Әр сайлаушыға 5000 теңгеден берсе, үкіметке де, халыққа да пайдалы болады - Рүстем Ашетаев

2682
Adyrna.kz Telegram

Әр сайлаушыға дауыс бергені үшін 5000 теңгеден үкімет төлесе, үкіметке де, халыққа да пайдалы болар еді. Бұл пікірді Шымкент қалалық қоғамдық кеңес мүшесі Рүстем Ашетаев Facebook парақшасында айтты, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

“Пайдасы: 

1) Бізде кейбір қалаларда сайлауға барып дауыс берушілердің саны, жалпы сайлаушылардың 20-30%-нан аспаған кездер болды. Бұл - үкіметке де, халыққа да “үлкен дабылдық” мәселе! Өйткені, халықтың сайлауға қатыспауы - үкіметке деген сенімсіздігін білдіреді. Үкіметі мен халқы бір-біріне сенбейтін елдің шаңырағын ортасына түсіру, сыртқы күштер үшін ешқандай қиындық тудырмайды.

Мысалы: Украинаның 2012 жылғы сайлауында жалпы халқының 50%-ның төңірегінде ғана сайлаушы қатысқан. Бұл тек ресми жауаптарында. Ал, тәуесіз сарапшылардың айтуынша 20%-дың айналасында болған екен.

2014-ші жылы Украинаны шайқап, төңкеріс ұйымдастыруға АҚШ 5 млрд$ жұмсағандарын ресми жариялаған. Яғни, халқының үкіметіне сенімі жоғалған 45 млн тұрғыны бар мемлекетті төңкеріп тастауға, сырттан 5 млрд$ ғана құйылуы жеткілікті болған.

Біздегі сайлауға қатысушылардың саны 50%-дан азайып кетсе, Украинадан халық саны үш есеге жуық аз біздің елді шайқаулары үшін сыртқы күштерге  бары-жоғы 2 млрд$ қаржы жеткілікті болады деген сөз.

Бұл мемлекетіміз үшін үлкен қауіп па?! Әрине қауіпті сигнал Сондықтан, бұл ұсыныс - ең әуелі елдігімізге көз алартушы алыс-жақын көрші-қолаңдарымыз тарапынан болуы мүмкін қауіптің алдын алады.

2) Сайлауға қатысушыларға теңдей мүмкіндік беріледі. Дәл қазір сырт көзге заң бойынша теңдей мүмкіндік берілгені болмаса, шындығында бай мен кедейдің мүмкіндіктері екі түрлі.

Мысалы: Кімнің қаржысы көп, соның адамы да, жарнамасы да көп. Тегіннен-тегін сен үшін кім бір ай бойы бар жұмысын тастап, сенің жалауыңды желбіретіп жүреді. Мың жерден жақтасың болса да, оның да кредиті, бала-шағасы бар. Олар тек сол күні сен үшін сенімді өкіл болып бақылап берсе де шүкіршілік ет. Бұл - бай мен кедейдің мүмкіншіліктеріндегі айырмашылығының тек бір қыры ғана.

Ең маңыздысы - “Домкомдар” мен “Уличкомдардың” саудасы қызатын шақ. “Аяқтары алшаң”, “қолдары күзір”.  Ал, олармен кім “дұрыстап” сөйлесе алады?

Әрине бай-бағландар! Әрбір кандидаттың екі басауыруы бар. Біріншісі - “Қалай өзіме дауыс беретіндерді көбейтемін?” болса, Екіншісі - “Оларды сайлау участкелеріне қалай апарамын?” болады.

Бұған дейінгі екі депутаттық сайлаудың ортасында болған тәжірибемнен айтатын болсам, әр кандидатқа дауыс беретін жақтастарын алып сайлау участкелеріне “рейс қуатын” көліктері жасақталады. Болмаса, демалыс күні үйінен шығып, сайлау участкесіне барып дауыс беріп “уақытын жоғалтып” қайтқысы келетін сайлаушылардың саны некен-саяқ. Бұл жерде де бай-бағланның мүмкіндігі ұшан-теңіз! Соңында осындай теңсіздіктердің арқасында кім депутат болатыны айтпаса да белгілі шығар?!  Одан әрі “Бай-байға, сай-сайға құяды” деген қазақтың сөзінің кері келетіні айтпасада түсінікті шығар. Осындай “теңдікпен” сайланған депутаттарға жалпы халықтың қаншалықты сенім мандаты болуы мүмкін? Ел басына күн туған шақта сондай “сенім мандаты” бар депутаттардың халыққа сөзі өтеді ме? Әй қайдам?!

Кешегі Қаңтар оқиғасында бұл сұрақтардың төшкісі қойылды деп ойлаймын. “Жан алқымға келгенде”, билік, елге сөзі өтетін, ел танитын, елдің ортасында жүрген азаматтарды халыққа басу айтқызуға “шаммен іздеп кетті” емес пе?!

Енді, сол кезеңмен салыстырғанда “жайма-шуақ” күн туғанда, қайтадан ескі сүрлеуге қарай елді сүйрелесек - жаңаруға деген талпынысымыз қайда қалмақ?

3) Бізде шамада 12 млн сайлаушы бар екен. Әр сайлаушыға келіп дауыс бергені үшін 5000 теңгеден беретін болса, бары 60 млрд теңге жұмсалады екен. Шамада қазіргі 10 мектептің құны. Немесе, 27 млн$  шамасында. Бұл мемлекет үшін соншалықты көп қаржы емес. Әрі, ол қаржы ауаға кетпейді. Халыққа бір реттік әлеуметтік көмек ретінде беріліп, халық ол қаржыны көп болса азық-түлігіне, салығына секілді т.б мұқтаждығына төлейді ғой. Ол қаржы айланып келгенде қысқа ғана уақытта үкімет қазынасына қайтып келеді. Немесе, сол қаржыны тек қана салыққа, айыппұлыңды, коммуналдық қызметке ғана төлей алатын етуге де болады. Одан үкімет соншалық ұтылмайды.

Әрі, бес жылда бір келетін сайлауға бары 27 млн$ жұмсап, сыртқы күштер 2 млрд$ қаржымен елді төңкеріп жіберу мүмкіндіктеріне тосқауыл болуға үлкен себеп болады.

Есесіне халық сайлауға өзі үшін жаппай қатысады. Әр отбасыда кемінде үш-төрт сайлаушы болса, демалыс күні көп болса бір сағатын жұмсап 20 000 теңгелі болып “шала байып” қалу үшін, өзінің сайлау участкесін таң атпай бетке алатыны даусыз”, деп жазды ол.

Рүстем Есімханұлының айтуынша, бұл - барлық тарапқа тек пайда әкеледі.

“Үкімет үшін:

а) Сайлауға қатысушы халықтың пайызы кемінде 99,9% болады. Бұл сыртқы күштердің бірәз амбицияларын басады.

б) Халық ақыры барып дауыс беретін болған соң, кімге берерін ойланып, зерделеп барып береді дауысын.

в) Жергілікті Мәслихаттар мен Мәжіліске нағыз халықтың ортасындағы азаматтарға тең мүмкіндік беріліп, сайлау келгенде байлығына сеніп қолына жалауын алып шыға келетіндердің байлығының рөл ойнамай қалады. Есесіне, халыққа осыған дейінгі атқарғаны бар, сөзі өтетін азаматтар жиналады.

Кандидаттар үшін:

а) Халықты қалай сайлау участкесіне апарып дауыс бергіземін деп соған бар уақытын шығындамай, тек әлеуметтік желілер мен кездесулер арқылы өздерінің бағдарламаларын түсіндірумен, өзгелермен салыстыру үшін дебаттарға арнайды уақытын.

б) Ол кезде бір-бірінен көшіріп алған секілді “инкубаторский” бағдарламаларымен ешкімді таңқалдыра алмайды. Тек байлығына сенген, шынайы қабілеті жоқтардың бетперделері шешіледі кездесулер мен дебаттарда.

Ал, шынайы өз талантымен шыққан дәулетті азаматтарға ешқандай қауіп жоқ. Өзінің талантын танытады.

Халық үшін:

Кездесулер мен дебаттарды көру арқылы саяси-экономикалық сауаттылығы артады. Өз дауысының құнын біле бастайды.

Бұл сайлау да өтер. Билікке кімдер келіп-кетпеген. Бірақ, темірді қызуында соқ дегендей, сайлаудың бел ортасында жүріп кем-кетігі мен ұсыныстарымды дер шағында жазып қою - азаматтық міндетім дегендіктен, өз ойымды ортаға салдым”,- деп жазды ол.

Пікірлер