Ауыл болашағы жастардың қолында

2011
Adyrna.kz Telegram

«Ауыл» партиясынан ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына кандидат Қайрат Айтуғанов, Серік Егізбаев, Рабиға Тоқсейітова, Николай Арсютин, Ілияс Досқожаев, Қуаныш Сейітжанов, Дәурен Рахымбек пен аталған партиядан түрлі деңгейдегі жергілікті мәслихаттарға кандидаттар Қарағанды облысына барды. Онда олар «Эталон LTD» ЖШС ұн тарту кешенінің еңбек ұжымымен, «Болашақ» академиясында сайлаушыларымен кездесті.

Кандидаттар алдымен ат басын «Эталон LTD» ЖШС ұн тарту кешеніне тіреді. Жиын аталған кешеннің тағамдық, жоғары сапалы бидай кебегін, витаминдер және минералдармен байытылған, жоғары, бірінші және екінші сортты бидай ұнын шығаратын өндірістік базасында өтті. Кәсіпорын отандық астық өндірушілерден бидай сатып алып, оны өнімге айналдыру арқылы тұрақты жұмыс істейді. Алайда соңғы кездердегі астық бағасының тұрақсыздығы кәсіпорын жұмысының ырғағына әсер етуде.

«Былтыр елімізде астық жеткізуде дағдарыс болды. Фермерлер мен өңдеушілер бағаға келісе алмады.  Шенеуніктер мәселені шешудің орнына астық экспортына тыйым салып, сол арқылы фермерлер мүддесін аяқасты етті.  Фермерлер өндірген ауыл шаруашылығы өнімдері құнын субсидиялау арқылы таразы басын теңестіруге мүмкіндік болса да, олар басқа ештеңе ойлап таппады. Субсидия арқылы фермерлердің, ұн тартушылардың, ең бастысы, ұн мен нан тұтынушылардың, яғни Қазақстанның барлық азаматының мүддесі қорғалар еді.  Агроөнеркәсіптік кешендідамытудың Ұлттық стратегиясына бірінші кезекте ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің сервистік-тұтыну кооперациясын ынталандыру негізінде ауыл шаруашылығының өндірістік инфрақұрылымын құру, екіншіден, түпкілікті нәтижеге бағытталған субсидиялау жүйесінен бастап ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау жүйесін реформалау қажет. Мемлекеттік органдардың агробизнес дамуына кері әсер ететін кез келген әрекетіне тыйым салатын, отандық бизнесті импорт қысымынан қорғайтын жаңа кедендік-тарифтік саясатты әзірлеу керек. «Ауыл» партиясы Мәжіліске барғанда бірінші кезекте осылармен айналысады», – деді кешеннің жүзге тарта жұмысшысы алдында сөз алған Рабиға Тоқсейітова.

Кешеннен кейін кандидаттар «Болашақ» академиясында сайлаушыларымен кездесті. Оқытушылар мен студент жастар қатысқан жиын академияның акт залында өтті. Кандидаттар кездесуге келгендерге «Ауыл» партиясының сайлауалды бағдарламасын жан жақты түсісіндіріп, үгіт-насихат жұмысын жүргізді.

« Әлемде азық-түлік дағдарысы күшейіп келеді. Бұл Қазақстанның өз халқын жоғары сапалы азық-түлікпен қамтамасыз етіп қана қоймай, ауыл шаруашылығы өнімдерін халықаралық нарықтарға экспорттаушы жетекші ел болуына да зор мүмкіндіктер ашады. Бүгінде жастар «ауыл» сөзін келешексіз, қалыпты өмір сүруге мүмкіндігі жоқ жермен байланыстырады. Бұл тіптен теріс ұғым. «Ауыл» партиясы елді аграрлық державаға айналдыруды көздейді. Ол үшін өңірлерде жұмыс істеуге және агробизнестің жаңа түрлерін біріктіруге дайын жаңа, білімді жастар қажет. Саладағы мамандар білікітілігіне ерекше назар аударатын кез келді. Өндіріс ошақтарына заманауи технологияларды енгізе алатын жоғары деңгейлі қызметкерлер керек. Осылайша ғана оңтайлы нәтижеге қол жеткізе аламыз.  Біз Мәжіліске барғанда «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасына өзгерістер енгізуді қолға аламыз. «Ауыл» партиясының негізгі бағыты – ауыл шаруашылығы саласының қарыштап дамуын қамтамасыз етіп, ауылдардың өркендеуіне үлес қосу. Бұл сіздердің, жастардың қатысуымен, қолдауымен жүзеге асатын жұмыс», – деді жастар алдында сөз алған мәжіліс депутаттығына кандидат, экономика ғылымдарынң докторы Қайрат Айтуғанов.

«Ауыл» партиясының сайлауалды бағдарламасын екі мекемеде де өте жылы, жақсы қабылдады.

Пікірлер