Өмір жұпары (новелла)

9198
Adyrna.kz Telegram

Түні бойы түрлі-түрлі ойға батып, тәтті-тәтті қиялдар кешіп көз ілмеген Шерәлінің түске дейін ұйықтайтын жөні бар-ақ еді. Сенбі мен жексенбі – демалатын күндер болған соң, ұйқысы қанғанша жатып алатыны әдетке айналып кеткен. Ал бүгін... Күн жарығы үйге түсісімен орнынан атып тұрды. Ұйқтаса, екі-үш сағаттай ғана ұйқтаған шығар. Сонда да бойы сеп-сергек, санасы тап-таза. Төсегінен тұра салып күнде жасап жүрген жаттығуларын да ұмытпай, аяқ-қолын сермелеп, иіліп-бүгіліп біраз әуреленген соң, ваннаға кіріп, душ қабылдады. Тісін тазалап, сақалын қырды. Мұртын өңдеді. Күнделікті қалыптасқан осындай шаруаларын тындырып болған соң, әдеттен тыс, айна алдында өзін-өзі қызықтап ұза-а-қ уақыт тұрып қалған.

Қарап тұрса, өңі жап-жас – жиырма бестегі жігіттей. Отыз бесте деп ешкім айта алмас. Қап-қара мұрты аққұба өңіне қандай жарасып тұр. Мұның үстіне қиылып тұрған қасы мен бұйралау  келген шашын қос. Кең маңдайы мен жұлдыздай жанған екі көздің арасынан тік түскен түп-түзу қыр мұрыны да бет сұлулығын үстеп тұрғандай. Анау жылы қосыламыз деп жүргенде аяқ астынан өзін ұнатпай қалған Биғайша айтып еді ғой – «Лермонтовтан аумайсың» деп. Мұның өзі әдебиет жағынан дымсезбес болған соң, сөзді ары қарай созбайын деп, басын изеп, күле салған.

Жаны-тәнімен жақсы көретін сұлу ғашығының әдебиетті өте сүйетінін білген соң, өзінің де бұл тараптан қаражаяу емес екенін өтірік те болса сездіріп қою үшін, сол күннің ертеңінде өмір бақи есігін ашпаған кітапханаға барғаны да есінде. Кітапханашы  қызға Лермонтов туралы білгісі келетінін айтып еді, ол бұған энциклопедия әкеліп, ақынның суретін шұқып көрсетті.

Сонда Михаил Юрьевич Лермонтов деген ұлы ақынның суретіне қадала қарап ұзақ отырған. Көргісі келгені – өзіне ұқсастығы. Иә, шындығында да аздап келіңкірейді. Өзі орыс ақыны болғанымен, орысқа онша ұқсамайды екен. Қазаққа да. Ал, Шерәлі қазақ қой... Ақырында басын шайқап-шайқап алды да, ақын туралы сөздерді оқып шықты. Жаттап алу үшін арнайы алып келген қағазына қажетті тұстарын жазып алуды да ұмытпады.

Биғайшамен келесі жолыққанында қолтығында келе жатқан оған:

– Сен өткен жолы мені Лермонтовқа ұқсаттың-ау, өзі! Шын айттың ба? – деді.

Қыз бұған жабыса түсіп, сықылықтап күлді. Күліп алды да:

– Шын айтпағанда... мен ол ақынның суретін бала күнімнен көріп келе жатырмын. Лермонтов менің ең сүйікті ақыным! – деді.

– Ә – ә! Сүйікті ақыным де. Мені жақсы көріп жүргенің де содан екен ғой. Бірақ... ол... дурак!

– Дурак? Қалай?

– Дурак болмаса өзіне зиян өлең жазып, жап-жас басымен Кавказға жер аударыла ма? Онда да тып-тыныш жүрмей, анау бір Мартынов деген офицермен атыса ма? Әне, өлді де қалды. Отыз жеті-ақ жасында. Қай жерде еді?.. Пятигорскіде. Өзіне де обал жоқ.

Биғайша «осы шын айтып келе ме, әлде, қалжыңдағаны ма?» дегендей, жігіттің жүзіне барлай қарады. Оның бап-байсалды түрі мен түйіліңкірей түскен қабағынан шын ойын айтып келе жатқанын байқағандай болды.

– Рас айтып келесің бе? – деді жігітке шытынай қарап.

– Рас. Мен ондай есерсоқтықты ұнатпаймын, – деп, Шерәлі сырт жағына шырт еткізіп түкіріп жіберді.

