Түркиядағы зілзаладан қаза тапқандар саны 35 418 адамға жетті. Бұл туралы Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған телеүндеу жолдады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
Анадолы агенттігінің мәліметінше, жиналыс Түркияның Төтенше жағдай салдарын жою басқармасының Анкарадағы штаб-пәтерінде өтті.
Ақпарат бойынша, жарақат алған 13 208 адам ауруханаларда ем алып жатыр.
Сондай-ақ, түрік басшысы бүкіл әлемнің сарапшылары Түркиядағы жер сілкінісін «айрықша табиғат құбылысы» деп атағанын айтып өтті.
Президент Ердоғанның сөзінше, апат аймағындағы іздеу-құтқару және басқа да жұмыстарға 250 мыңға жуық мемлекеттік қызметкер тартылған. Ол зілзала қиратқан аудандардағы іздеу-құтқару жұмыстары үйінді астындағы тірі адамдар аман шығарылғанға дейін жалғасатынын атап өтті.
Ердоғанның айтуынша, келесі айда Түркия билігі зілзаладан зардап шеккендерге арналған 30 000 үйдің құрылысын бастайды. Қазіргі уақытта 1,6 млн адам баспанаға мұқтаж.
«Апат аймағында 175 мың палатка, 5,4 мың контейнер үлгісіндегі үй орнатылған», деп атап өтті Ердоған.
Сондай-ақ, ол Түркия билігі зілзала болған аймақтардың бәрінде жыл бойы сапасы жоғары әрі адамдарға қауіпсіз тұрғын үйлердің құрылысын аяқтауды жоспарлап отыр. Ал апат аймағында 28 мың түрік сарбазы кезекшілікте тұр.
«Түркия уақыты бойынша 15 ақпан, 20:00-де Түркия, Әзербайжан және Солтүстік Кипрдегі Түрік Республикасында «Түркия – бір жүрек» ұранымен жер сілкінісінен зардап шеккендерге көмек көрсететін науқан болады», - деді Режеп Ердоған.