Қазіргі жаһандық ғылымның өзекті мәселелері

5911
Adyrna.kz Telegram

 ХХI ғасыр – жаһандану ғасыры. Техникалық процестер ілгерілеген кезеңде адамзаттық мүмкіндіктердің аясы кеңейіп, қоғамымыздың жетекші салалары түрленді. Тегеурінді зерттеулер мен индустралды революциялар әсеріне ұшыраған мамандықтар жаңа формада өз қызметіне кірісе бастады. Жаңа дәуірдің басты ерекшелігі – барша құндылықтардың адамзат игілігіне сай құруында еді. Әсіресе, жұмыр басты пенденің тіршілігі, тұрмысы, денсаулығы – басты назарға алынып, ұлт, ұрпақ саулығы медицинаның басты кредосы болды. Дамушы және дамыған мемлекеттер техногенді үрдістерге иек артып, салауатты өмір саланың тың тақырыптарына аяқ басты. Соның ішінде медицина саласын ерекше атауға болады. Саланың келеңсіз тұстары – қоғам келбетіне көлеңке түсіріп, өзекті мәселе ретінде өз маңызын жоғалтпады.

Медицина – саламатты тіршілік кешіп, салауатты өмір сүрудің дәнекері. Қоғамның жанды организмі. Оның дамуы, жандануы баршамыздың тіршілігімізге жан бітіріп, денсаулығымыздың кепіліне айналары сөзсіз. Алайда, бүгінгі саналы тірлік иесінің денсаулыққа салғырт қарауынан бастап, экологияны ластауына дейінгі аралықтағы ұшан-теңіз олқылықтар атаулы саласың дамуына өз кедергісін тигізіп отыр. Қазіргі медицинаның өзекті мәселелерін талқылағанда, оның себебі мен салдарын бірнеше категорияларға бөліп қарауымызға болады. Олардың ішіндегі ең бастысы – экологияның бұзылуы.

Тұмса табиғаттың қасірет шегіп, көк орай шалғынның жаншылуы, тымық желдің түтін татып, тұнық судың ластануы – медицина саласына өз салқынын тигізбей қоймайды. Экологиялық шөгулердің ықпалынан, капиталистік тұрмыстың белгілі мөлшердегі әсерінен қазір медицинаға: қан-тамыр, жүрек, жүйке, тыныс жолдары ауруларымен жүгінетіндердің қатары көбейген. Жүректің ишемиялық аурулары, мысалы миокард инфарктісі,   гипертониялық ауру және орталық жүйке жүйесінің қан тамырларының зақымдануы салдарынан көз жұматындар өлімнің 80-85%-тін құрайды. Бұл аурулардың негізгі пайда болу себептеріне: жүйкенің сыр беруі,  физикалық. белсенділіктің жеткіліксіз, артық тамақтану, алкогольді ішімдіктер, темекі шегу жатады. Сонымен қатар, қазір медицинаның өткір мәселесінің бірі – қатерлі ісікпен табанды күресу болып отыр. себебі,  көптеген экономикалық дамыған елдерде осы аурудың әсерінен өлім-жітім 50 жылда 2-3 есеге артқан. Деректерге сүйенсек, жыл сайын әлемде қатерлі ісіктен кемінде 2 миллион адам қайтыс болады. Бұл, атап айтқанда, атмосфераның ластануымен тығыз байланысты. Демек, медицинаның өзекті мәселелерінің туындауы – экологиялық және тұрмыстық қайшылықтардан екендігін байқаймыз.

Қазіргі көптеген әлем тұрғындарының аурушаң болуы –демографиялық өсімді жаншып отыр. Тұрмысы нашар елдерде қажетті медициналық көмекке қол жеткізе алмай отырғандар өте көп. Медицинаның таңы бір өзекті проблемасы – қолжетімсіздігі. Медициналық орталықтар мен мекемелердің аз болуы – өлім-жітім санының аруына әкеледі. Туу көрсеткішінің төмендеуінің де басты факторы осында жасырынған. Сонымен қатар, қазіргі әлем халқында қартаю үрдісі жүріп жатыр. Жастар мен қарттар үлесін таразыға салғанда, болашақ ұрпақ үлесінің аз екендігін байқаймыз. Қазір өмір сүрудің ортақ жасы  - 69-73 жылды құрайды.

Бактериологиялық, вирусологиялық аурулардан да ең бірінші зардап шегетін – медицина. Әлемдегі өріс алған вирустық толқындар медицинаның дамуын кешеуілдеткенімен, тың тәжірибе сыйлайды. Дегенмен, табиғаты толық танылмаған індеттік жұқпалы аурулар: шешек, оба, эболла, тұмау түрлері – медицинаның толық меңгере алмай отырған өзекті бағдарларының бірі екенін қазір уақыттың өзі айғақтап отыр. Сол себептен көптеген  елдерде инфекциялық аурушаңдық пен өлім-жітім деңгейі жоғары патологияның себепкер факторы. Бұрынғы инфекциялық аурулардың түрөзгеріске ұшырауы,  паразитарлық індеттің көбеюі – медицина күн тіртібіндегі келелі шешімі табылмаған мәселе.

Ғылыми анықтамалардан басқа қазіргі заманғы медицина саласында  дәрігер мен науқастың өзара қарым-қатынасы, этикалық мәселелер, адам жүйкесіне психотроптық заттармен әсер ету сынды қасаң әрекеттер өзектілігін жоғалтпаған. Адам ағзаларын саудалау, құқықтарын ескермей ағзаларды ауыстырып салу, донорлық кәнәраттар – терең зерттеу мен парасаттылықты қажет етеді. Сала мамандарының академиялық білімінің таяз болуы салдарынан өлім құшып жатқандар да жоқ емес. техникалық аппараттардың жетіспеуі, жағдайсыздық – медицинаның дамуын шырмайтын кілтипандар болып қала бермек.  Қорыта айтқанда, адам тағдыры – мемлекет тағдыры. Адам тағдырының араша түскен сала мамандары мен ғылымының әлеуетін көтеру, құзіреттілігін арттыру – ең басты мәселе.

Дастан Қастай

"Адырна" ұлттық порталы 

Пікірлер