АТТИЛАНЫҢ АҚПАРАТТЫҚ-ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ СОҒЫСЫ

3374
Adyrna.kz Telegram

«Ол бүкіл халықтарды сілкіндіру үшін жаратылған ер еді. Бүкіл елдерге сұмдық болып тиді, бәрін де қалтыратып жіберді, ол туралы хабардың өзі қорқынышты еді. Оның жүрген жүрісі маңғаз, көзқарасы мен қимыл қозғалысы аса тектілікті көрсетеді. Соғысты жақсы көргенімен тонаушылығы аз болды, ой қабілеті өте жоғары еді, сұраушыға қайырымды, сенген адамына өте мейірімді».

Бұл V ғасырда өмір сүрген византиялық тарихшы және елші Приск Панийскийдің Аттила - Еділ қағанға қатысты пікірі. Оның сөзінен біз Ұлы ғұн патшасының сол шақтағы қазіргі тілмен айтқанда, имиджі мен бренді туралы мағлұмат аламыз және де ондай деректер көптеп саналады.

Қас дұшпандарын соншалықты қорқынышқа бөлей отырып, сонымен қоса, мәрттігі мен ерлігін де мойындатып, сыйлатқыза да білген қандай күш?

Расында, жиһангер бабамыз көреген саясаткер, дана қолбасы ғана емес, ақпараттық-психологиялық соғыстың қас шебері болған десек, қалай?

Бледаның қазасы стратегия ретінде

Бірден айтайық. Осыдан 16 ғасыр бұрын жасаған көсемді PR-коммуникацияларын, маркетинг, политтехнология пәндерін білді деуден аулақпыз. Бірақ, аттары болмағанымен, затының қай заманда да болғаны шындық қой. Психологиялық соғыс – бұл әралуан айла-әдіспен адамдарды ақпараттық-психологиялық тұрғыда өңдеуден өткізіп, саяси, әскери, экономикалық басып-жаныштау мен қоқан-лоқкы, қорқыту жүргізу. Яғни, қарсыластар кез келген жолмен бір-бірінің ахуалы, көңіл-күйіне, көзқарасына, сезіміне барынша ықпал етуге тырысып бағады. Саяси және идеологиялық диверсияларды дайындау ақпараттық-психологиялық соғысқа тән ерекшелік. Оны ғылыми теория ретінде ХХ ғасырда бекітілді дегенмен, принцптерінің адамзат баласы пайда болғалы бері қолданылып келе жатқанын ешкім де жоққа шығара алмас.

Ерлікке толы өткен тарихымызды таразылар болсақ, көшпенді ата-бабамыздың бұл жағынан тіптен, басқа халықтардан артығырақ хабардар болғанына көз жеткізе түсеміз. Әр рудың таңбасы, ұраны, шежіресінің болуы сынды сырт көзге елеусіз көрінетін жайлардың өзі далалықтардың айталық, брендологиядан қара жаяу болмағанына бұлтартпас дәлел. Міне, осындай әмбебап ортада өсіп өнген Еділдің өмір мен өлім мәселесі шешілетін шайқастар барысында номадтық тәжірибелерді іске жаратпауы мүмкін бе? Өз кезегінде, ол да Азиядан алып келген соғыс өнерінің контактілі ерекшеліктерімен қатар, ақпараттық мүмкіндіктерін де іске асырмай тұра алмады. Психологиялық қорқытып-үркіту стратегиялары мен тактикаларын да «қайғы» еуропалықтардың басына үйіп-төкті. Нәтижесінде, олар Еділді өздерінің күнәлары үшін құдайдың жазалауға жібергеніне сенетінді шығарды. Бұл сенімнің қандай масштабта болғанын түсіну үшін француз тарихшысы М. Бувье-Ажанның «Аттила. Құдайдың қамшысы» атты кітабын індете оқу керек-ақ. Ол ол ма, ғұндардың алдында сол замандағы алпауыт елдер – Римнің батыс пен шығыстағы қос империясы не, ірілі-ұсақты тұтас мемлекеттер мен тайпалар соғыссыз бағынып, салық төлеп, алынбас қамалдар өз еріктерімен туын түсіруді әдетке айналдырды. Ал қолға түскен қарсылас жақтың сарбаздары мен білікті адамдары (сақ, сармат, алан, гот, франк, грек, римдік) ғұн ордасының қызметіне өтіп отырды. Бұл айтқанға ғана оңай. Бірақ, бүкіл бір құрлықтың жұртын өз идеологиясына ұйыту үшін де нендей әрекеттер жасалмады десеңізші? Ең өкініштісі, оның барлығын ата тарих біз үшін сақтап қала алмапты.

