Түркиядағы зілзала: министрлік қаза тапқандар мен зардап шеккендер туралы айтты

2938
Adyrna.kz Telegram

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Түркиядағы зілзалада қаза тапқан және зардап шеккен  отандастарымыз туралы айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Ведомство Хатай провинциясының Антакья қаласында үй құлауы салдарынан қаза тапқан Әділ Қадырбеков пен Мирболат Құрмашевтің денелерін Отанға жеткізу үшін барынша көмек көрсетінін мәлімдеді. Марқұмдардың денелері 11 ақпанда Анталия-Алматы тұрақты рейсімен Қазақстанға жеткізіледі деп күтілуде. Барлық шығынды мемлекет өз мойнына алады.

«Жер сілкінісінен аман қалған Сабина Мамадьярова Адана қаласының мемлекеттік ауруханасында ем алып жатыр. Кеше оған зақымдалған қолына операция жасалды, денсаулық жағдайы тұрақты. Дипломаттар емдеуші дәрігерлермен тұрақты байланыста, қажетті медициналық көмек көрсетілуде. Бүгін консул оған жеке барып қайтады. Түркиядағы жер сілкінісі салдарынан болған қираулар туралы хабардан бері Министрліктің тәулік бойы жұмыс істейтін «жедел желісіне» 1 мыңнан астам қоңыраулар түсіп өңделді. Негізінен Түркия аумағында туыстарын табу туралы өтініштер түсті.
Сонымен қатар Түркиядағы дипломаттарымызға қоңыраулар мен өтініштер түсіп жатыр, олар осы бірнеше күн ішінде 150-ден астам отандастың орналасқан жерін анықтап, Қазақстандағы туыстарымен байланыс орнатуға көмектесті»,—делінген хабарламада.

Соңғы 4 күнде Газиантеп, Мерсин, Кахраманмараш, Диярбакыр, Шанлыурфа, Адана, Конья және Элязык провинцияларынан 124 Қазақстан азаматы шығарылды, оның ішінде 58 Қазақстан азаматы Астанаға репатриациялық рейстермен жеткізілді.

Пікірлер