Туған жер туралы толғаныс

3199
Adyrna.kz Telegram

Туған жер- әркімнің кіндік қаны тамған қасиетті мекен. Нақты осы жер оны елімен, өткенімен және болашақпен байланыстырады. Әр адам үшін өзінің туған жерінің күні де, түні де, тау-тасы да,  тоқтамай аққан өзені мен жайқалған гүлдері, еркелей ескен желі , сайраған құстары ыстық әрі қымбат екені сөзсіз.

Менің Отаным-егеменді Қазақстан. Мен-осынау тоғыз әріптен құралған алапат, байтақ, тәуелсіз елдің перзентімін.  Мен-қаныммен, жаныммен, арыммен, барыммен қазақпын. Мен асқар таулары көкпен таласқан, жасыл желегі жайқалған, табиғты әсем таңғажайып өлкеде туылғанымды ерекше бір сезіммен, шексіз  ықыласпен мақтан тұтамын. Оның себебі неде? Еліміз-бейбіт, халқымыз-бақытты. Ең бастысы,  біз- тәуелсіз елміз. Қасық қандары қалғанша жан беріспей күрескен бабаларымыздың бізге алып берген ұлан-байтақ,тәуелсіз  жерін мен неге сүймеймін?  Тәуелсіздігімізді тойлап келе жатқанымызға  26 жылдың жүзі болыпты. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев тәуелсіздік жайында: « Тәуелсіздікті алғаннан гөрі, оны сақтап қалу әлдеқайда қиынырақ»-деді. Тәуелсіздіктің оңай жолмен бізге келмегендігі хақ,алайда оны берік ұстау-үлкен борыш. 100-ден аса өзге ұлт өкілдерін қанатының астына алып, бірлігі мен ынтымағы жарасқан халқына пана болған, әрқашан өз қадірін,сөз қадірін түсініп дана болған  елімді мен жан-тәніммен жақсы көремін.

Туған жер дегенде, ең алдымен, жүрегім «Қазақстан» деп лүпілдейді, содан кейін еліміздің арайлаған,асқақтаған астанасы Астана көз алдымызға  келеді.    Қазақ халқының биік  шыңы, Алаш жұртшылығының асқақ айбары-ару Астанаға 20 жыл! Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев өзінің кезекті жолдауында : « 2018 жыл- елордамыз Астананың 20 жылдығын атап өтетін мерейтойлы жыл. Бас қаламыздың қалыптасуы мен Еуразияның маңызды даму орталықтарының қатарына қосылуы-баршамыздың ортақ мақтанышымыз»- деп осы жылдың елеулі қуанышын атап өткен болатын.

20 жыл… Әлем тарихы сахнасындағы 20 жыл! Қазақстан халқы үшін қас-қағым сәт. Алайда,  осы 20 жыл ішіндегі болған оқиғалардың барлығы біз үшін өте қымбат.Астана ұшқыр уақыттың жылдамдығына көз ілеспес шапшаңдықпен өркендеді.  Қазақ халқының ерен еңбегінің арқасында Астанамыз әлем астаналарымен талай таласқа  түсіп,  көркімен, әсемдігімен әлем халықтарының назарын  баурап алды.

Менің туған өлкем- Қызылорда. Сыр елі, жыр елінің Отаны Қызылордада туып-өскенім үшін шын мәнінде бақыттымын. Сыр өңірі -тоғыз жолдың торабын түйістірген, жаугершілікте халқына қорған болған қасиетті,киелі жер. Экологиялық қауіптің  құрсауында тұрса да, сұлуланып, нұрланып келеді. Сыр сұлуы Қызылорданың шежіресі  толассыз жалғаса бермек.

Алматы. Кейбірі үшін Оңтүстік Қазақстанның астанасы болар, ал мен үшін Алматы- бүкіл армандарым мен мақсаттарымды бір арнаға тоғыстырған ерекше мекен. Алматы менің болашағымның жарқылдаған алтын сәулесі іспеттес. Жарқын болашағымның барлығы осы Алматы шаһарының төңірегінде көмкерілгендей.Талай тағдырды бір өлкеде ұштастырған Алматы менің болашағыма айналғанын қалаймын.Апорттың мекеніне айналған Алматының менің де мекеніме айналатынына сенімдімін.

Тәуелсіз мемлекет болу-кешегі қазақтың арманы..Еліміздің кемел болашағын жасап берген Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың бейбіт мақсат  пен достық қарым-қатынасты дәріптейтін  ізгілікке толы саясатының арқасында ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетпейтіндігімізге көз жеткізгендей күй кешемін.

Менің туған елім, менің Қазақстаным әлем тарихы сахнасында мәңгілік ел болып қалатынына кәміл сенемін.

Шалқарова Айдана Ерболқызы

 Қызылорда қаласындағы №145 орта мектептің 11-сынып оқушысы

Пікірлер