Президенттің бюрократияны жою туралы тапсырмасы бұзылып отыр - Бағдат Мусин

2849
Adyrna.kz Telegram
Фото: gov.kz
Фото: gov.kz

Дәрігерлерді қағазбастылықтан босату мәселесін Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин қозғады. Ол кеше елордадағы Сарыарқа ауданының Халыққа қызмет көрсету орталығына барып, қызмет түрлерін алуға келген тұрғындармен сөйлескен болатын, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Министр бұл жөнінде өзінің Telegram арнасында да жазды.

“Азаматтардың басым бөлігі жұмысқа орналасу барысында денсаулығына қатысты түрлі анықтамаларды алу үшін ХКҚО көптеп келіп жатады. Өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышында азаматтар үйден шықпай-ақ, қандай қызмет түрлерін алуға болатындығы туралы ақпаратпен бөлістім. Атап айтқанда, психоневрологиялық, наркологиялық, соттылық болуы немесе болмауына қатысты және т.б анықтамаларды eGov Mobile қосымшасы арқылы жүктей алады”, –деп жазды Мусин өзінің Telegram арнасында.

Одан бөлек, министр азаматтармен сөйлесу барысында президенттің бюрократияны жою, артық қағазбастылыққа жол бермеу туралы тапсырмасы бұзылып отырғанын жеткізді.

“Барлық ауруханалардың қызметкерлері жылына бір рет сотталмағандығы туралы, сыбайлас жемқорлық фактілерінің жоқтығы туралы және басқа да анықтамаларды әкелуге мәжбүр болады екен. Осылайша, іс жүзінде мемлекет басшысының бюрократияны жою, артық қағазбастылыққа жол бермеу туралы тапсырмасы бұзылуда, яғни бұның бірыңғай деректер базасынан алуға болады. Осы жерде, дереу цифрландыруға жауапты денсаулық сақтау вице-министрімен хабарласып, ертең облыстық және қалалық денсаулық сақтау басқармаларына осы талаптардың күшін жоюды талап етіп, олардың кадрлық қызметтеріне, қажет болған жағдайда қызметкерлердің келісімі бойынша осы анықтамаларды дерекқордан сұратуға мүмкіндік беруді тапсырдым”, – деді министр.

Сонымен бірге ол халыққа сапалы әрі жылдам қызмет ұсыну мақсатында Халыққа қызмет көрсету орталықтарының персоналы адамдарға барынша бағдарлана түсуі тиіс екендігін атап өтті.

“Қазіргі уақытта орталықтарды жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр, елорда да және өңірлерде заманауи ХҚКО ашылып жатыр. Біз азаматтарымыздың ыңғайлылығы үшін барлық жағдайды жасайтын боламыз!”, – деп түйіндеді Бағдат Мусин

Пікірлер