Түркістанда тұрғын үй дауы. Жер мемлекетке керек пе? Әлде, бизнеске ме?

2301
Adyrna.kz Telegram

"Адырна" порталының редакциясына Түркістан қаласының тұрғындары хабарласты. Еңірегенде етегі жасқа толған тұрғындардың айтуынша оларды жергілікті билік күштеп, мәжбүрлеп көшірмек. Жергілікті билік мемлекеттің ұсынған ақшасынан бас тартқандарды күштеп көшіруге көшкен. Олардың берген ақшасына қазір Түркістаннан үй ала алмаймыз дейді.

Өзін Гүлзия деп таныстырған тұрғын "менің үйімді 13 миллион теңгеге бағалап отыр. Менің үйім Қожа Ахмет кесенесінің тура алдында.  Ол ақшаға мен үй ала алмаймын ғой. Түркістан облыс орталығы болғалы үйлердің бағалары екі есеге көтеріліп кетті. Үй алайын деп іздеп едім, 24-25 миллион сұрап отыр. Менің көршім 8 миллион теңгеге үйін Үкіметке сатты. Қаланың шетінен 13 миллионға үй сатып алды. Үйлерін сатып жатқандардың көбі мемлекеттік қызметкерлер. Оларды жұмыс орны арқылы қорқытып, көшіруде. Халықпен санаспайтын не деген мемлекет бұл"- деп телефоннан жылап жіберді. Ол кісінің айтуынша, сатылған үйлерді үкімет емес, әкім-қаралар мен бизнесмендер сатып алуда дейді. "Естіп жатырмыз. Ол үйлерді сатып алып жатқан ақшасы бар шенеуніктер мен бизнесмендер екен. Өздерінің болашақ бизнесі үшін" дейді ашынған ана.

Мөлдір есімді шаһар тұрғыны биліктен көңілі қалғанын, көмекті журналистер мен қоғамнан ғана күтіп отырғанын айтты. Оның айтуынша, сол күні анасы жұмыста болған үйде екі інісі ғана болыпты.  "Біз ешқандай құжатқа қол қойған жоқпыз. Керек десеңіз есеп-шотымызға ақша да түспеген. Ал, олар келген де үйді бұзып тастаған. Алдымен сарайдың ішіндегі заттарды далаға шығарып, сосын сарайды құлатқан. Үйде ұйықтап жатқан екі інім далаға атып шықса, сарайды құлатып тастап, Үйдің шатырларын бұзуға кірісіпті. Мен бөлек тұрамын. Тұрмыстамын. Кішкентай балам барына қарамастан ұшып жеттім. Анам да келген екен. Сол жерде приступ алып, құлады. Жедел-жәрдем анамның екінші рет приступ алғанын дәлелдейтін анықтама берді. Сөйтіп, ауру анам екі бауырыммен далада қалды. Қазір мен үйіме алып келдім. Анам сөйлей алмай отыр. Үлкен інімді сол жерде жүрген иатқамінерлер қорқытыпты. Көршілерім көріп қалып, арашалап алыпты. Біз прокуратураға арыздандық. Бірақ, біздің арызымызды кім тыңдасын. Көмектесіңіздерші өтініш" деп жылап отырған жас анаға не айтарымызды білмедік.

Мөлдірдің анасына жедел-жәрдемнің берген анықтамасы.

                                                                                 

                                                                                              Әкімдік не дейді? 

 

Ал, біз осы іс бойынша сұрау салдырған Түркістан облысының баспасөз қызметі бізге мынандай ақпарат ұсынды.

