Ағайындар-ау, бір-бірімізді алаламай, бірігетін кезіміз келді ғой?! - Заитов

4886
Adyrna.kz Telegram

"Ел арасы тату, мемлекеттің іргесі бүтін болсын десек, "қырылғанша" жұмылайық". Осы күнге дейін алға баспағанымыз бір-бірімізді аяқтан тартқанның кеселі ғой". Бұл пікірді ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттығына үміткер Ринат Заитов мәлімдеді, деп жазады "Адырна" ұлттық порталы. 

"Құрметті туыстар. Қарға тамырлы Қазақ баласы әр сайлау сайын неге жауласады? Айтыңыздаршы. Не қуып, нені көксеп жүрміз? Келісемін. Өткен кезеңде өкініш аз емес. Бірақ, не себептен біз бір күндік бәйгеге бола жүз жүйрікті алалап жатырмыз? Осы күнге дейін алға баспағанымыз бір-бірімізді аяқтан тартқанның кеселі ғой. Ағайындар-ау бірігетін кезіміз келді ғой?! Оңғар Қабден бауырым "Нар тәуекел"- "Нұр тәуекел"-деп мұқатты. Ия кейбір бауырларым үшін бір әріпті өзгертуде тұрған ештеңе жоқ шығар.... Өзіме олай емес. Бір әріптің маңызы өте зор. Өйткені, бір әріпті өзгертсең көөөп мағына өзгереді. Мысалы: Қазақтың бір әрпін өзгертсе -мазақ, Намыстың бір әрпін өзгертсе - қамыс болады, Сондықтан мен үшін Аманат пен Жаманаттың, Нар мен Нұрдың, Қошанов пен Қосановтың (дұшпандарға сыйлық) айырмасы өте үлкен. Әріппен алысқанша, Халықпен табысайық. Қолымыздан келсе жұлысқанша ұғысайық! Қалғаны жаратқанның құзырында.  Біз үшін бұл сайлау - елді жұмылдыратын бір науқан. Шатаспаңыздар", - деп жазды Заитов.

Ринат Заитовтың айтуынша, мақсаты бір адамдар өзара араздаспай, береке-бірлікте болуы маңызды.

"Мен бәріңізге тілекшімін. Әрбір тәуелсіз кандидаттың, әрбір партияның Құдай маңдайына жазған өз жолы бар. Дегенмен, бәріміздің тілегіміз біреу шығар? Ел арасы тату, мемлекеттің іргесі бүтін болсын десек, "қырылғанша" жұмылайық. Сөз жоқ мен- AMANAT партиясының бағдарламасын жақтаушымын(арғысын көрерміз.) Өйткені AMANAT партиясының бағдарламасында менің көп тілегім орын тауыпты. Енді соны жүзеге асыруға бар күшімізді жұмсауымыз қажет. Әйтеуір үміт-тілегі бір пікірлестерімнің жанындамын. Ертеңіме деген кішкентай сенім бар. Күмәнім жоқ бұйыртып, парламент төріне еліне жаны ашитын, жүрегінің қағысы- арам табысының арбауына бағынбайтын адамдар келсе, мемлекеттің болашағы болады! Тек ондай адамдар бір партия немесе бір ұйымда топтаспаған (себебі көп). Бір білерім, мақсаты бір адамдардың араздасуы мүмкін емес! Құдай үшін, ел үшін бір ай шыдап, барлық әлемге ынтымағымыздың барын көрсетейікші. Бір үміткерді төрге шығарамын деп, басқаларын көрге тығуды әдет қылмайықшы. Барлығы бір Құдайдың қолында. Әділ сайлау болса, әділ қоғам қалыптасатыны анық! Барлық үміткерлерге сәттілік тілеймін! Нар тәуекел!", - деді Заитов.

"Адырна" ұлттық порталы 

Пікірлер