Биғайша Шерәлінің қолтығынан білегін ақырын суырып алды да, екі қолын алдына ұстаған күйінде сұлқ қалды. Аздан кейін басын көтеріп, тік қарады.

– Мен поэзияны сүймейтін, ақындарды жек көретін адамдарды түсінбеймін, – деді сонсоң.

– Онда мені де түсінбейсің ғой?

– Иә. Тіпті, түсінгім де келмейді.

– Қой. Ашуланба. Жоқтан өзгеге бүйте берсең, не боламыз, жаным-ау! – деген Шерәлі ашулы қызды бауырына тартқан болды.

Сол түні қыз салқын қоштасқан. Кездесулері де сирей берді. Ақырында, кетісіп тынды...

Айнаға қарап мөлие қалған Шерәлінің көзі кенеттен жай отындай болып жарқ ете түсті. «Мен сол немені неге ойлап тұрмын? Кетсін әрі!» деп ашулана күбірлегенін өзі де сезбей қалды.

Осы сәттен бастап-ақ бағанағы шадыман шағы бірте-бірте алыстап бара жатқандай болып, керісінше, өзінің өткен өмірінің сұрқай мезеттері мысық табандап көз алдына жақындап келе жатқан сияқты. Кешкі кездесуге киетін киімдерін дайындап қойсам деген ойы бар еді, оған да зауқы соқпай, әдемілеп жинап қойған төсегінің үстіне сұлай кетті.

Ойлап қараса, осыған оқу деген нәрсе қонбақ түгілі, маңына жоламапты ғой. Сегізінші сыныпты сүйретіліп жүріп зорға бітіріпті. Одан кейін ауылдан қалаға келіп, кәсіптік-техникалық училищенің тігіншілер даярлайтын бөліміне түсіпті. Оның да себебі бар. Айналайын анасы ұлының түз жұмысына ебі болмаса да, үй шаруасына икемді екенін байқап, бұған ас пісіруді, нан илеуді, тіпті, киім тігуді де үйретті ғой. Аспаздықтан гөрі тігіншілікке жақын екенін байқаған соң сол оқуға да бағыттаған – анасы байқұс. Кәсіп қылсын, нанын тауып жесін дейді ғой, әрине.

Енді, міне, сол оқудан жақсылықтан басқа, не жамандық көрді?! Құдайға шүкір, жұрттан озбаса да, көштен қалған жоқ. Тек қана отыз бес жасқа келгенше үйленбей, соқа басының сопиып жүргені болмаса. Үйленбейін деген жоқ, өзіне лайық қыз кездеспей қойды емес пе?! Әлгі тігіншілікті төрт жыл оқығанда, самсаған сары қолдай қаптаған қалың қыздың арасында қаздай қалқып жүрді. «Арпа ішінде – бір бидай» дегендей, бұлардың тобындағы жалғыз еркек өзі еді ғой. Әй, сонда... сол қыздардың бұған сүйкенбегені жоқ шығар. Бұл ешқайсысымен жүрмесе де, жүрмек тұрмақ, ешкімге қарамаса да, осы жалғыз бозбаланы бірінен-бірі қызғанатын еді-ау сол қыздар!

Дегенмен, бұл төртінші курста оқып жүргенде оныншы сыныпты бітіріп келген анау бір ару... Баян... мұны өзіне қатты ғашық еткені рас қой. Құдай-ау, сол қыз не «иә» демей, не «жоқ» демей, осы Шерәліні төрт жыл бойы артынан салпаңдатты ғой. Бұл кездесуге шақырса, келеді. Саусақтарынан ұстатады, біраз уақыт бірге қыдырады. Сыйлық ұсынса, оны да кері қайтармайды. Сөйте тұра, тіпті, мұның бетін бетіне таятпайды. Икемделсе болды, ытырынып, кеудесінен кері итеріп тұрғаны. Төрт жыл бойы сол қыз үшін қанша уақытын, шыдам-төзімін, ең бастысы, қыруар ақшасын сарп етіп жүріп, ернінен бір сүйе алмағанын ойласа... жылап жібергісі келеді. Оның Шерәлідей сымбатты да тұлғалы жігітті ең қорлағаны – айына екі-үш рет болса да бірге қыдырып, кино мен театрға да бірге барып жүріп, бірге кафелерде отырып... бір күні «әйт, шу» деп, күйеуге тиіп кеткені.

Кейіннен ойласа, сол қыз мұнымен басқа қыздардың ішін күйдіру үшін ғана жүрген болу керек...