Түркістан қаласын көркейту және кесене маңынан «Рухани-мәдени орталық» аймағын кеңейтуге қажетті жерді дайындау мақсатында мемлекет мұқтаждығы үшін 168 (14 кәсіпкерлік, 154 тұрғын үй) нысан мемлекетке қайтарылады.
Осы 168 нысанның бағалау жұмыстары 2 025 545 172 теңгені құраған. Аталған нысандардың 95 меншік иесі келісім беріп, оларға 1 139 756 000 теңге төленеді. 44 нысанның меншік иелері келісім беруден бас тартуына байланысты сотқа талап-арыз жолдануда. Қалған 29 нысанның иелерімен келіссөз жүріп жатыр. Бағалау жұмыстарын мемлекеттік сатып алу заңына сәйкес, «Экспо Оценка» ЖШС жүргізді.
Бағалау сомасына келіспеген тұрғындардың наразылық білдіруіне байланысты облыс әкімі азаматтарды қабылдап, тиісті түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Бұған дейін қала басшысы осы жайтқа қатысты бірнеше рет тұрғындармен кездескен болатын. Қазіргі таңда 29 адамнан құрылған арнайы штаб меншік иелерімен жұмыс жасауда.
Жұмыс тобының нәтижесінде үстіміздегі жылдың 28 қаңтарына дейін 95 меншік иесінің келісімі толығымен алынған. Бұл келісімі алынғандардың ішінен 41 меншік иесіне мемлекеттен 471 млн. теңге қаржы төленіп, оның ішінде бүгінгі күнге дейін 28-нысан бұзылды.
Бұзу жұмыстарына әкімдік тарапынан көмек тобы құрылып, арнайы техникалар мен жұмысшы тобы құрылыс материалдарын тұрғындардың қалаған мекен-жайларға жеткізіп беруде.
Сонымен қатар, жер телімдері мен жылжымайтын мүлік иелерінің арасында түсіндірме жұмысын жүргізу үшін және оларды тұрғын үй-жайлармен қамтамасыз ету жолдарын қарастыру үшін арнайы 14 жұмысшы топ құрылған. Осы топтың жұмыс нәтижесінде қаладағы 500-ге тарта сатылатын жеке үйлер анықталып, меншік иелеріне ұсыныстар жасалып отыр. Қала бойынша сатылатын үйлердің 90 пайызы 10-20 млн. теңге аралығында.
Түркістан қаласында жердің әр соттығының кадастрлық құны 88 мың теңге болса, тұрғындарға нарық бағамы бойынша 515 мың теңге беріліп отыр. Сондай-ақ, тұрғын үйдің құрылыс материалдарының түріне, сапасына (кірпіш, қыш, шлакоблок, шифер, іргетасы т.б.) қарай әрбір шаршы метріне берген 55 пен 90 мың теңге аралығындағы бағасына келіспей отырған 44 меншік иесі бар. Оларға қала әкімдігі және прокуратурасының мамандарымен кездесу өткізіп, мемлекеттің ұсынған қаржысына келіспеген жағдайда жеке бағалаушы жалдай алатындығы және шешімін сотқа ұсынуға құқылы екеніндігі түсіндірілді. Тіпті кейбір тұрғындар тарапынан үй құжаттарында орын алған қателіктерді қайта рәсімдеуге әкімдік тарапынан заң талаптарына сәйкес кеңестер беріліп, қолдау көрсетілуде.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

P.S. Түркістандық тұрғындар қаламыз облыс орталығы болды дегенде қуанып едік. Дәл осылай баспанасыз, далада зарлап қаламыз деп ойламадық дейді. Шеттен көшіп келген қандас ағамыз "Біз Үкіметке, Назарбаевқа сеніп келдік қой. Далада қалдық. Халқым-ау айдың-күннің аманында Отанымызға келіп қаңғып қалдық қой. Енді қайда барамыз" деп, азамат басымен еңкілдеп отыр.

Біз Түркістан облысы әкімдігінен осы оқиғаға қатысты ақпараттың анық-қанығын күтеміз. "Адырна" ұлттық порталы осы мәсеклені назарда ұстайтын болады.

 

Оңғар Қабден

"Адырна" ұлттық порталы 

Пікірлер