"Қазақ неге азғынданып барады?": Журналист әскер жайын айтып, Тоқаевқа хат жазды

6372
Adyrna.kz Telegram
Журналист, елдегі оқиғаларға үн қосып отыратын азамат Салтанат Әшірбай әскердегі азғындықты және халықтың рухани тоқырауға ұшырауын талдап, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жазды. Автор өз хатында ұлттың жойылу қаупін ғылыми еңбектерге сүйене отырып талдап, Президенттен қорғаныс саласындағы былық пен шылықты шешуін сұрады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы. 
Әлеуметтік желіде «Рухани деградация» немесе Қазақ неге азғынданып барады?" атты жазба жарияланды. Шындықты серік еткен жанкешті журналист ұлттың тағдырына алаңдаушылық танытады. Азғынданған қоғамның соңы тұтас ұлттың жойылуына әселіп соғарын ескертеді.
- Әскердегі айтуға ауыз бармайтын азғындықтың салдары жас солдаттың өліміне әкелді. Соңғы жылдары әскери салада суицидтің тым өршіп бара жатқаны Үкіметтегі шенеуніктерді ойландырмай ма?
Біздің мемлекет пен билікке азғындар керек пе? Қазақстандық әскери сала қашан модернизацияланады? Қорғайды деген Қорғаныс саласы ұлдарымызды қорлап жатыр. Әлде деградацияға ұшыраған ұлт Үкімет үшін тиімді ме? Неге мен осындай азғын қоғамда өмір сүруім керек?
Жазбасының жалғасында автор "Қазақтың қазіргі тргедиясына" бас ауыртады.
- «Қазақтың трагедиясы» қашан басталды? Арыға бармай, 1986 жылы желтоқсан оқиғасы кезінде қаншама қазақ жастары желтоқсанның ызғарында қаза тауып, түрмеде өмірі қиылған қазақ жастарының қанының ақысын кім өтеді? Қазақ қыздарының шаштарын жұлып, мұзға сорғалатқан көз жасын сұраған жан бар ма? Соңғы болған Қанды қаңтардың қасіреті мен қыршынсыз қиылған қазақтардың құнын біз кімнен сұраймыз? Қазақ қоғамының трагедиядан қашан көзі ашылады?
Орыстың жазушысы М.И. Веллер «Ұлттың деградацияға ұшырауын» бірнеше түрге бөліп, соның ішіне бір жыныстылар арасындағы байланыс, қылмыс, протест пен дегенерацияның ұлттардың «өлуіне» алып келеді деген.
Біз тәуелсіз мемлекет болдық деп мақтанамыз. Еркіндік алдық, бейбіт елде өмір сүреміз деп арқаны кеңге созып жіберген жоқпыз ба? Еркіндік дегеніміз азғындық па?
Әскери саланы модернизация жасаймыз деп доктрина жасаумен шектелді ме? Яғни, айсбергтің үстін ғана сипап өтіп, түп-тұқияндағы мәселелерге назар салынды ма? Қорғаныс саласындағы сыбайлас жемқорлықтың тағы да орын алғанын бүгін оқыдық.
Мен ана ретінде, адам ретінде бұл азғындықты тоқтатуын Сізден сұраймын, Президент мырза!
Біз қалай дені сау деградацияға ұшырамаған ұлт боламыз, егерде күн сайын суицид жайлы ақпарат алып, азғындардың көбеюіне көз жұмып қарап отырсақ?!
Ертең менің ұлым мен қызымның сау жүретініне кім кепіл бере алады? Құрметті Президент мырза, біздің болашағымыздың бұлыңғыр болмауына Сіз гарант бола аласыз ба? Әлде бізде әскери саланы модернизациялау доктрина жазумен шектеле ме? Біз қарапайым халық референдумға қатысып, ар-ожданымыз тапталмаған, әділ қоғамда дұрыс өмір сүру үшін дауыс бердік... Алайда бүгінгідей азғындықтың алдын алмаса, біз үмітіміз, көзіміздің нұры болған ұлдарымыздан бейбіт күнде айырыла береміз... Тоқсан ауыз сөздің тобықтай нүктесін Тоқаев мырза, Сіз қойыңыз... - деп жазды автор.
Автордың жазбасына пікір білдіргендер ойлы ой айтып, келелі пікір білдірген. Мәселеге қатысты:
"Күлтегін жазуында, елді тексіздер билесе халық азғындыққа, тексіздікке ұрынатындығы, тектілер билік құрса елдің гүлденетіні қашалып жазылған. Бұл азғындықтың басы ғана, себебі тектілер билікке келмек түгілі маңайында жоқ. Елді дым көрмегендер билеуде.
Ақшаның астында, бірақ аузы майланбағандар... Құлды қанша жерден Оксфорд, Кэмбридждермен тәрбиелегеніңмен әдепсіз, көргенсіздігі бір ауыз сөзі мен қылбың қылығы білдірер. Момышұлы айтқандай, аман қалу үшін құрттаған етіңді жарасымен қоса кесіп алып тастауың керек айығып кетуің үшін, болмаса әлгі жара бүткіл денеңе жайылады. Мына әндүктерден масқаризмді тоқтату үшін есті іс әрекет жасамақ тірліктерін көріп тұрғаным жоқ"
"Бізге ұлттық мемлекет ретінде сақталып қалуымыз үшін деколонизациялық бағытқа көшуіміз керек , отаршылдық кезеңдердегі кіріптарлықты дәріптегендер мен сыртқы диструктивті діни уағыздарды шектеп , ежелгі ұрпақ тәрбиесін бойларына сіңіру арқылы , бес мың жылғы тарихымызды қазақ болмысы ретінде дәріптеуге көшуіміз керек , қазақтың азғындық деградацияға ұшырауы Арап, Иран , Пәкістан , Батыс , Ресей ,Шығыс көршілердің идеологиялық интервенциясына қатты соққы беретін қатаң тәртіп енгізген жөн , ішімізден немқұрайлылық пен масылдыққа, алаяқтық пен жемқорлыққа бой ұрған ортаның ықпалын әлсірету арқылы ,ғылым мен білім , Отан сүйгіштікке бет бұрғанымыз жөн!"
"Бұл тек жарияланған бір жағдай, соңғы жылдары қаншама жас жігіттің мүрдесі келді әскерден? Барлығы осындай түрлі айуандықтың, қорлық, зорлық, бопсалаудың кесірінен болған. 2022 жылдың өзінде он шақты сарбаз өлді. Біздің қоғам болса, қазіргі балалар “дұрыс” жігітше тәрбиеленбеген деп жығылғанға жұдырық боп жүр әлі де" деп жазды оқырман қауым.
"Адырна" ұлттық порталы
Пікірлер