Десе де, бірқатар жазбалардың уақыт тезінен аман-сау өткенін атап өткен жөн. «Қорқыныштың көзі үлкен» демекші, олардың дені жеңілушілер тарапынан жазылып, обективтілік жағынан күмәнді болғанымен, құнды деректік база бола алады. Сондай деректің бір шоғыры – немере ағайынды Еділ мен Бледаның ордадағы арақатынасына арналған. Ондағы версияның бірінде ғұн көсемін билік жолында туған бауырын аямаған жауыз басшы ретінде суреттейді. Осынау көзқарас тарих өрінде ақырында Аттила образына әбден бекіп, кейіннен оны тақ үшін туысын өлтірген қаныпезер етіп шығарды. Қазір де бұқаралық мәдениетте осы ұйғарымның үстем екендігі айтпаса да түсінікті. Мысалы, 2001 жылы АҚШ-та жарыққа шыққан «Аттилла-жаулаушы» фильмінен осы ұстанымды байқаймыз. Тарихшы ретінде түбін қазып келсек, негізінен бұл жаңсақтық Рим азаматы Проспер Аквитанскийдің қаламынан тарады. Ал кейінгілер оны іліп алып кетті.

Әділдігін айтайық, Руғиланың көзі кеткесін ел тізгінін қолға алған Еділ мен Бледаның билікті тең бөліскенін, бірі шығысты билесе, екіншісінің батыста жорықтарда жүргенін куәландыратын естеліктер аз да болса бар. Мәселен, Византияға жылына 700 фунт алтын төлеп тұруға міндеттеген ІІ Феодосидің елшілігін екеулеп қабылдады деген де дерек бар. Бірақ, қандай да бір кикілжің туралы айтылмайды, қайта, Бледаның алдау жолымен жаулары тарапынан аңшылық үстінде қасақана өлтірілгені туралы Византия тарихшысы Марцеллин Комиттің жазып қалдырған хаты бар. Тарихшы бұған кінәлі Аттила деп «ләм» демеген, керісінше, сырт қолдардың кесірінен болғанын айрықша атап өткен. Ендеше, Бледаның өлімінен кейінгі оқиғалар ауанына қарап отырып, Еділдің өз бауырының құныкерлері ретінде римдіктерді танығанын байқауға болады. Егер ол бұған дейін олармен «ілдабайлап» бейбітшілік қатынасын сақтап келген болса, ендігіде ашық жаулық жолына түсіп, империяшылардың тынышын ала бастайды. Бұл бағыттың дұрыстығын венгрлер арасында тараған аңыздар шоғыры да дәлел бола алады.

Әфсаналарға қарағанда, Еділ бауыры қазақ тапқанда, оны асқан құрметпен арулап жерлеген екен. Ел ішінде бұл орын «Буда» аталып, кейіннен оның үстінде қала бой көтеріп, бүгінгі Венгрияның астанасы Будапештке айналған-мыс.

