Заңгер әрі қазақтың аяулы ақын қызы Алма Түсіпбекова қазақ тіліне деген мемлекеттік биліктің қарым-қатынасын ашып жазып, ақиқатын айтты. Оның айтуынша, ана тілін білмеу ешкімді тағынан тайдыра қоймайды, тіпті, үйренуге жоғарыдағың құлқы да жоқ, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Өлеңді өміріне серік еткен қазақтың өжет қызы, заңгер Алма Түсіпбекова қоғамдағы қазақ тілінің қолданысына қатысты шындықты ашып айтты:
- Бір ауыз қазақ тілін білмейтін шенеуіктер үлкен лауазымда отыр. Отыз жылда бірнеше тіл үйренуге болады. Бірақ оларда құлық жоқ. Себебі тіл білмеу - лауазым тағына кедергі келтірмейді. Бұл дегеніміз - мемлекеттік билікте қазақ тілге деген сұраныс жоқ. Бұдан шығатын қорытынды тіл білмеу биліктің үш тармағына да сұраныс тудырмайды.
Алайда олар өзі қазақ тілін білмесе өз қызметкерлерінен қалай талап етеді? Екіншіден, Парламент әлі күнге дейін заңнаманы орыс тілінде қабылдайды. Әлі күнге дейін қазақ тілінде аударылған заң нормаларында қателіктер мен кемшіліктер жетіп артылады...Мәселен заң тіліндегі терминнің бір атауы кез-келген нормативтік-құқықтық актілерде әртүрлі қолданылады. Әлі күнге дейін заңнамада бірізділік жоқ...Айналып келгенде біз өз жерімізде, өз елімізде отырып осындай сорлы күйге жеттік. Әлі күнге дейін бізде жалтақтық басым...
Үшіншіден, мемлекеттік қызметте әлі күнге дейін аударма тіл деген бар. Осы аударма бүкіл жүйенің түп-тамырын шірітіп отыр... Бар мәселенің түйіні осында жатыр...Сондықтан аударма тілін құрдымға жіберу қажет.
Несін жасырамыз мемлекеттегі ең бірінші адам - Тоқаевтың өзі ана тілінде дұрыс сөйлей алмайды ғой. Президент ең бірінші халыққа өзі үлгі тұлға болуы керек!Ал бізде бәрі керісінше... - деді заңгер.
Бұған қатысты:
"Мемлекеттік қызметте мемлекеттік тілді білуге деген қажеттілік жоқ. Солай болмаған соң ештеңе өзгермей отыр. Мемлекеттік қызметке мемлекеттік тілді мүлтіксіз білетін және сауатты жаза алатын адам ғана қабылдануы керек. Осындай талап болмай отыр..." деп пікір білдірді оқырмандар.
"Адырна" ұлттық порталы