“Алдыда үлкен дода”: Экономист Мақсат Халық сайлауға қатысуға куәлік алды

2923
Adyrna.kz Telegram

Экономист Мақсат Халық сайлауға қатысуға куәлік алды. Бұл туралы ол өзінің Facebook парақшасына жазды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

“Құрметті достар, сайлауға қатысуға куәлікті алдым. Енді алдыда үлкен дода, жаратқан өзі жар болсын!

Айналамда болып жатқан үрдістердің көптігі соншалық, қай досыма айттым, қай досыма айтпадым тіпті есіме түспей жатыр. Дегенмен хабарласып, қасымнан табылып жатқан бауырларға мың алғыс.

Жанашыр достарым, қандай көмек болса да қабылданады, штабыма қосылу, сенімді өкілім болу, қаржылай қолдау білдіру, тіпті ниеттес, тілектес болудың өзі маңызды. Өйткені қырықтың бірі қызыр, тағдырды бір алла ғана шешеді ғой.

Арнайы хабарлап жатқаным " Мақсат неге маған айтпадың?!" деген сөзді ертең естімес үшін, мені бағалайтын, сыйлайтын жандарға қарата жазып жатырмын.Сондай-ақ Талдықорған, Текелі қалалары, Алакөл, Ақсу, Көксу, Сарқан, Ескелді, Қаратал, Кербұлақ, Панфилов аудандарында тұратын менің әлеуметтік желідегі достарым болса хабарласыңыздар.

Мақсатты қолдайық деп жазбай тұра тұрыңыздар, үгіт насихат жұмыстары тек 18 ақпан күні кешкі 18-00де басталатынын ескертемін. Шын болысқыңыз келсе, жекеге хабар беріңіз”, деп жазды ол.

Пікірлер