Бізге қазақ мақалымен: «Аңыз түбі – шын» деп, қол көтеру қана қалды десек артық емес-ау. Қалай десе де, қағанның нағыз көшпендіге тән «алыс-жақынға айбарлану» мінезімен, осы жағымсыз инциденттің өзін қажетіне асырып, «бауырын аямаған, дұшпандарын аяиды дейсің бе?» деген сарында қарсыластарын ықтыруға пайдаланған секілді. Сигналдық месседж ретінде пайдаланған деп болжамдауға болады. Болар іс болды. Неге мұны үрей тудырушы жарнама құралы етіп, саяси-әскери мақсатқа пайдаланбасқа?! Бұл жерден тағы да психологиялық ықпал стратегиясын көреміз.

Марстың қылышын иеленіп...

Еділ жайлы аңыз-әфсана, алып-қашпа әңгімелер өте көп. Оның тағы бірі қағанның соғыс құдайы Марстың семсер қылышын иеленгені туралы аңыз. Қару культінің көшпенділер арасында кеңінен тарағаны белгілі. Мысалы, грек тарихшысы Герадот сақ-скифтердің қасиетті семсерлер құрметіне адамдарды құрбандыққа шалатын дәстүрлері болғаны жайлы жазып кеткен. Яки мұндай семсерге ие болған жан бүкіл әлемді билеп, «суға салса батпайтын, отқа салса жанбайтын» ажалсыз баһадүрге, қазіргіше айтсақ, суперменге айналады деген сенім болған.

Асылы аңыз желісінше, бұл семсерді Еділге бір бақташы тауып әкеліп берген дейді. Бұл оқиғаны біз сөз басында келтірген Приск Панийскийдің сөзіне сүйеніп, тарихшы Иордан өзінің «Геттердің пайда болуы мен ұлы істері жайлы» деген шығармасында былайша баяндайды: «Ол (Еділ) табиғатынан менмендігімен ерекшеленгенімен, онысы скиф патшалары қасиетті деп санаған Марстың семсерін тауып алғаннан кейін тіпті артып кетті». Сондай-ақ, ол даңқты қарудың қалай табылғаны туралы: «Бір бақташы бір тайыншаның ақсап қалғанын байқайды. Оның қалай жараланғанын білгісі келіп, қан іздерімен жүріп отырып, жайылып өткен жерінен аяғын тіліп кеткен семсерді көреді де, оны бірден Аттилаға апарып береді. Бұл онсыз да тәкаппар Еділді қатты қуантып, өзінің әлем билеушісі боларына сеніп, Марстың семсері арқылы соғыстарда жеңіске жететін қуат берілді деп сенді» деп жазады.

Осы жерде мына бір түйіннің басын тарқатып алмай болмайды. Присктің ғұн әміршісі туралы дерекнамаларына құрметпен қарауға басқаларда жоқ нақты бір себеп – оның Еділмен жүзбе-жүз кездескені. Өйткені, ол 488-жылы ғұндарға келген Византия елшілерінің құрамында болды. Ол бірінші көзден ұлы билеушінің семсерге негізделген нақты психологиялық портретін беріп отыр. Бәлкім, семсер туралы аңыздың иесі Еділдің өзі шығар?! Әбден мүмкін ғой. Мұны енді жаңа заман білімімен қаруланған пиаршылар да қостайды деген ойдамыз. Шынымен-ақ, замана рухы мен ерекшелігіне сай сауатты жасалған политтехнологияның елесі бар миф. Көптеген көшпелі халықтың мәдениетінде семсер, қамшы жоғары биліктің белгісі болып саналды. Ал «ғажайып жолмен» табылған алмас семсердің құдайдың ел бастаған басшыға деген разылығы деп қабылданғаны анық. Әрине, біздің заманымызға ол семсер жеткен жоқ. Кең тараған болжамдарға сәйкес Еділмен бірге көмілген болуы да мүмкін.

Біздіңше, қандай да бір мистикасыз, суық ақылмен қарастырар болсақ, мұның бәрінің мәнісі мынау: Көшпенділер ордасының билеушісі ретінде ғұн әміршісіне стратегиялық-тактикалық міндеттерді жүзеге асыру үшін ішкі және сыртқы имидждің тылсым сипатта болуы өте маңызды әрі пайдалы нәрсе болды. Біріншіден, бұл елбасының легетимділігін арттырып, мемлекетті басқаруды оңайлатады. Екіншіден, қауіпсіздікке біраз кепіл болады. Құдайдың өзінен сый алған байпатшаға кім бата алсын?! Оның үстіне сол замандағы түсінік бойынша анау-мынау емес, соғыс құдайының өзінің семсерімен қаруланған көсемнің жетекшілігіндегі жеңімпаз әскер туралы халық арасына тараған сыбыстар оның бірқатар елді күшпен емес, келіссөздер арқылы жаулап алуына мүмкіндік берді деп топшылаймыз.

Жалпы, тарихшылардың тұжырымынша, оның атымен байланысты таңғажайып әңгімелердің тудырған эффектісі нақты қолбасылық әрекеттерінен де тиімді болып, сол заманның іргелі мемлекеттерімен «бопса» ойынын ойнауына мүмкіндік берді. Айтып айтпай не керек, Еділ патшаның семсері туралы аңыз осы ойынның бір бөлігі болса да таң қалуға болмайды. Мүмкін мұнда шынымен-ақ, қандай да бір сакральды шындықтың үлесі бар?! Бірақ, атыңды өлтірмей, өз имиджіңді шебер басқару деп осыны айт! Қанша ғасырлар артта қалды. Соған қарамастан, адамзат жадында қайраткерлігі әлі де қызығушылық тудыратын артына үлкен сұрақ белгі қалдырып кеткен жұмбақ тұлға болып қала алды.

«Құдайдың қамшысы» лақабы

Еділдің жеңімпаз мегамифіне тамызық тастаған символдар шоғыры тек мұнымен шектелмейді. Жаугершілік заманда елді ырымшыл, нышаншыл болмады деп тағы да айта алмаймыз. Осыны баса айта отырып, тарихшы М. Бувье-Ажанның жазуынша, сол шақтары көптеген христиан дінбасылары мен даналары қайдан пайда бола кеткені белгісіз, әлдебір алыс өлкеден ауып келген салт атты, аз санды бейтаныс халықтың қалайша мұншалықты қысқа мерзімде басқаларға бас білдіргенін ақылға салуға тырысты. Салды да ақыры мұны «құдайдың бағдарламасы» деген шешімге келіп, оған «Құдайдың қамшысы» немесе «антихрист» деп онсыз да бренді күннен күнге тұғырланып жатқан ғұн әміршісіне қолайлы айдар тақты. Олар тіптен, бірауыздан: «Еуропада салтанат құрған азғындық үшін, Құдай бізге ғұндар мен олардың әміршісін жұмсады» деп, ақырзамандық белгілерді тізбелей жар салған. Ал кейбіреулері «құдайдың еркіне қарсы келуге болмайды, ол миссиялы басқыншы» деп, оған бағынуға үндеп, жеңімпаз болуына тілекстестік білдіріп, ақ баталарын берген көрінеді. «Сол кездері дінбасылар айтты» делінген көне кітаптарда сақталы қалған мадақтардың бір шоғыры: «Алапатыңыз артсын, қаһарыңыз бұрқ-сарқ қайнасын», «Жеңіске бара жатқан жанды жебе ала алмайды», «Аттила шайқасып жатқанда бейғам жатқандар, көрге түстім дей берсін» деп келеді.

Өз кезегінде, қаған да ел аузына ілігіп, мұндай қауесеттер тудырудың жақсы жақтарын молынан пайдалана білген бе дейміз. Қуана қабылдамаса, қарсы да болмағандай әсер қалдырады. Көптеген фактілер соған меңзеп тұр. Тағы бір академиялық мысал, ағылшын жазушысы Уэсс Робертс «Ғұн Еділдің көшбасшылық сырлары» атты кітабында бұл мәселе тіптен айқын жазылған: «Ол аз ғана адамның басына қажетті ойды салу арқылы, үлкен алау тұтатып, мыңдаған адамды өз құрбандығына айналдыра алатынын түсінді. Демек, қаңқу сөздің арқасында «ұлы жаулап алу» жолындағы көптеген кедергілерді алып тастауға болады екен. Қаған өзін адамдардың сынынан жоғары санады. Бірақ бедел де маңызды еді. Ол өзінің кім болғанын, неге қол жеткізу керегін білді. Өйткені, оған соғыс пен келіссөздердің нәтижесіне әсер еткені керек-тін. Осылайша Еділ жылнамаларда ойып орын алған тарихи лақап атына ие болысымен, ол оны түрлі жерлерді жаулап алып, мыңдаған адамнан салық жинау үшін өзінің артықшылығы ретінде пайдаланды» деп кеңінен толғайды.

Әлхисса, әр нәрсенің бір себепшісі бар, барлығының басында бір тұлғаның лепесі тұрады, Еділдің осынау қаһарлы атын оның ерекше өрлігіне, мұратшылдығы мен қайсарлығына тәнті болған Луп есімді Труа архиепископы қойған деседі. Монах батыс әлемі әлі Еділді жіті танымай жатқан шақта, оны туған қаласының қабырғасынан бір көргенде-ақ еңіреп: «Мен құдай отарын арықтатып жүрген Луппын, тәңірінің шыбыртқылауына мұқтажбын» дей келе: «Құдайдың қамшысы, сенің келуіңді тәңірі жарылқасын, қызметіңе құлдық! Сені тоқтататын мен емес» деп өз қауымына дереу мойынұсынуды бұйырған дейді. «Ауызы дуалы» деп осындайды айтса керек. Оның бұл шешімі ел ішіне тез тарап, құдайшыл дінбасылар мен халықтың қарсыласу емес, қосылуға бағытталған бодандану процесін жеделдеткен тәрізді.

Қолбасылар прагматик келеді.

Еділ де сол қатардан. Жаулап алып жатқан жұрттардың рухани басшыларының өздері мұны тәңірі еркіне теңеп, өз-өздерінен қалтырап, тізе бүгіп жатса, қайдан «қойыңдар» десін. Ол мұндай жаңа аттың, Марстың қылышымен қатар, майдан даласында және дипломатиялық шараларда психологиялық басымдық беруге әлеуеттілігін бірден аңдады деп болжаймыз. Бұдан шығатын қорытынды сол, ұлы әмірші қарсыластарынан бөлек, өз адамдарына да, әскеріндегі жүз мыңдаған сарбаздарға да ерекше әсер ететінін біліп, бірден жаңа харизманы сіңісті етіп алған. Қысқасы, бұл концепцияның оған ұнағаны сондай, мақсатты түрде оны дамыта бастаған сияқты. Келе-келе қалалардың қақпасына келіп: «Мен – Аттила! Құдайдың қамшысымын! Аш қақпаны» деуді шығарғаны туралы жылнамаларда жазылған-дүр. Тиісінше, көп қалалар мұнан соң соғыссыз берілген немесе азаттықтары мен амандықтарын мол дүниеге сатып алып отырған.

Дәлел іздеп алысқа барудың қажеті жоқ, қағанның Каталун шайқасынан кейінгі екінші жорығында Рим түбіне ат ойнатып келгені баршаға мәлім емес пе? Еуропа хроникаларында оның алдынан арашаға Рим папасы І Левтің шығып: «Армысың, Құдайдың қамшысы!» деп сәлемдескені туралы жазылған. Сондағы қисынға сәйкес, Еділ епископтың сөзі мен өзіне деген құрметіне тәнті болып, ұсынылған контрибуцияны алып, Италия шегін тастап кеткен делінеді.

