Қазақ тәуелсіздік алғалы ширек ғасырдан асты. Қилы тағдырлы алаштың тарихы қайта таразыланып, кеңес дәуірінде тыйым салынған парақтары жария етіліп жатыр. Ақтара білген адамға жасырылған көмбе көп. Тек кілтін табу қиын, сұрқия заман куәгерлері көз жұмған, ел ішінде ауыздан ауызға тараған әңгіме үзік-жұлық, сұйылған, дерек тапшы. Әйтсе де ... Сыршыл Мағжан ақын:
«Ерлерді ұмытса де ел, сел ұмытпас,
Ерлерді ұмытса да ел, жел ұмытпас.
... Арқаның селі, желі, шөлі, белі,
Ерлерді ұмытпаса, ел де ұмытпас» деп жырлағанын қаперге алайықшы. Ел үшін туған ерлерге қоныс болған киелі мекеннің топырағын басып, жұпар ауасын жұтып, кеудеңді керіп, төңірекке қиялмен көз жіберіп, құлақ түріп, ойға шома қалсаң, жел тербеп сыбдырлаған қурайы мен діріл қағып көл бетінде ойнаған майда толқынына да тіл бітіп, сыбырлай сыр шерте жөнеледі...
... Осыдан он бір жыл бұрын құс атуға бекінген аңшы жігіттер кешқұрым Ақкөл-Жайылманың тоғыз көлін бетке ұстап жолға шықты да, соларға ілестім. Мылтық асынған аңшылар қамыс ішіне еніп, көл жағалап кеткенде, мен иен, елсіз далада елеусіз жатқан Тоққұлы мен Көктөбе ауылдарының ескі жұртын жаяулап кездім. Сондағы көрініс, тылсым дүние таңғажайып күйге бөлеп, санама өлең болып құйылды.
Үгілген қышы,
су мүжіп, үңгіп, жел тиген,
Ымыртта үйлер,
кемпірдей белі бүкшиген.
Шанышқан, әне,
төбеде жалғыз сырық тұр,
Қарауыл қарап,
төңіректі шолып, селтиген.
Үрейің ұшып,
дегбірің қашып, абынба,
Тізеңді бүгіп,
жолаушы, бір сәт дамылда.
Базары тарқап,
иесіз қалған жұрт деме,
Өлгендер жатыр,
ес болып сонау қорымда...
Ұясына қонуға еңкейген күннің қызыл жалқын бояуынан ескі зираттардың қалқиған құлақтары зорая көрінген шақта мен, әрине, үстін дала шөбі басқан қабірлердің бірінде Көктөбенің көкжалы – Хамза мергеннің мәңгілік дамылдап жатқанын білген емеспін. Алайда құйтақандай жүрек сол сәт шымырлап, ескі жұрт пен ескі қорымда ел-жұрт тегіс біле бермейтін сыр мен құпия көп екенін сездірген-ді.
... Хамза мерген есімін алғаш рет, арада бірер жыл өткен соң, Ақкөлде ұста болған Сағымбай қарт Жұмаділдаұлының аузынан Екібастұз қаласындағы үйінде қонақ болғанымда естідім. Көп ішінен дараланбай, қой аузынан шөп алмай, момақан қалыпта өмір сүрген қарияның кеудесі толы қазына екенін білмеппін.
... Қызыл өкімет күшіне мініп, қазақ байларының мал-мүлкіне кәмпескелеу жүргізіліп, шолақ белсенділер құтырған 1929, бәлкім 1930 жылдың жазы екен. Жеті атасынан дәулеті үзілмеген, Ақкөл-Жайылма елі қысқа сақал Сәдуақас деп атап кеткен Бұланбайдың Сәдуақасы інілерімен қоса атақонысы Қибайдан сүргін көріп, Басқамыс пен Қарақоға арасындағы ну қамыс-қопа ішінде бой жасырып жүргенінде, бір белсендінің көрсетуімен НКВД тұзағына түседі. Салт аттылы милиционерлер бай-мырзаларды матап, арбаға отырғызып, жолға шығады. Митың жүрістен жол өнсін бе, ымырт үйіріле тоғыз көлдің бірі – Әулиекөл жағасында еру жасайды. Күн батып, айнала тастай қараңғылық құшағына енген түн ішінде Хамза мерген бастаған бес-алты қарулы жігіт қалғып-шұлғыған қызыл жағалыларға тап беріп, ың-шыңсыз қарусыздандырады. Сәдуақас пен інілерінің қол-аяғын байлаған қыл арқанды шешіп, бір-бір атқа отырғызып, із жасырады.
- Хамза ер жігіт еді. Ондай адамның тағдыр-талайы қиын, бағы кем, соры қалың болады, қарағым,- деп еді сол жолы Сағымбай қарт.
- Хамза мергенді әкем Кәкен бала күнінде көріпті. Қылдыкөлдегі Қасқыр аралында бой тасалап жүрген кезі екен. Менің әкем өз әкесі Тәшімге еріп сол жаққа балық аулай барыпты. Ақшам жамыраған шақта көл шетінде балық сорпасын ішіп отырғанда, Хамза мерген қамыс арасынан шыға келіпті. Қабағы қатулы, сұсты көрініпті. Тәшім мен Хамза түні бойы от басында заманның ау-жайын сөз етіпті де, таң қылаң бергенде мерген жымын білдірмейтін жолбарыстай басып кетіп қалыпты», - деп, әңгіме тиегін ағытты.
Жассерік Сәдуақас