"Сұрқия саясаттың кесірінен нағыз қазақтар құрып кетудің аз-ақ алдында тұр" - Дина Имамбай

3863
Adyrna.kz Telegram
Ұлттық санасы мығым, жазу машығы шымыр, қазақ тағдырына қатысты тақырыптарда толғанып, ел мен жердің мүддесі жолында жанын беретін журналист Дина Имамбай нағыз қазақтардың жойылуын сатылай жүзеге асырғандарды әшкере етті. Оның айтуынша, нағыз, саф әрі дүбәралықтан ада қазақтар жойылудың аз-ақ алдында тұр. Теріс саясаттың нақты көрінісі - бүгінгі Алматыда өткен халықаралық “Digital Almaty 2023” деп жазды автор. Естеріңізге сала кетейік, бүгін форумда қазақ тілділердің шеттетілгені үшін үлкен дау туған болатын. Бұл жайды "Адырна" ұлттық порталы баяндайды. 
Журналист Дана Имамбай қазақ тілі мен сапалы қазақтардың тағдырына балта шабу саясатының тереңнен ойластырылғанын, мұндай зәндем әрекеттің бастауы тым әріде жатқанын айтады.
"Естеріңізде болса 2009-2010 жылдары "Қазақстандық ұлт" туралы доктрина қабылданатын болып, оған ұлтшылдар қарсы шығып, Мұхтар Шаханов аштық жариялаймын деп, оны билік райынан қайтарып, ақыры доктринадағы "қазақстандық ұлт" деген сөзді өзгертіп қабылдаған болатын. Айдос Сарым мен Дос Көшім, тағы басқа саясаттанушылар “бәрі керемет болады, 2020-жылға қарай тіліміз тұғырына қонады” деп сендірген сол кезде.
Сол доктринада айтылған "қазақстандық ұлт" қалыптасып, жаңа субэтнос пайда болды, негізі. Бұған кешегі диджитал-форум жуан нүкте қойды. Түрі қазақ, аты-жөні қазақ, бірақ қазақ тілін білмейтін немесе шала білетін және оны білуді маңызды санамайтын үлкен-кішісі аралас қазақстандық ұлт қалыптасып, сахнаға шықты.
Басқа небір жақсы бағдарламалар орындалмаса да осы доктрина аяғына дейін жеткізілді, бір ғажабы.
Ұлттық бірегейлікті қалыптастыру дегеніміз азаматтық бірегейлік болып шықты.
Қазақтың ұлттық идеясының орнына "қазақстандық ұлт" идеясы жүргізілді.
Қазақ ұлты басқа ұлт өкілдерін ассимиляциялаушы бола алмады.
Қазақ тілі біріктіруші фактор бола алмады, болғызбады.
Мемлекеттік тіл мәртебесі істе емес, сөз жүзінде.
Бұл тіл "кедейлердің, артта қалғандардың" тілі саналатын деңгейге жеттік" - деп кесіп айтты журналист.
Сонымен қатар, Дина Имамбай қазақты төмендету мен шеттетудің "мінсіз" әрекеттерін жіктеп, таза, асыл қанды, бөтен бітіммен "былғанбаған" қазақтардың “саяси себептермен” сирегенін сөз етеді.
- Салт-дәстүр Наурыз мейрамында көрсетілетін экзотикаға айналды.
Үйлену, тағы басқа тойларымыз заманауиланды.
Ауыл да бұрынғы қазақтың ауылы емес.
Айтыс импровизация емес, шоуға айналды.
Дәстүрлі ән-күй дәстүрлі әншілер мен күйшілерге ғана керек болып қалды.
Енді нағыз қазақтар этнографиялық азшылыққа айналудың табалдырығында тұр.
Сонымен, жаңа субэтностың төңірегіне шоғырланайық дейміз бе, не дейміз. Бір саясаткер айтқандай, "казахоязычным нет места в политике". Саясатта ғана емес, барлық салада солай ғой, расында, - деп күрсінді ақыл көзінің ауданы кең азамат, халқының жанкешті журналисі Дина Имамбай.

Естеріңізге сала кетейік, бүгін Алматыда өткен халықаралық форумда қазақ тілінің тұғырын шайқамақ болғандардың әрекетінен шу көтеріліп, қоғам дүр сілкінді. Форум төріндегідердің қазақша сөйлеуді “ар” санайтынын жоба қонағы ашық айтып, “айтақшыларды” (спикер) дүйім жұрттың көзінше оңдырмай сынап тастаған еді.

"Адырна" ұлттық порталы
Пікірлер