Иә, «Құдайдың тоқпағы» атану, тарихшы М. Бувье-Ажанның бағамдай білгеніндей, өте қорқынышты анықтауыш. Тіптен, заманының моральіне сәйкес әрекет еткен, сөйте отыра, кейбір еуропалық әміршілер секілді (Вандалдар корольі Гейзерих пен гот корольі Эврих адамдарды діні мен тегіне қарай қудалаған) патологиялық қаныпезерлікпен ауырмаған адам ретінде Еділге қарата қолдану, бір жағынан, тым қатыгездік. Екінші жағынан бұл, сол шақтағы батыстың далалықтардан ақпараттық соғыстан толық жеңілгенін көрсетеді. Кейіннен олар осы жеңілістің қарымтасы ретінде қандай да бір негізсіз, «Еділ жас қалыңдығының қолынан өліпті» деп жиһангердің абыройына дақ салуға тырысты. Мысалы, бірнеше ғасырдан соң жаулары Шыңғысхан өлімі туралы да осылай деп қоңырсытатын болады.

Хош, антагонист сипатты адамзат қоғамының бір ерекшелігі осы. Солай бола тұра, жаулық ниет уақыт өте маңыздылығы кеткесін жоғалуы керек қой. Алайда, еуропалықтардың іс жүзінде осы лақаптың әсерінен әлі арылмағанын көреміз. Ол әлі күнге толастамаған Еділдің лидерлік бейнесінің демонизациясы үрдісінен байқалады. Тіптен, Еуропа өркениетінің матрицасына тасқа қашалғандай орнығып қалды. Біле білгенге, бұл өз уақытында бар болғаны «жаулау маркасы», диверсиялық ақпарат жеткізу құралы ғана болатын. Біздің пайымымыз осындай.

Ұлы мифтердің артындағы шындық

Заманында қаншалықты құрметтеді десек те, Рим және Еуропа христиандарының Еділді жан-тәндерімен жек көргендері талассыз ақиқат. Мұның бәрінің ұлы жиһангер тудырған қорқынышқа негізделгенін де жоққа шығара алмаймыз. Бүгінде ұлы даланы құлдандырған Ресей қайраткерлеріне қалай сыздана қараймыз, сол сияқты, олар да оны құдайдың шапағатына лайық емес, сондықтан да ібіліс ісін жасауға туған алпауыт тұлға көрді. Оны тәңірі жазасына балағанда да, осы мәнде топшылады деп толық айтуға негіз бар. Адамның лақабы оның қоғамдағы орынын көрсетеді. Сондықтан да, жанды құтқарып, мәңгі өмірге ие болуға бағдарланған христиан әлемінде Аттила тек зұлымдықтың құралы саналуы заңдылық. Бұл Еуропа өнерінде кеңінен көрініс тапқан десек артық емес. Басқасы басқа, ұлы итальян ақыны Данте Алигьеридің «Құдіретті комедиясында» Аттиланы тамұқтың жетінші қабатына орналастыруының өзі көп жайдан хабар бермей ме? Ол біз үшін қаһарман, ал олар үшін өтің жарылып кетсе де, езуші, бет қаратпас жойқын күш, орктар ордасының әмірі!

Бірақ-тағы, көшпелілер өркениетінің перзенттері һәм бүгінгі жалғасы ретінде осы образдың саяси-әскери мақсатта саналы түрде жасалғанын да ұмытпасақ керекті. Ұлы қағанның іс-қимылына қарап, дұшпандарының физикалық болмысын емес, ой-санасын нысанаға алып, ақпараттық-психологиялық соғыс жүргізгенін айғақтаймыз. Қала берді, алыстан «пайғамбар» іздесек, «Еділді бір кісідей таныды» деген жазушы Уэсс Робертстің де, тарихшы М. Бувье-Ажанның да зерттеулерінің қорытындылары да осыған саяды (Ықыласты ізденушілерге сол еңбектерді ұсынамыз!). Зерттеушілер айтқандай, ол жерде ешқандай да мағынасыз іс-қимыл болған емес. Барлығы да белгілі бір стратегиялық мақсаттың аясында белгілі бір міндеттерді шешуге бағытталған. Керек десеңіз, қайда жерленгені, моласының жасырылуы да бекерден бекер емес, әлдеқандай нышандық мәнге ие болуы кәдік.

