«Сопылық-шииттік жоба» Мәскеу арқылы жүргізіліп жатыр ма? - Тұрарбек Құсайынов

4832
Adyrna.kz Telegram

Соғысқұмар Путиннің Украинаға қарсы агрессиясын қасиетті соғыс деп жариялаған РФ Бас мүфтиі ТАЛҒАТ ТАДЖУДДИН мен Қазақстандағы шиғалық суфизмнің идеологы ИСМАТУЛЛА тақсырдың өзара достығы нені білдіреді?

Нақтырақ айтсам Исматулла тақсыр осыдан бірнеше ай бұрын Ресей Бас Мүфтиі Т.Таджуддиннің арнайы шақыруымен Ресейде болып «әділеттік орнату үшін жер бетіне Махди шықты, қазір ол Ресейдің Сібірінде жүр» деп ашық мәлімдеме жасады..

Айтпақшы сопы-зікіршілер өздерін Махдидің (Махди-Путин) сарбазы-әскеріміз дейді.

МАХДИ, яғни Мәді - шииттер үшін жоғалып кеткен он екінші ғайып имам. Ұмытпасам осыдан бірнеше жыл бұрын теократиялық Иранның негізін қалаған С.Р.Хомейнидің шәкірті, қазіргі шиитердің ең жоғарғы діни жетекшісі Сейд Әли Хаменеидің Гүлістан провинциясындағы өкілі Һәм жан досы Саид Казим Нур Муфиди- қазақстандық Исматулла бастаған зікірші-сопылардың делегациясын ресми түрде қабылдаған-ды.

Осы және басқа да шиизмге қатысты жобалар исматуллашы сопыларды Иранмен байланыстырады. Ал Иранның әлемдік саясатта Ресеймен мүдделестігін ескерсек, «сопылық-шииттік жоба» Мәскеу арқылы жүргізіліп жатыр ма?» деген пікір қылаң береді.

Ең сорақысы кеше ғана Исматулла тақсырдың серігі және ҚМДБ жанындағы сарапшылар кеңесінің өкілі Зікірия Жандарбек фейсбукте қанішер Путиннің тәуелсіз Украинаға соғысын ашық түрде толықтай қорғап, “егер Ресейді қолдасаң - Алланың жағындасың, ал қарсы шықсаң - Алланың қаһарына ұшырайсың” деген жазба қалдырды.

Меніңше, бұл жазбада қазақтарды қарғыс атқыр жауыз Путиннің Украинаға қарсы агрессиялық соғысына үндейтін мәтіндер жетіп артылады.

Айтыңыздаршы, қанішер Путиннің импершіл, яғни азат Украинаға қарсы агрессиясын іс жүзінде қолдаған немесе соған іштей тілектес болған Зікірия Жандарбек сияқтылардың сөзі һәм риторикасы Сириядағы ИГИЛ және Ауғаныстан-Вазиристандағы "Талибан" секілді экстремистік топтардың құрамында соғысқан террористерден қандай айырмашылығы бар?!

Атап айтқанда, санасы ортағасырлық идеямен уланған сәләфи қазақтар Сириядағы "ИГИЛ"-дың бас террорисі Әбу Бәкір Бағдадидің әміріне орай Алла үшін жанын беріп, әлемде "Ислам халифатын" орнатқысы келді, ал Рамзан Қадыров бастаған Кавказ сопылары Путин (Махди) үшін бейбіт Украина халқын қырып, Ресейдің "орыс әлемі" дейтін импершіл саясатын іске асыруда.

Ал Зікірия Жандарбек сияқты исматуллашы сопылар диктатор Путиннің террористік іс-әрекетін жан-жақты қолдап, әлемжелі арқылы қазақ қоғамына діни-саяси пропаганда жасап жатыр.

Сондықтан да, ҚР құзырлы органдарынан Қылмыстық Кодекстің 161-бабы, яғни басқыншылық соғысты тұтандыруға насихат жүргiзу немесе жария түрде қолдау көрсету бойынша Зікірия Жандарбектің сөздеріне құқықтық баға беруді сұраймын!

Тұрарбек ҚҰСАЙЫНОВ

Пікірлер