2023 жылдың 3 ақпан күні Астана қаласы Б.Майлин атындағы №52 мектеп-гимназиясында «Парасатты отбасы» атты Мұқағали Мақатаевтің туған күніне орай ұйымдастырылған жыр кеші өтті.
Жыр кешіне ОҚУШЫ, АТА-АНА, МҰҒАЛІМ қатысты. БҰЛ — "ҮШТІК ОДАҚТЫҢ" БІРЛЕСКЕН ЖҰМЫСЫ. Сахнаға үш адам (әкесі, анасы, баласы) шығып, алдымен ақиық ақынның жыр шумақтары мен өлеңдерін нақышына келтіріп орындап, көрермендерді дән риза етті. Одан кейін оқушы баласы “Сатылай кешенді оқыту" технологиясы бойынша қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен алған білімін ортаға салды, өлеңдегі негізгі сөздің біріне дыбыстық талдау жасады. Ал содан соң ата-ана мен баласы қосылып, мұзбалақ ақын Мұқағалидың сөзіне жазылған әсем әннің бірін орындады. “Наурыз айы туғанда”, “Сенің көзің”, “Есіңе мені алғайсың”, “Бақыт деген” және тағы басқа тамаша әндер шырқалды.
Осылайша рухты жырлармен тәрбие, дыбыстық талдаумен білім, әуезді әуенмен өнер паш етілді.
1-сыныптан 4-сыныпқа дейінгі жалпы саны 9 команда қатысып, зор дайындығымен, ұлттық нақыштағы әдемі киімдерімен тәнті етті. Әсіресе әдетте уақыт таба бермейтін әкелердің белсенділігі ерекше аңғарылды.
Жиналған қонақтар есті де ескі әндерге қосылып шырқап, ақынның патриоттық, лирикалық өлеңдерін тыңдап рухтанып, тақылдаған балалардың біліміне риза болып отырды. Кеш соңында сөз алған мектеп директоры Бекжанова Жәудір Бахтиярқызы бұл игілікті істің одан да әрі жалғасын табатынын айтып, қатысушыларды марапаттады.
Ал “Сатылай кешенді оқыту” технологиясының авторы, педагогика ғылымдарының докторы Оразахынова Нұрша Алжанбайқызы жиналған көпшілікке алғысын айтып, Алаш арыстарының ілімі мен идеясына сүйенген әдістемені қазақ шәкірттеріне үйретудегі табандылығына ризашылығын білдірді.
"Адырна" ұлттық порталы