Кей деректерге қарағанда, Еділ өз қосындарына барынша тағы, қатал кейіпке еніп, мүмкіндігінше қорқынышты көрсететін тері мен жүннен жасалған сиықсыз киімдер киюге, сондай-ақ, жатжұрттықтардың көзінше жоғары эффект үшін шикі ет жеп отыруды талап етіп отырған. Ал қолға түскендер барынша азапталуға, қарсыласқандар тып-типыл болуға тиіс болған. Бұл не деген сөз? «Қара пиар» демеске шара бар ма? Бұған орда адамдарының сол шақтағы еуропалықтар үшін таңсық моңғолойдтық бет-әлпетін, бас сүйектерінің қолдан жасалған деформациясы, сақалсыздық, тапал жылқылар, сондай-ақ, қысқа садақ, шалбар, үзеңгі, ысқырықты жебелер тәрізді технологиялық инновацияларды қосыңыз. Жан шошырлық «қоспа» шыққан жоқ па?

Сайып келгенде, мұның барлығы ұлы қағанды көзі тірісінде-ақ аңыз тұлғаға айналдырып, жойқын ғұндар туралы алыпқашпа сыбыстарға негіз болып, жауларының құтын қашыруға, қарсыласу ерік-жігерлерін үгуге қызмет еткен деп батыл айта аламыз. Сондықтан да, Еділді тарих беттерінде неліктен «Менің атымның тұяғы тиген жерге шөп шықпас» деген қаһарлы сөзбен қалды деуге болмайды. Бұл төңірегін түгел мойындата білген жеңімпаздың сөзі! Дұшпанын соғыспай, рухтық деңгейде жеңе білген стратегтің өмірлік пәлсапасы десе де болады.

Осы орайда, қағанның есімі неліктен бүгінгі ЕО-да ауыспалы мағынада: стихиялық апат, катаклизмді білдіретін ұғым ретінде қолданылып келеді деп сұрау да артық. Тұтас бір нәсілдің генетикалық жадына өшпес із қалдыра білген тәсілқойлығын генийлік емес деп көр! Өзі жоқ болса да, атақ-айбары, алапат дақпырты, дұрыс пайдалана білсе, қай-қай елге қолшатыр болуға жарайтын брендтік капиталы, ұран қылып аларлықтай айбарлы аты қалды. Осы жағынан біздің де тең құқылы әріптестеріміз – венгрлердің Еділ бейнесін меншіктеуге ұмтылуын түсінуге болады. Шыңғысты бары да, нары да еткен заманауи Моңғолия, Темірді тегеурінді бейнесі еткен Өзбекстанды ақымақ деп кім айтты? Бұл арқалы ақынымыз Мұхтар Шаханов айғайлатып жүргендей, әсте басқыншылық пен жауыздықты әспеттеу емес. Бар болғаны, факт констациясы!

Ол ұлы шайқастар уақыты болатын: Басы да, соңы да емес. «Не сен оны, не ол сені!». Үрім-бұтағыңмен құлданып, қырғын таппас үшін, басқа жол жоқ-тын. Соғыста барлық құрал әжетке жарай береді.

Мүмкін артында қалған ұрпағының бір тобы ретінде біз де әлдебіреулердің көзіне милитарист, әруақты жұрт көрініп тұра ма екенбіз, кім білсін? Қанша дегенмен, ол біздің үстем болған дәуіріміз еді. Ол шақтың да шытырманға толы өз романтикасы бар. «Барар жерің – Балқан тау, Ол да біздің барған тау» дегенді атам қазақ бекер айтты дейсіз бе?! «Балға кезіңде ұрып бақ, төс кезіңде шыдап бақ» демекшіміз. Өмір – күрес. «Тарихтағы барды бар, жоқты жоқ» деп айтатын кез келді! Осы елдігіміздің бастауында тұрған Еділ қаған да бұдан тыс емес.

Абылайхан Қалназаров,

Мәдениеттанушы-лингвист

Пікірлер