Қазақстанда бір жылға берілген оралман куәлігінің мерзімі аяқталуына байланысты азаматтық ала алмай жүрген мыңдаған адам бар. Олардың көбі Қытайдан қоныс аударған этникалық қазақтар.
Алматы облысы Ескелді ауданына қарасты Сырымбет ауылында тұрып жатқан Түсіп Айнағұл 2014 жылы Қытайдың Тарбағатай аймағына қарасты Сауан ауданынан көшіп келген. Жасы 70-ке таяған қария отбасындағы бес адамның, өзімен бірге жұбайы мен үш баласының да Қазақстан азаматтығын ала алмай жүргенін айтады.
- 2016 жылы алған оралман куәлігі "бір жылға ғана" деп жазылған екен. Бірақ біз бұл қаріпті (кирилл әліпбиін – ред.) танымағандықтан ықтияр хат секілді бірнеше жылға жарайды деп жүре беріппіз. Қазір куәлік жарамсыз болып қалғандықтан азаматтық ала алмай отырмыз. Сонымен бірге әйелімнің Қытай төлқұжатының уақыты алдағы наурыз айында бітеді. Оны ұзарту үшін Қытайға бару керек. Ал барса, ұсталып саяси үйрену орталығына кіріп кетеді, - дейді ол.
"Азаттық" радиосы