Бұдан соң Күлтай деген қызға жолықты. Ол кезде тігін ательесінде орналасып, шаруасының жүріп тұрған кезі еді. Ақша мол. Бірақ мол екен деп оны қалай болса солай шаша беретін ақымақ емес қой. Керегіне ғана жұмсап, артығын банкке тығындай береді. Анау Баян деген сұмырай қыздан аузы күйіп қалған екен, Күлтаймен күліп-ойнаған болып жүрсе де, оған көп шығындала бермейтін. Екеуі бір күні әлдеқандай кішкене дүңгіршектен самса алып жеп тұрғанда, бұған Баян қадала қарап: – Айтшы, өмірде ненің иісі жақсы? Мына самсаның ба, әлде... – деді сөзін жұтып.

– Немене «әлде»? – деп бұл да қадалды.

– Әлде... Әлде, ақшанікі ме?

– Ақшаның несі жаман? «Ақшаң болса қалтаңда, талтаңдасаң талтаңда» демеуші ме еді.

– Сен неге талтаңдап жүрмейсің? Әлде, қалтаңда ақшаң жоқ па? «Табысым көп» деп мақтанасың ғой.

– Болашақты ойлаймын. Біздің болашақты. Екеуміздің, – деді бұл сұқ саусағымен қыздың танауынан басып. Қыз үндеген жоқ. Бір күрсінді де, босап қалған май-май қағазды қоқыс тастайтын жәшікке лақтыра салды.

Екеуі сегіз айдай жүріпті. Жүрген деген аты ғана. Тіл мен жағына сүйенген қуақы қыз өне бойы бұны кекетіп-мұқатып, келемеждеумен жүрді. Сонысына ыза болып, намыстанып, тіпті, аяғында кек тұта бастады. Бұл да Күлтаймен кездесуге шығар алдында оның жанына тиетін тікенек сөздерін сайлаудай сайлайды-ау, бірақ, амал қанша, әлгі сөздер дер кезінде аузына түспейтінін қайтерсің. Өзінің ездігі ме, әлде, қыздың мысы баса ма?

Бір кездескендерінде Күлтай иісі керемет әтір сеуіп келіпті.

– Түу, біртүрлі мүңкіп тұрсың ғой! – деді бұл танауын тыржитып.

– Француз әтірі! – деді Күлтай паңдана керіліп.

– Сенбеймін. Оған ақшаң жете қоймас.

– Алып беретін адамым барда, ақша туралы ойламаймын да, – деді қыз бұған мүсіркей қарап.

Қыз жігіттің жанына тиейін деп ойлап еді, онысы іске аспай қалды. Қайта, Шерәлі қуанып кеткендей болып жадырай күліп:

– Ойбай-ау, олай болса менің қасымда неге тұрсың? Сол әтір алып беретін адамыңа бармайсың ба? – деп салды.

Күлтай жауһардай жарқыраған отты көздерін Шерәліге қанжардай қадап аз тұрды да:

– Шын айтып тұрсың ба? – деген.

– Иә, – деді жігіт міз бақпай.

– Сен өмір мәнін мүлде түсінбейді екенсің. Сондықтан, түсініп, біліп, ал. Жақсы өмір, жаман өмір деген болады. Жақсы көңіл, жаман көңіл деген болады. Жақсы өмірдің жұпары пәк сезімнен аңқиды. Көңілі кір адамның өмірі де лас. Сен солардың қатарынансың. Ал, аман жүр. Ша – о! – деп, оң қолын көтеріп, саусақтарын жыбырлатты да, өз бетімен кете барды. Жәбірленген баладай боп жерге қараған күйінде бұл қалды...

Төсегінде екі қолын басына жастанып жатқан Шерәлі өзін тастап кеткен опасыз қыздарды есіне алып, опынып, өкінгендей болғанына намыстанып, тез басын көтеріп алды. Сәл дүрдіктеу еріндерін шүйіріп отырып: «Елеулі шаруаның қарсаңында тұрғанда мұным дұрыс емес. Ырымға жаман» деп ойлады.

Шерәлінің «елеулі шаруасы» – кейінгі кезде жүріп жүрген қызы Гауһармен бүгін кешке кездесуге барады. Кеше қыздың өзі хабарласып, «Шарапат» кафесіне шақырып тұрмын» дегенін айтсаңшы! Не деген ғажап сөз!

