AMANAT партиясы Алматы облысында 175 мың жұмыс орнын құруға ықпал етеді

9664
Adyrna.kz Telegram

«AMANAT» Республикалық сайлауалды штабы мүшелерінің  өңірлердегі сайлаушылармен кездесуі жалғасуда. Бүгін партиялықтар Алматы облысының тұрғындарымен жүздесті.

Қонаев қаласындағы Мәдениет үйіне 200-ге жуық тұрғын жиналды. Олар «AMANAT»-тың өзекті мәселелерді қалай шешуді көздеп отырғанын партиялықтардың өз ауызынан естіді.

«Бұл сайлауда «AMANAT» партиясынан үміткерлердің тізімі 75%-ға жаңарды. Біздің қатарымызда нақты бір аймақтың ерекшелігін жақсы білетін және түрлі салада қызмет етіп жүрген беделді азаматтар бар. Партияның «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасы – бүге-шігесіне дейін есептелген және жүзеге асатын құжат. Яғни, біз тыңғылықты дайындалдық және халықпен бірге алға қойған мақсаттарға қол жеткізетінімізге сенімдіміз», - деді «AMANAT» Төрағасы Ерлан Қошанов.

Ол Алматы облысы халқының 85%-ы ауылдық жерде тұратынын атап өтті. Сондықтан партия Үкіметпен бірлесіп іске қосқан «Ауыл аманаты» жобасы олар үшін ерекше өзекті. Жобаны жүзеге асыруға 1 триллион теңге қарастырылған. Ауыл тұрғындарына мал өсіруге, өз ісін ашуға жылдық 2,5% несие беріледі.

Қарапайым ауыл тұрғындары үшін жайылым мәселесі өткір күйінде қалып отыр. Осыған байланысты партия жанынан «Жер аманаты» комиссиясы жұмыс істейді. Өткен жылы комиссияның араласуымен пайдаланылмай жатқан 5 млн гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Биыл тағы 5 млн гектар жерді қайтару жоспарланып отыр.

Өңірде жастар арасындағы жұмыссыздық, мектеп пен денсаулық сақтау нысандарының тапшылығы сияқты басқа да маңызды мәселелер бар.

Алдағы бес жылда партия өңірде кемінде 175 мың жұмыс орнын ашуға, 63 мектеп пен 58 денсаулық сақтау нысанын салуға ықпал етеді.

«Облыстағы медицина нысандары 40%-ға ескірген, мамандар тапшы. Мұндай проблемалар елдің барлық аймағында бар. Алдағы бес жылда біз барлық денсаулық сақтау ұйымындағы заманауи жабдықтардың үлесін 70%-ға дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз. Ауылдағы жас мамандарға көтерме жәрдемақыны 10 миллион теңгеге дейін арттыру қамтамасыз етіледі. Бұл маман тапшылығы мәселесін шешуге мүмкіндік береді», - деп атап өтті Ерлан Қошанов.

Сонымен қатар, партияның сайлауалды бағдарламасында шалғайдағы және шекаралас елді мекендерді дамытуға ерекше назар аударылды. Мысалы, Алматы облысындағы таулы аудандардың тұрғындарын газдандыру мәселесі толғандырады. Оны шешу үшін партия 147 елді мекенді қамтитын «Шелек-Кеген» магистральдық газ құбырының құрылысын жүргізуге ықпал етеді.

"Адырна" ұлттық порталы

Дайындаған: "AMANAT" партиясының баспасөз қызметі

Тапсырыс беруші: М.Ж. Оспанов

“AMANAT” партиясының сайлау қоры қаражаты есебінен төленді.

Пікірлер