Цифрлық сауаттылықты алғашқы көмек сияқты үйренуіміз керек – Айболат Құлатай

2064
Adyrna.kz Telegram

Қазақстан Республикасы үкіметі 2017 жылдың 30 маусымында ІТ технологияларды және электрондық ақпараттық ресурстарды қорғау, халық пен бизнес арасындағы цифрлық сауаттылықты арттыру және ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалану қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырудың негізгі бағыттарын айқындай келе,  «Қазақстанның киберқалқаны» қауіпсіздік тұжырымдамасын бекіткен болатын. Содан бері еліміз киберқауіпсіздік, ІТ саласын дамыту, сондай-ақ, халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру мәселелеріне баса назар аударды. 

Алайда, Қазақстанда интернет, әлеуметтік желілердегі онлайн сауда немесе түрлі сайттар арқылы алаяқтыққа тап болу көрсеткіші жоғары. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, соңғы 5 жылда интернет-алаяқтық фактісі 10 есе өскен. 

«Интернет-алаяқтықтың түрлері өте көп. Қоғамда ең кең таралған түрі – әлеуметтік инженерия деп аталады. Оның да түрлері өте көп. Мәселен, сізге банк қызметкерлері «картаңыздың артындағы 3 санды айтыңыз» деген сияқты сөздер айтып хабарласуы мүмкін. Мұндай ақпараттарды мүлде айтуға болмайды. Кейбір адамдар цифрлы сауатсыз болғандықтан сондай мәліметтерді айтып жіберіп, алаяқтыққа тап болады. Одан бөлек, жиі қолданатын олх.kz секілді қосымшаларда да интернет-алаяқтық жиі кездеседі. Мәселен, «алдымен ақшасын төлеңіз, сосын тауарды жеткіземін» деген сияқты сөздермен алдайды. Тіпті, үлкен кісілерді де, отбасы мүшелерімен, жалған хабарламалар, өтірік ұтыстар арқылы алдап жатқандар да, алданып жатқан халық та көп. Қазір алаяқтықтың ең көп тараған кездері. Сондықтан таныс емес сайттарға кірмей, жеке ақпараттарды бөгде адамға беруге болмайды», - деді ІТ маманы Айболат Құлатай «Адырна» ұлттық порталына берген сұхбатында. 

Интернеттегі алаяқтық тек ел аумағында ғана жүзеге аспайды, қылмыскерлер шет елде отырып-ақ та арам ісін атқара береді. Тіпті, белгісіз сілтемеге өте қалса, барлық ақпараттан айырылып, қалай алданып қалғанын білмей қалады?  Сонда халық цифрлы сауатсыз ба, әлде Қазақстанның киберқалқаны әлсіз бе? Мұндайда цифрлы сауаттылықты арттыру үшін не істеу керек?

«Цифрлы сауаттылықты қаржылық сауаттылық, математикалық сауаттылық немесе алғашқы көмек сияқты үйреніп алу қажет. Қарапайым компьютерді меңгеріп алу маңызды. Электронды почтаны пайдалануды, тіпті, әлеуметтік желіні дұрыс қолдану, оны қорғау сияқты қарапайым цифрлық сауаттылықты меңгеріп алса, интернет-алаяқтыққа жол бермеуге болады. 

Елімізде түрлі қосымшалардың өзі шетелдік жобалар. Оларды көріп, Қазақстан неге сондай жоба жасап шықпасқа деген ой келеді. Өкінішке қарай, елімізде ІТ саласындағы кейбір кадрлардың мәселесі шешілмеген. Иә, әрине, мамандарды даярлайтын универлер бар. Бірақ, мүмкіндіктер аз. 

Дегенмен, Қазақстанның ІТ саласы осал емес. Өткен 5 жылмен салыстырғанда қазір біршама жоғары деңгейде. Кім қай салада мәселе көріп тұр, соны ІТ арқылы шешуге тырысады. Ендігі 5 жылда мықты мамандар, мықты ІТ жобалар  шығады деп ойлаймын», - деді Thousand IT компаниясының басшысы Айболат Құлатай.

 

“Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер