жерді қалпына келтіру;
- ауыл шаруашылығы өнімдерін (ет, сүт, балық, құс еті, жұмыртқа) өндіру және өңдеу жөніндегі жобалар(Балқаш ауданында — 3, Жамбыл ауданында – 2, Іле ауданында – 2, Қарасай ауданында-5);
- суғару жүйелерін жөндеу (Іле ауданының «Свинсовхозный», «Самбет» арналары, » Самсин а/о «Бурған қазыналық» және «Кемер бастоған» арналары, «Кемер»каналы Жамбыл ауданының Ұзынағаш, Жамбыл а/о, Жамбыл ауданының «Унгиртас», «Киров» өзендеріндегі 11 суару жүйесі);
- фермерлерге лизингке ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға қолдау көрсету;
- жоғары сапалы тұқым және минералды тыңайтқыштарды сатып алуды субсидиялау;
- өзімізде өсетін өнімдерді импорттау деңгейін азайтудықолға алмақпын.
- үш ауысымды мектептер санын азайту;
- мемлекеттік бюджет есебінен және жеке инвесторларды тарта отырып, жаңа балабақшалар ашу;
- жыл сайын тозған білім беру нысандарын күрделі жөндеуден өткізіп отыру;
- мектептердегі заманауи оқу кабинеттерінің санын көбейту (әр жылда орта есеппен 100 кабинеттей);
- тұрмыстық жағдайы қиын отбасылардан шыққан балаларды мектепке дейінгі ұйымдарда тегін тамақтануын ұйымдастыру;
- колледждердің оқушылары үшін жатақханалар санын арттыру.
- Іле ауданының Боралдай ауылында, Қарасай ауданының Қаскелең қаласында, денсаулық сақтау нысанына күрделі жөндеу жүргізуге бюджеттен қаражат қарастыру;
- денсаулық сақтау ұйымдарындағы кадр тапшылығы мәселесін шешу: бұл ретте мамандарға тиісті жағдай жасау (үймен қамтамасыз ету, көтерме қаржы төлеу);
- денсаулық сақтау нысандарын заманауи құрылғылармен қамтамасыз ету.