Сол сәтте қыздың бұл ұсынысына көңілі шалқып, сүйегі балқып кеткен Шерәлі: «Ох, Гауһар! Гауһар десе, гауһарсың ғой!» деп, екі қолын артына ұстап алып, үйдің ішін кезіп кеткен. Айтар сөзі не екен соншалық? Әдейілеп кафеге шақырып... Жиі-жиі кездесіп жүр. Шерәлінің таяуда ғана сатып алған мына пәтерлерінде де талай болды. Тіпті, екі-үш рет қонып кетті. Иә... қонып кетті. Батыр-ау, алғаш рет қонған түні таң ата бір қызық сөз айтып еді ғой. «Шерәлі, тыңдашы, менің аяғым ауыр болып қалса қайтемін?» деп. Жігіт сонда қасында жатқан жалаңаш қызды қапсыра құшақтап, қарқылдап күлген. Содан соң ақ төсінен аймалап жатып: «Қайтуші едің? Үйленеміз. Онсыз да үйленейік деп жүр емеспіз бе?» деп, қыздың төсінен жоғары тұстарын түгін қалдырмай сүйе берген.

Сәлден соң терең тыныс алған Шерәлі байсалды түрге еніп, ерекше бір әңгіме бастады.

– Әнеу күні менің неге осы уақытқа дейін үйленбей жүргенімді сұрағаныңда, сол сәтте айтуға ыңғайым болмағандықтан, шолақ жауап бере салып едім. Енді жайласып жатып айтайын.

Өзің де байқаған шығарсың, мен – өте талғампаз адаммын. Киген киімім, қолымдағы сағатым мен жүзігім де соны байқатады. Ал жігіт болып қызға қарау жағына келгенде, менен өткен кінәмшіл кісі жоқ. Осы жасқа келгенімше... иә... сонау тойда сені көргенімше, бір қызға мойын да бұрмаппын ғой. Мен... жалпы... затымнан адамның қандай екенін бір көргеннен-ақ сезіп қоямын. Болашағымды да болжай білетін сияқтымын. Мысалы, күндердің бір күнінде өз көңілімнен шығатын бір арудың алдымнан кездесетінін былтыр сезгем. Өзімнің болжамым мүлт кетпейтін болған соң, ертерек қам жасадым. Ең бірінші баспаналы болып алайын деп ойладым. Осыдан екі-үш жыл бұрын сән салонын ашып алғаным қандай жақсы болған – жатпай-тұрмай шапқылап жүріп, соны жаңа технологиялармен жабдықтап алғам. Ендігі мәселе тек пәтерге ғана тіреліп тұр екен. Мына мен бір істі бастап алсам, тоқтамаймын ғой. Дереу банктегі ақшамды санап кеп жіберсем, екі бөлмелі пәтерге бес миллиондай жетпей тұр екен. Аттың басын ауылға қарай жібердім. Бардым да сондағы туған-туыстардың малының ішінде жүрген жылқыларым мен сиырларымды жыпырлатып саттым. Бес миллион теңге тікесінен тік тұра қалды. Өзімнен үлкен екі ағам да «алдымен отауыңды сайласаңшы» деп жүрген. Содан болар, олар да мені қатты қостап, қолдарын шапалақтады.

Сөйтіп, биыл, Наурыз мерекесінің қарсаңында (әдейі солай ырымдағам) осы жап-жаңа пәтерді сатып алдым ғой. Содан көп өтпестен-ақ өзің кездесе қалдың. Егер сол бір тойға бармай қалғанымда, сенімен жолығам ба, жолықпаймын ба, бір құдайдың өзі білсін!

Шерәлі сәл ұзақтау әңгімесін аяқтап болғанда, Гауһар ерекше сүйсініп кеткендей болып, жігіттің мойнынан қатты құшақтап, «Жаным, әншейін!» деді.

– Сен «аяғым ауыр болып қалса, қайтемін?» дейсің. Егер солай бола қалған күнде, одан өткен бақыт бар ма?! Сразу үйленеміз! – деген Шерәлі мойнын босатып алып, – Гауһар, біз осы үйленіп алмай неғып жүрміз? Кедергі боп тұрған ештеңе де жоқ. Ұзатпайықшы! – деді.

Гауһар терең бір күрсінді де, үндеген жоқ. Үйдің төбесіне ойлана қарап, күлімсірегендей болып жатыр.

– Айтқаным жөн емес пе? – деді Шерәлі қыздың маңдайынан сипап.

– Ойланайын, – деді Гауһар...

...Шерәлі ернін шүйіріп отыра бергенді қойып, орнынан тұрды да, бір-екі рет керіліп созылып алып: «Уа, Шерәлі! Сенің Гауһар жаның үйлену туралы мәселені шешіп тастамақ! Сол үшін шақырып отыр!» деді өзіне-өзі. Дауысынан салтанатты леп білінеді.

 

***

Гауһар бұны бір бұрыштағы оңашалау орында күтіп отыр екен. Кафеде кісі аз. Әлдекімнен қорққандай болып, қайдағы бір қаракөлеңке пұшпаққа тығылып алғаны несі?! Егер орнынан көтеріліп, дауыстап, қолын бұлғап шақырмаса, оны көрудің өзі қиын сияқты.

«Е-е, белгілі болды, – деп ойлады Шерәлі қызға қарай беттеп келе жатып, – Ең есте қалатын ұмытылмас сәтімізді ел көзінен тасалау жерде өткізейік деген ғой».

Ғашық қызы өзін жарқырап, жайнап қарсы алар деп еді, ол орнынан баяу көтеріліп, тұрған жерінен аттап баспай, ерін ұшымен амандасты. Қолын да селқос созғандай. Шерәлі қыздың бұл қылығынан тіксініп: «Шақырғанда «шарапат, шарапат» деп еді, шарапаты осы ма?» деп ойлады.

Гауһар өте мұңайыңқы екен. Қашанда көрген кісінің жүрегін елжіретіп тұратын қуаныш пен шаттыққа толы баданадай үлкен көздерінің ағы қызарыңқырап кетіпті. Жылағанға ұқсайды. Түйілуге жаралмаған ашық қабағына да күнгірт көлеңке түскендей.

Шерәлінің жүрегі дүрсілдеп кетті. Бойын әлдебір белгісіз үрей билеген сияқты.

– Саған не болды? Өңін сынық қой. Ауырып тұрған жоқсың ба?

– Жоқ. Отыр. Әңгіме бар, – деді Гауһар тым ақырын дауыспен.

– Қайдан білейін. «Шарапатты болсын деп, «Шарапат» деген кафеге шақырып тұрмын» деген сияқты едің.

– Иә. Мен сол сөзді саған ойланып барып айттым.

– Неге?

– Қазір бәрін білесің. Қарның аш емес пе? Заказ берейін.

– Жоқ. Аш емеспін.

– Сен арақ-шарап ішпейсің. Онда... тәуір шырын ішейік, – деп, Гауһар даяшыны шақырып, тапсырыс берді.

Шерәлі кешке кафеге барамын ғой деп, күні бойы екі жұмыртқадан басқа нәр татпап еді. Осында келе жатқанда көзіне алуан түрлі тағамдар елестеп, қайсыларына тапсырыс беретіндерін де белгілеп қойған. Жаңа Гауһар «қарның аш емес пе?» дегенде «жоқ» дегені несі?! Не деген ақымақ?!

– Гауһар, – деді Шерәлі, – Осындай әп-әйбат  кафеге келіп отырып, тамақ ішпегеніміз ұят болады. Даяшыны шақырып, мен тапсырыс берейін... Официант!

Гауһар үндеген жоқ. Тек даяшы келгенде ғана:

– Менің тамақ ішкім келіп отырған жоқ. Батпайды. Көңілімді көтерейін – екі жүз грамм тәуір коньяк пен шоколад алдырсаң болды, – деді.

Даяшы тапсырыс алып кеткеннен кейін, Гауһар Шерәлінің сымдай тартылған салалы, жіңішке саусақтарын қызықтағандай болып, үстінен сипалап отырып: – Шерәлі, – деді, – сен менің коньяк алдырғаныма ренжіп отырған жоқсың ба?

– Жоқ. Несіне ренжимін. Шарап көңіл көтереді ғой. Сен оданда маған жағыдайыңды айтшы.

Гауһар терең бір күрсінді де, қос алақанымен бетін басып отырып қалды. Иығы дір-дір етеді. Жылап отыр.

– Гауһар! Гауһар! Не болды саған? – деп есі шыққан Шерәлі қыздың білегінен тартқылады. Қыз бетінен қолын алғанда байқады – көзінің жасы бұршақтап кетіпті. Ол қасында тұрған сөмкесінен қолорамалын алып, асықпай сүртіне бастады. Екі көзі алақ-жұлақ етіп Шерәлі отыр.

– Енді айтшы. Шыдамым таусылып барады, – деді бір кезде.

– Жаным! Жүрегім! – деді Гауһар жігіттің жүзіне зор сүйіспеншілік толы үлкен көздерімен аялай қарап, – Саған жыламағанда, кімге жылайын... Менің басыма зор қайғы түсті.

– Не? Не деп отырсың?

Гауһар орамалымен көзін басып, еңкілдей бастады.

– Қой, Гауһар! Жылама! Сен мықты қыз емессің бе, – деп, Шерәлі тағы да әбігер болып қалды.

– Қыз қолорамалымен көзін сүрткіштеп біраз отырды да, терең бір күрсініп, бойын тіктеп отырды.

Осы кезде даяшы келіп, берген тапсырыстарын алдарына қойды. «Астарыңыз дәмді болсын!» деді кетерінде.

– Шерәлі! Менің ағам машинасымен адам қағып кетті, – деді Гауһар дауысын қатайтып.

– Не? Қалай?

– Біздің үй Қызылордада ғой. Қартайған әке-шешем де, жалғыз ағам да балаларымен сонда. Ағамның жұмысы жоқ. Такси болып, кісі тасумен ғана айналысады. Күн көрістері өте төмен. Жалғыз бауырым болған соң... әр жалақымнан жинақтап... анда-санда ақша салып тұрамын. Жеңгем емшектегі жас баласымен отыр. Әйтеуір, кемпір-шалдың пеньсиясы бар. Жарытымсыз. Міне, енді... көрдің бе... Құдайдың бізге салғанын...

– Қаққан адамы тірі ме? – деді Шерәлі шыдамсызданып.

– Тірі. Жағыдайы өте нашар.

– Ағаңды қамап қойды ма?

– Ана... ағам қаққан кісінің көзі нашар көреді екен. Қараңғыда алдынан шыға келген ғой. Ағам тормозды басып үлгере алмай қалыпты. Дереу ауруханаға алып барған...

– Содан.

– Содан, ағам мен әке-шешем әлгі кісіден жата жабысып кешірім сұрайды. Тіпті, екеуі қосыла жылапты. Сол кісілерді аяп кеткен болу керек, бір кезде әлгі кісі: «Апыр-ай, үлкен адам екенсіздер, не істейін?» деп біраз ойланып жатып: «Менің енді орнымнан тұрып, жүріп кетуім екіталай. Бала-шағам бар. Қырық жастан енді ғана астым. Біліп отырсыздар – қаржы-қаражат жағы да жетіспейді» депті. Сол кезде менің әке-шешем қосыла жамырап: «Әкетай, көкетай, қанша сұрасаң да, тауып берейік. Тек баламызды заңға бере көрмеші!» деп жалыныпты.

Әлгі кісі тағы да біраз ойланып жатып: «Түсінем ғой. Сіздерге де оңай емес. Ұлдарыңыз өтініп болмай қойған соң, полицияға да хабар бердірген жоқпын. Дәрігерлерге: «Өзім білмеймін. Есім ауып қалыпты. Санам кірсін дедім» дегенде, әке-шешем: «Қанша сұрайсыз? Тауып береміз» деген ғой. Әлгі кісі «он бес миллион теңге» депті...

Осы тұста арқа-басы шымырлап кеткен Шерәлі: – Ой-бо-ой! Көп ақша ғой! – деп орындығына шалқалай отырды. Қабағы түйіліп, еріндері шүйіріліп кетіпті.

– Міне, мәселе осында болып тұр, – деді Гауһар, – Кредит ала қояйын десем де, айлық табысымның мөлшері оған сәйкеспейді екен. «Кепілге қоятын заттарың болса, береміз» дейді. Немді қоямын?! Осы хабарды естіген екі күннен бері не қыларымды білмей басым қатып кетті. Ойланып-ойланып, кеше саған звондадым. Әрине, телефонмен айта салатын шаруа емес, кафе дұрыс деп, осы «Шарапатты» таңдадым. Саған да айтқаным сол ғой. «Шарапаттан» шарапат бола ма деп. Ырымшылдық қой баяғы... Айтшы, не істейміз? Сенен басқа кімім бар? Ең жақын адамымсың. Болашақ күйеуімсің.

Шерәлі мең-зең боп, тұғжиып отыр. Бір кезде мұрнының астынан міңгірлеп: – Менде де ақша жоқ. Бәрін үйге салып жібердім ғой, – деді.

– А-а-а!.. – деп Гауһар қуанып кеткендей болды, – Айтпақшы, сенің үйің бар ғой. Өзім де көріп жүрмін. Екеуміз соны залогқа қойсақ қайтеді? Өзіміз таяуда үйленейік деп отырмыз. Амандық болса, ай сайын кредит төлеу екеумізге сөз бе!

Мына ұсынысты естіген Шерәлі де шаттанып кетті.

– Мынауың ақыл ғой! – деп, орнынан ұшып тұрғанын өзі де білмей қалды, – Ертең-ақ аламыз кредитті! Он бес миллион!.. Жоқ! Он алты миллион алайық. Сенің жүріс-тұрысыңа.

Шерәлі ертеңінде Гауһарды банкке ертіп барып, пәтерін кепілдікке қоятын болды. Сол күні банктен арнайы адамдар келіп, пәтердің жағдайымен танысып, бәрі дұрыс болған соң, келісімдерін берді.

Ақша толы дипломатты маңғаздана көтеріп Шерәлі банктен шыққанда, Гауһар бір күлді, бір жылады. Болашақ жұбайының қолына дипломатты ұстатып, таксиге отырғызып жіберерде Шерәлі: – Ал, Гауһарым! Асылым менің! Сақ бол! Қызылордаға аман жет! – деді.

***

Арада екі жылдан астам уақыт өтіп кеткен.

Міне, Шерәлі қиыр шеттегі шағын қалашықтың ең шетіндегі жаңадан салынған өз үйіне бүгін кіріп, есік алдында самаурын жағып отыр. Бармақтай-бармақтай ғана ағаш жоңқаларын самаурын өңешіне бір-бірлеп тастайды. Өзінің түрі жайдары. Әрине, жаңа ғана салынып біткен меншік үйіне кіріп отыр ғой. Кей сәтте бет-жүзі балаша құбылып, жымиып күлгендей болады. Сірә, тәтті қиялдарға батып отырған болу керек. Мүмкін, өткен өміріндегі күлкілі сәттері есіне түскен шығар.

Бір кезде сыртқы есікті ақырын ашып, жайымен жауып бір келіншек үйден шықты. Топ-тоқ балтыры дір-дір етіп, аяғын еппен басады. Ақырын жылжып, теріс қарап отырған Шерәліге жақындай түсті де, «аф» деп аңдаусыз отырған оның мойнынан құшақтай алды. Селк ете түскен Шерәлі келіншектің қос білегінен ұстап: – Баламды түсіре жаздадың ғой, – деді, – Алла-а! Адамды аямайсыңдар!

– Өзің қорқақ екенсің ғой. Өй-бүу! Көп қорққаннан болар, қырыққа жетпей жатып, шашың да ағара бастапты, – деді келіншек Шерәлінің төбесінен сипап.

– Е-е, ағарды ғой, – деді Шерәлі.

Содан соң әлдебір ойға батып кеткендей болып отырып: – Сәті түсіп тұрған сияқты, мен саған сәл-пәл ауырлау бір сырымды айтып берейін. Өзіңе орындық әкелші, – деді.

Келіншек жүгіріп барып орындық әкелді. Ол жайласып отырған соң Шерәлі самаурынның көмейіне ағаш жаңқаларын тоғытып-тоғытып жіберді.

– Енді жана береді, – деді сонсоң.

– Ал, айт сырыңды, – деді келіншек. Өзі Шерәліге сұғына қарап отыр.

– Айтсам... Бұл сырыма күлер ме екенсің, жылар ма екенсің, білмей отырмын.

– Айт енді! Құдай жылағаннан сақтасын! – деген келіншек етегін тізесінен төмен түсіре тартып-тартып қойды. Көзі күлмеңдеп, бетіне қан теуіпті.

– Мәриәм... Мен – әңгіме де айта алмайтын, біреуге сырымды да аша алмайтын адаммын. Екеуміздің үйленгенімізге де көп болған жоқ. Сондықтан, мен туралы біле де бермейсің... Отыз бес жасыма дейін екі-үш қызбен ғана жүрген болыппын. Ешқайсысынан опа таппадым. Әсіресе... ең соңғысы. Гауһар деген. Ол мені тотитып кетті.

– Қалай?

– Жалғыз ағам мәшинесімен кісі қағып кетті деді. Қаққан кісісі ауыр жағыдайда деді. Соған он бес миллион теңге бермесек, ағам сотталып кетеді деді. Таяуда үйленеміз ғой, сенің үйіңді кепілге қойып, он бес миллион кредит алайық деді. Мен келістім. Алып бердім...

Шерәлі тізесіне қойған қолымен жағын таянып, мұңды бір ойға шомып кеткендей болды.

– Иә, содан кейін не болды? – деді Мәриәм шыдамсызданып.

– Не болсын?! Ақ болды, көк болды. Ақша тұрмақ, Гауһардың өзі жоқ болды. Ол мені алдап соғыпты.

– Сонда... мүлде таптырмай кетті ме?

– Иә. Мен не деген ақымақпын десеңші, сол қыздың атынан басқа ештеңесін білмейді екенмін ғой. Фамилиясын да ұмытып қалыппын. Сонысын айтты ма, айтпады ма?..

– Қалай кезігіп жүрсіңдер?

