"Зәулім коттедж, бизнесім жоқ. Университет, колледж, мектептерім жоқ. Мен қызметтен абыроймен кеттім". Бұл пікірді ҚР Оқу-ағарту экс-министрі Асхат Аймағамбетов Нартай Аралбайұлының YouTube-арнасына берген сұхбатында айтты, деп жазады "Адырна" ұлттық порталы.
"Мемлекеттік қызметте болғанымда кәдімгідей біздің көпшіліктің өмірімен өмір сүрдім. Сол дүкендерге баратынмын. Тұрмыста да дәл сондай. Мысалы, жұмыста кеш қалып қойсам, жүргізушімді ертерек жіберіп, такси ала салатынмын. Себебі, оның да отбасы бар. Демалыс күндері өз көлігіммен жүретінмін. Көмекшілерім ешқашан менің портфельдерімді, папкамды ұстап, есікті ашып көрген жоқ. Баратын жеріме өзім жалғыз бара саламын. Қай жерге барсам да, көмекшілерім жанымда жүрмейтін. Сондықтан ондай бір қызметтегі баяғыдан қалыптасып қалған адаптация қажет ететін ешқандай сезім болған жоқ", - дейді экс-министр.
Аймағамбетов Нартай Аралбайұлының "Колледж ашып алуға, жеке университет ашып алуға мүмкіндік болды. Қол қоятын өзіңіз. Мөр қолыңызда. Біреудің атына ашып тастап... Экс шенеуніктердің байлығын естігенде шок болып жатамыз" деген сұрағына келесідей жауап берді:
"Зәулім коттедж, бизнесім жоқ. Университет, колледж, мектептерім жоқ. Басқа да осы білім саласы болсын, жалпы ондай тіршілікпен егер сен 3 жыл 7 ай бойы күні-түні мемлекеттің қызметімен айналыссаң, егер ұйықтасаң да, тұрсаң да басыңда осы мәселелер болса, онда бұндай жеке басыңды ойлайтын уақыт болмайды", - деп жауап берді Аймағамбетов.
Асхат Қанатұлының айтуынша, қызметтен абыроймен кетуден асқан бақыт жоқ.
"Мен осы 3 жыл 7 ай бойы "Қызметке келу бір, ал қызметтен абыроймен кету бар" дегенді ешқашан есімнен тастаған жоқпын. Президенттің сенімін ақтау, халықтың сенімін ақтау, ертең халықтың батасын алу... Қызметке келу оңай деп айта алмаймын. Бірақ қызметке келесің. Ең басты мәселе - сол қызметтен абыроймен кету. Мен қызметтен абыроймен кеттім деп шүкіршілік етемін. Бұл әр адам үшін үлкен бақыт деп санаймын. Сондықтан бұл тұрғыда ешқандай өкініш жоқ, болмауы да керек",- дейді Аймағамбетов.
"Адырна" ұлттық порталы