"Мақсат - халқына адал қызмет етіп, байлықты тең бөліп беретін әділ қоғам құру" - Еділ Жаңбыршин

3277
Adyrna.kz Telegram

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Еділ Жаңбыршин Қаңтар оқиғасы, экстремизм, депутаттардың жұмысы және сайлау жайлы пікір білдіріп, арнайы сұхбат берді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы "Nursultan Qurman" ютуб-арнасына сілтеме көрсете отырып. 

ҚР Мәжілісінің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің мүшесі, депутат Ерлан Жаңбыршин журналист Нұрсұлтан Құрманға сұхбат берді. Сұхбат барысында Еділ Жаңбыршин депутаттық әдіс-айла, халықтың алдында ұпай жинау және шынайы халық игілігі үшін еңбек ету мәселесі, "Жаңа Қазақстан" депутаттық тобының мақсат-міндеті, партия жаңғыруы мен кадрлық мәселе, мемлекеттік тіл тақырыбына қатысты кеңінен толғанып, толыққанды әңгіме өрбітті. Мәселен қазіргі қоғамдағы депутат бейнесіне қатысты кейіпкер былай дейді:

- Депутаттың неше түрі бар. Мықты популист болуы мүмкін, бірақ шаруаға, іске келгенде - олақ. Немесе бұйығы болуы мүмкін, бірақ нағыз шаруаның адамы. Кей депутаттар бар, жұмысты да жасайды, істеген жұмысын да көрсетеді. Бұл жердегі басты фактор - адамның ішкі дайындығы, өмірлік тәжірибесі, білімі, мінезі. Депутат болуы үшін адам сол қызметке дайын болуы керек. Бұл - үлкен жауапкершілік, - деді Еділ Жаңбыршин.

Кейіннен Еділ Жаңбыршин өзінің өмірлік тәжірибесіне сүйене отырып, саяси алаңға қадам басудағы салқынқандылық мәселесін қозғады:

- Парламентке бірден барам дейтін мәселе болмауы керек. Парламентке келу үшін де бәлембай жыл тәжірибеден өттім. Бесінші талпыныстан жетінші шақырылымға өттім. Екі рет Мәжіліске, екі рет Сенатқа. Оның алдында облыстық сайлау мәслихатына түстім... Көп жігіттер праймеризбен келді, Мен де партияластардың қолдауымен тізімге ендім. Қалай болғанда да халықтың таңдауына мүмкіндік беруіміз керек, - деді кейіпкер.

Депутат мықты мемлекет болу баршамыздың мұратымызға айналу керек екенін де қадап айтты.

- Мақсат - Қазақстанды бақуатты, бай елге айналдыру. Халқына адал қызмет ететін, халқына байлықты тең бөліп беретін әділ қоғам құру. Біздің мақсатымыз нақты болатын болса, біз мәдениетті түрде саяси бәсекеге түсуіміз керек. Мәдениетті түрде бір-бірімбен бәсекелесуіміз керек... Халыққа өз бағдарламамызды түсіндіруіміз керек. Жеке тұлғаға емес, ол тұлғаның позициясына, партияның бағдарламасына мән беруіміз керек, - деп ойын түйіндеді автор.

"Адырна" ұлттық порталы 

 

 

Пікірлер