"Бұлар қазақша сөйлемейді, ҚР оқушылары емес, тұп-тура Ресей оқушыларынан аумайды" - Жарылқап Қалыбай

5330
Adyrna.kz Telegram
Журналист Жарылқап Қалыбай Алматы қаласындағы ағылшын тілінде білім беретін мектептің оқушылары жайлы жазды. Оның айтуынша, білім алуға талпынған талапкерлер, яғни елдің келешегі саналатын оқушылар Қазақ елінде қазақша сөйлеуге қымсынады. Автор мұны " Бұлар ҚР оқушылары емес, тұп-тура РФ оқушыларынан аумайды" деп жазды. Бұл жайлы "Адырна" ұлттық порталы хабарлады. 
- Мынау Алматы қаласындағы ағылшын тілде білім беретін бір мектептің кіреберісі. Ағылшынша сөйлескен балаларды кездестірмедім. Оқушылардың 90 пайызы қазақ балалары, қалғаны түрік және тағы басқа ұлт диаспораларының өкілі.
Бірен-саран қазақша сөйлейтін отбасылардың балаларының өзі мына орысшыл ортада қазақша сөйлеуге ұялады немесе көптің ықпалына жығылады. Сөйтіп өз ана тілін мансұқ етіп, орыс тілінде сөйлеуге мәжбүр болады. Бұлар ҚР оқушылары емес, тұп-тура РФ оқушыларынан аумайды.
Анда-санда түрікше сөйлеген балалар мен ата-аналардың сөзін естідім, қазақша бір сөз жоқ. Мені пессимист, нигилист, зарлауық дейтін, ал өздерін оптимист санайтын қазақ зиялылары бұған не дер екен?!
Қайда бара жатырмыз? Ана тілін ар тұтып, қазақы қалпына қайтатын намысшыл ұлт бар деп сенуге бола ма өзі? “Тілі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады” емес пе?! - деп кесіп айтты журналист.
Оқырмандар бұған қатысты тереңнен толғады:
"Бұл біздің қазіргі ұлтымыздың жағдайы. Трагедия деп айтуға болады. Қайда болса да, қарақөз балаларымыз орысша сөйлейді, орысша ойлайды, орысша тәрбиеленеді. Үйлерінде, отбасында, өзара тек орысша сөйлейді. Әке шешесін былай қояйық, заманауи ата-әжелері де балаларымен орысша "внучок", " внученька" деп сөйлеседі. Қазақы мектепте оқитын балалар ана тіліне шетел тіл ретінде қарап, үзілісте бір бірімен орысша сөйлейді. Астанада тұрамын, қазақша сөйлеген баланы көрсем, бір космостан келген бала сияқты, таңғалам. Ал ата-аналарына ескерту жасасам, маған ренжіп, ұрсысады: " Какое ваше дело? " деп. Осы балаларды ақшасын төлеп, арнайы ағылшын мектебінде оқытып жатыр";
"Осындай тәлпіш мектеп пен ұйымдарды мемлекеттік тұрғыда жабу керек";

"Бұрында айтқанмын, қазірде айтайын. Қазақ тілінің кемтарлығын Кеңес үкіметінен көргенді қою керек-ті. Ғақил көзбен қарасаң Қазақша білмейтіндердің дені тәуелсіз Қазақстанда тәрбиеленіп, туылғандар емес пе?! Кінә Кеңес үкіметінде емес, Қазақилыққа бет бұрғысы келмейтін Казахтарда болып тұр. Әйтпесе, Кеңес үкіметінде туылып, тәрбиеленген аға-апа, ата-әжелеріміздің Қазақшасы жап-жақсы ғой..." деп жазды олар.

"Адырна" ұлттық порталы 
Пікірлер