Ақсақалдың ауылы алыстап кетіпті

2122
Adyrna.kz Telegram

Менің бала күнімде ауылда шоқша сақалды, мұртты келген ақсақалдар болушы еді. Олар анадайдан ақырып сөйлейтін:
- Кімнің баласысың? - деп.
- Әкемнің баласымын - дейтінбіз жамырай.
- Әкеңнің аты кім?- деп дауысын көтереді.
Әркім өз әкесін атайтын.
- Білем-білем... ол анау әлгі атақты шопыр ма, атақты қойшы ма, атақты ұстаз ба?- деп әркімнің әкесін түгендеп шығады.
- Раймын дейсің бе, еее Райлар сондай халық,- деп біраз өнегелі әңгіме айтатын. Әкесі қайтыс болған балаларды үлкендер тіпті жігерлендіріп қояды.
- Жарықтық әкең мықты кісі еді деп бастайтын... Жетім қозы марқайып қалады, жан-жағына масаттанып "көрдіңдер ғой, естідіңдер ғой" деп.
Ауыл ақсақалдары бос жүрмейтін. Жазда шөп шауып, кезектен мал тосатын. Қыста малға шөп салып, боқ шығарып, қар күреп күйбең тірлікпен айналысып жатады. Қолдары қалт еткенде, жиын тойларда жастарға ақыл-өсиет айтатын. Өзара әңгімелері құр қаңқу өсек емес шежіре-тарихтан сыр шертетін. Ақсақалдар тұнып тұрған шежіре-дастан болатын.
Ауылдағы ақсақалдың көбі ардагер еді. Мектепке сынып сағаттарына, қарттар күнінде, Жеңіс күнінде шақырамыз. Кеуделері толы медальмен келетін. Қазақ ұғымында ақсақалдың өз орны, атқаратын рөлі бар еді.
Ал, қазір ше?
Қазір қарттар бар, сақалдылар бар. Қырмасақал қарттардың ауызында арақ, қырма мұрт сақалдылардың ауызында Аллах.
Ақсақалдардың ауылының алыстағанын кеше жастар жиынында көрдім. Өз ұрпағына өзге тілде ақыл айтқан ақсақал, оны жамырай мақтаған "жігерлі жастар". Қызылды-жасылды киім, жарқыраған жүздер көңілді қуантады. Жақсы-жақсы тілектер мен сөздер, қолпаштаулар. Бәрі керемет. Біздің елде проблема жоқ, корейлердің бетке жасайтын операциясынан сақтану ғана қалды. Тілді сақтау, ұлт ретінде сақталып қалу, ұлттық рухсыздық-жігерсіздік қаупі тұрғанда, беттің әрі сөз болды. Жастарға үлгі болатын Президенттен басқа жан жоқ па? Үлгі болатын, ақыл айтатын ақсақалдар қайда? Азуы алты қарыс, арыстандай ақырған, сен тұр - мен атайын дейтін Бауыржан сынды батыр да жоқ. Жастарды жетелейтін, жол көрсететін аға буын, ақсақалдар қайда? Сценарий бойынша жастар жыйылып "кәнцерт" қойды. Кедейліктің шегіне жеткен 7 балалы ананы бетін бояп, жылтыр шапан жауып, ауызына сөз салып берді. Кімді кім алдамақшы болды, ұйымдастырушылар халықты қараңғы, надан көре ме? Мемлекеттің қолдауынсыз әлем жұртына қазақ қызы деп танылған Айшолпан сөйледі, толқып шын көңілімен. Өнерімен әлемге танымал болған Димаш неге сөйлемеске? Сөз дегеннен шығады 90% қазақ отырып жиналысты 90% орысша жүргізу қай сасқанымыз? Жастарға не үлгі, не өнеге?

Айнұр Сағиева

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер