Абай әлемі және мен.

2421
Adyrna.kz Telegram

 


                                                                                                          "Жүректен қозғайын,
                                                                                               Әдептен озбайын."                                                                   

Абай


      Мен үшін Абай - үлкен тұлға. Оның бізге қалдырған мұрасы - таусылмас қазына. Әрине, мен Абай шығармаларының бәрімен танысып үлгерген жоқпын. Бәлкім, Абай әлеміне саяхат жасап шығу үшін, бүкіл ғұмырыңды арнау керек шығар. Ең алғаш рет Абайдың өлеңін 7 сыныпта жаттаған болатынмын. Абай өлеңдері ұнағаны соншалықты, әрі қарай келесі өлеңдерін жаттауға кірістім. Сөйтіп, 7 сыныптан бастап " Абай оқуларына" қатыса бастадым. Әрине,  Абай өлеңдерін нақышына келтіріп айтатын жүйріктердің арасында жасқанғаным рас. Себебі, Абайдың елуден астам өлеңін білетін балалар болды, ал менің білетінім ол кезде небірі 3 өлең ғана болатын. Сол кезде менің қасыма мұғалімім келіп: " Ең бастысы - саны емес, сапасы" деп маған басу айтты. Содан соң мен сахнаға шығып, бар жан - тәніммен, жүрек тебіренісіммен өзім білетін Абай өлеңдерін айтып бердім. Осылайша менің Абай әлеміндегі тұңғыш қадамым басталды. Байқауда мен 3 -  дәрежелі дипломға ие болдым. Бірақ, ол мені тоқтатпады, себебі ол да жеңіс, мен өз - өзімді жеңдім, өзіме өзімді дәлелдедім.  Сөйтіп 8 сыныпта тағы да қатысып, тағы да 3 - орын алдым.


«Сеңбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап,
Әуре етеді ішіне қулық сақтап.
Өзіңе сен, өзіңді алып шығар
Еңбегің мен ақылың екі жақтап»

- деген жыр шумақтары, ең алғаш Абай оқуларында жатқа айтқан өлеңім болатын. Осы бір өлең, сол кездегі менің ішкі сезімімді бейнелеп тұрғандай әсер қалдырды. Әрдайым сол өлеңді есіме түсіріп, өзіме бір қуат аламын. Сөйтіп келесі жылы «Бірінші орын аламын!» деген мақсатпен бардым.. Менімен бірге, менің қазақ тілі және әдебиет пәнінен  беретін мұғалімі Лаура Нурланқызы барды. Менің ұстазыма деген алғысым шексіз, өйткені, ол кісі мені Абай әлемімен таныстырып, Абай шығармашылығына терең бойлауға талпындырды, "Абайтану" деген үлкен, ұлы іске ұмтылдырды. Орыс сыныбында оқысам да мені қазақ тілі және әдебиет пәндерінен олимпиадаларға қатыстырды. Тіпті, мені жетектеп, қол жетпес биік шыңға ұқсаған, екінің бірінің рухы жете бермейтін, " Абай оқулары " сынды жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар талаптылар бақ сынасатын бәйгеге де алып барды. Бұл -  ұстаз үшін де, оқушы үшін де үлкен жауапкершілік. Сол жауапкершілікті ұстаз екеуміз бірге көтердік. Осылай, келесі жылы, аудандық " Абай оқуларына " қатысып бас жүлде иегері болып, мектептің намысын қорғау үшін қалағлық байқауға жолдама алдым. Мен қатты қуандым, өйткені, ол менің ғана емес, маған үміт артып, сенген ұстазымның да жеңісі еді.
     Абайдың әрбір туындысында терең мағына жатыр. Данышпан ақын барлық уақыттын өткеннің де, бүгінгінің де, болашақтың да кез-келген мәселесін ақыл- аясына сиғыза білген. Абайдың кейбір өлеңдерінен мен өзімді тапқандай болдым. Абай өлеңдерінің әрбір сөзі, әрбір жолы ,әрбір шұмағы менің дүниетанымыма , өмірді түсінуіме өзек болды. Абай өлеңдерін оқыған сайын, Абай әлеміне біртіндеп еніп бара жатқанымды  жан дүниеммен сезінемін. Абайды қайтадан оқыған сайын, оның әрбір сөзін, әрбір шұмағын қайтадан жаңа қырынан, өзгеше бір мағынада түсініп, бұрынғыдан да терең ой түйгендей боламын. Және бір ғажабы, сонау ұлы Абай өмір сүрген кезеңге бір сәт сапар шегіп қайтқандай күй кешемін. 
Менің ойымша, ұлы Абайды тек  қазақ қана білу тиіс емес,оны бүкіл әлем, бүкіл халық, бара адамзат білуі керек.  

Айрет Жанель

Алматы қаласындағы 157  - мектептің 11 – «в» сынып оқушысы

Пікірлер