"Рухымызды көтеріп жүрейік!" - М. Дулатұлының "Оян, Қазақ" кітабы Түркия, Жапонияның дамуына ықпал еткен

4781
Adyrna.kz Telegram
Тарихшы Алтынбек Құмырзақұлы Алаш қайраткері, ұлт жетекшісі Міржақып Дулатұлының "Оян, Қазақ" кітабы түрік пен жапон қоғамына тікелей әсер еткенін мәлімдеді. "Оян, Қазақ" шығармасын оқыған жапон мен түрік зиялылары "Оян, Түрік", "Оян, Жапон" сынды еңбектер жазып шыққан. Сонымен қатар, автордың айтуынша Мұстафа Кемал Ататүріктің Міржақып Дулатұлының кітабын арнайы тапсырыспен аудартқан. Бұл жайлы "Адырна" ұлттық порталы жазды.  
Тарихи деректерді саралай отырып Алтынбек Құмырзақұлы Міржақып Дулатұлының баға жетпес асыл еңбегінің түрік, жапон қоғамының дамуына ықпал еткенін айшықтады.
- ... Міржақып Дулатұлын ұстаз тұтқан, азаттықты аңсаған азаматтардың қатарында болған, Түркияның тұңғыш президенті Мұстафа Кемал Ататүрік. Ол 1917–1918 жылдары билікке келген кезде досы профессор Тайыр Шағатайға тапсырма беріп «Оян Қазақ!" кітабын түрік тіліне аударып шығарған еді. Осы кітапқа еліктеп «Оян, Түрік!» деген кітаптар да шыққан.
Міржақыптың «Оян, Қазақ!" кітабы әлем елдеріне қатты әсер етті. Олардың қатарында Жапон елі де бар. Міржақып өзі де өлеңдерінде жапон ерлігін, ұлтын жырға қосқан. Соған орай кейбір азаматтар Міржақыпты өз іштерінен жапонның рухани ұстазы деп сыйлайды. Жапондар Міржақып Дулатовқа еліктеп «Оян, Жапон!» деген кітап шығарған. 1997 жылы жапон ғалымы Уямо Томохико өз тілінде Міржақыптың саяси көзқарасынан диссертация қорғады.....
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Марат Әбсемет
2. Гүлнәр Міржақыпқызы Дулатова "Шындық шырағы", - деп жазды автор.
Тарихи ерекше құбылысқа қатысты аудармашы Жанерке Жұматаева толқыныспен пікір білдірді:
- Өркениетті елдерге өзін мойындатқан Алаштың арыстары, Ата- Бабаларымыз-ай..... Жатқан жерлерің жайлы болсын. Жоғарыдағы фактімен, бүкіл Қазақ мақтануымыз керек негізі.  Рухымызды жоғары көтеріп жүруіміз үшін... - деп жазды аудармашы.
Бар ғұмырын қазақ мұратына бағыттаған Міржақып Дулатұлы:

"Көзіңді аш, оян қазақ, көтер басты,

Өткізбей қараңғыда бекер жасты.

Жер кетті, дін нашарлап, хал арам боп,

Қарағым, енді жату жарамас-ты", - деп жазған еді.

"Адырна" ұлттық порталы 
Пікірлер