– Мен бір тойға бара қалып едім, әлгі жерде бір керемет сұлу қыз жүр. Өзі маған қарай береді. Бір кезде биге шақырдым. Той аяқталғанша, тойдан кейін де бірге болдық.

– Кәдімгідей ме?

– Ол не сөз?

– Енді, «бірге болдық» деп отырсың ғой.

– Ой, сен де... жүріп жүрдік деймін. Шынымды айтайын, менің үйіме де қонып кетіп жүрді.

– Сонда тыныш жаттыңдар ма?

– Өзің түсініп отырсың ғой, несін сұрайсың. – Ол, тіпті, «аяғым ауырлап қалмай ма?» деп, өп-өтірік қорыққандай болып жүрді. Мен «әлі-ақ үйленеміз ғой» деп, жұбатып қойғам.

– Сонымен... әлгі кредитің не болды?

– Төлеп тұруға шашым жетпеді. «Төле! Төле!» деп, банктегілер күніне он рет звондайды. Проценті өскен үстіне өсе берген соң, кепілге қойылған жаңа пәтерімді банк бір-ақ күнде тартып алды. Өзім көшеде қаңғырып қалдым. Бүкіл арман-мұратым әдірем қалып, жұмыс істеуге де, жұмыс тұрмақ, өмір сүруге де ниетім болмай жүргенімде, осы Оспан ауылдасым жолығып, өлім аузынан аман алып қалды ғой. Оның өте бай адам боп кеткенін білмей жүріппін. Маған: «Сән салонын ашамын. Соған басшылық жасайсың. Жүр бізге, бәрін істеймін» деп болмай қойған соң, осында келдім.

Иә, Оспанға мың да бір рақмет! Оны Құдай жарылқасын! Сенімен таныстырды. Сен де мені күткендей болып, тұрмысқа шықпай жүр екенсің. «Іздегенге – сұраған» деген – осы! Өзің білесің, осы үйді де Оспан бес-ақ айдың ішінде салдырып берді. Қазір өткен өмірімді ойлағым да келмейді. Саған сыр қылып айтып отырғаным ғой. Білсін деп. Мен қазір мүлдем өзгерген адаммын. Өмірге деген көзқарасым да басқа. Жаңа самаурынның түтініне қарап ойлап отырмын – «Міне, бұл – менің үйімнің түтіні, менің ұрпағымның түтіні» деп. Бағанадан бері осы арадан қозғалмай неге отыр дейсің. Мына самаурын кернейінен шыққан түтін иісіне рахаттанып отырмын. Осы иісте, өмірдің иісі бар. Біздің өміріміздің иісі! Жай иіс емес, жұпар иіс!

Шерәлінің әңгімесін ден қоя тыңдап отырған Мәриәмның екі көзіне жас толып кетіпті.

– Қандай ғажап адамсың, Шерәлі! – деді ол орыннан түрегеліп. Сонсоң күйеуінің келте қидырған бұйралау қою шашынан сипап, иіліп маңдайынан сүйді.

Шерәлі жағын таянған күйі әлі де ой үстінде. Қалашық шетінен әрі қарай басталып кететін сайын дала көкжиекпен шектесіп кетеді екен. Ол соған қарап отырып:

– Мәриәш, – деді бір кезде, – біздің жеріміз не деген кең!

– Иә-ә!.. – деп, өзі де көкжиекке қадала қараған келіншектің ойына әлдене түсіп кеткендей, шұғыл ширап кетті. – Әй, Шерәлі! Біздікі не?! Кешке келетін қонақтарымыз бар. Дайындалуымыз керек. Алдымен шәйімізді ішіп алайық. Әне, қайнап та қалыпты. Самаурынды өзің әкелерсің.

Келіншек тез-тез басып үйге қарай жөнелді. Шерәлі орнынан тұрып кетейін десе, әлдебір терең ойдың шырмауынан шыға алмағандай, немесе өмір жұпарымның иісіне масайып қалғандай болып манаурап отыр.

Осы сәтте баяғыда өзі өле ғашық болған, біраз уақыт бірге жүрген, содан соң тез суысып кеткен Күлтай қыздың айырылсарда айтқан сөзін есіне түсіре қалды. Ол: «Жақсы өмірдің жұпары пәк сезімнен шығады» деп еді-ау! Әй, сол қыз... сол қыз жаман емес еді. Былжыраған өзі ғой, өзі! «Барлық бақыт –  байлықта!» деп ойлаған. Өзі!..

Шерәлі оты сөніп болған сары самаурынды көтеріп, қалтаң басып үйге қарай жөнелді.

Әбубәкір Қайран

"Адырна" ұлттық порталы 

Пікірлер