СВЕТҚАЛИ НҰРЖАН. ӨРТ

3283
Adyrna.kz Telegram

ӨРТ

Өрт ішінде жанып жатыр бес бөбек!..
Не істеу керек? Не істемек жөн? Не істемек?
Жан-шырылын есту үшін олардың –
Ар мен Иман, Сана мен Жад, Ес керек!

Шыңғырсаң да әлем менен күлемге,
Жан таппайсың қызыл өртке кірерге.
Бес бөбекке келмейді ешкім!
Өйткені,
БЕС МӘСЕЛЕ қаралмаған бұл елде!

Бес тал гүлім… жануда бес бүлдіршін,
Ай аңырап, жұлдыз шулап шыңғырсын –
ОДАН ДА ӨТКЕН МӘСЕЛЕ КӨП МАҢЫЗДЫ,
Жеті түнде жанған отқа кім кірсін?!

Бәң ұмытқан өртенген бес ботамды,
Жан ұлытқан өртенген Хош-Отанды…
Өрт сөндіріп жүрсе түнде жүгіріп,
Кім құшады «өртенген» жас тоқалды?!

Лапылдайды, шырқырайды – бес қыршын!
О ол өртке беттей алмас ешбір сұм.
Ол ЖАН-ҮНДІ естімедің фәниде,
Өрт-Тозақтың түбінде оны естірсің!

Сарыарқаның сары аязы сақылдап,
Туған Отан көргеннен соң ақыр жат –
Пана таппай бес көгершін кетті ұшып,
Қара түнде қанаттары лапылдап!

II

Тірі мүрде. Күл кейіпті мүсінге
Айналсам да, қып-қызыл өрт – ішімде.
Туған Тілім – отыз жылдай өртенген,
Лапылдайды менің отыз тісімде!

Сүйегімнің шашылғанмен күлі көк,
Бұл бір өрттің басылатын түрі жоқ.
«Жасыл арна» – кәпір-арна өртеген
Лаулаймын кеп Әзірет Сұлтан діні боп!

Қоңыр қозым, сеніп қызыл қасқырға,
Жүрсің әлі өрт-топанның астында.
Тау шарпиды өрт –үні болып қазақтың
Құнсыз кеткен «Қызылағаш» – тасқында!

Ақ ордамның түндігіне шоқ түсіп,
Шошып кетем, өртенердей от құшып.
Көк шарпиды өрт –құны болып қазақтың
Қан-Өзенде қырғын тапқан оққа ұшып!

Уа, қашан ораласың, Құт-Айбын? –
Енді қанша өртенемін, жұтаймын?
Бұлт көшеді…Түтіні еді ол қазақтың –
Тозағында жанған Кәпір-Қытайдың!

Жүрек лаулап, тіл лапылдап, қозды ұртым,
Жүрген жендет тойдыра алмай көз құртын
Бүлдіршінін тастай салад отқа үйтіп,
Ол себебі оққа қиған – өз жұртын!

Ей, Ер Қазақ, еске ап бағзы Сертіңді,
Жаз дертіңді, аш нұрсипат-көркіңді.
Өзің қорға өз кентіңді! –Көрдің ғой:
Өрт ішінде ботаң жанып жатса да,
Өрт ішінде Отан жанып жатса да,
Ешкім келіп сөндірмейді өртіңді!

Қорғамасаң, – текке кетпес бұл құрбан,
Ізің-тозың жоғалады тұл қырдан…
…Қабіріңде –Қауызынан жас төгер
Бес қызғалдақ – өрт ішінде шыңғырған!..

Пікірлер