ТҮРКІСТАННЫҢ ӘКІМІНЕ ҚАТАҢ СӨГІС БЕРІЛУ КЕРЕК!

2253
Adyrna.kz Telegram

Киелі шаһардағы төтенше жағдай (жасөспірімдер әлімжеттігі) ДАБЫЛ ҚАҒАТЫНДАЙ ЖАҒДАЙҒА ЖЕТТІ! Осыдан кейін әкім қаралар мен погон таққандар қалай тыныш жатады екен?! Елдің алдына шығып халықтан кешірім сұрамай ма? Жасөспірімдердің тәртібін қадағалай алмай, бетімен жіберіп алғандығын ашық мойындамай ма? Бұл мәселенің қалада бұрыннан ушығып тұрғандығын, тек креслоларынан айрылып қалмасы үшін мұндай оқиғаларды барынша жасырып, республикаға тарап кетуден сақтанғандарын нақты айтпай ма?
ҚАЛАЙ ДЕСЕК ТЕ, БҰҒАН ЕҢ БІРІНШІ ҚАЛА ӘКІМІ ТІКЕЛЕЙ ЖАУАП БЕРУІ ТИІС!

Өйткені білім бөлімі мен мектеп басшыларының бәрін әкімдік тағайындайды. Прокуратурамен де, полициямен де әкімдік бірлесіп жұмыс жасайды. Демек, шаһардағы болып жатқан барлық жағдайлардың жауапкершілігі ең бірінші - қала әкімінің мойнында! Бұл жерде әкімді ақтаудың еш қажеті жоқ! Өйткені оған Елбасы да, облыс басшысы да осы қызметті сеніп тапсырды. Енді неге ол осы сенімді ақтамайды?!

ОЛ ӨЗІНІҢ ОТЫРҒАН ОРНЫ МЕН ҚЫЗМЕТІ ХАЛЫҚТЫҢ АРҚАСЫНДА ЕКЕНІН ҰМЫТПАУЫ КЕРЕК! Сондықтан Өсербаев мұндай жағдайда үндемей отыра бермей, халықтың ісімен, жастардың мәселесімен тікелей айналысуы тиіс! Керек болса, прокурор мен полицияны қасына ертіп алып, күндіз-түні қаланы аралауы қажет!
ҚАРАПАЙЫМ СҰРАҚ: Осы үш шенеунік бірлесіп, өмірлерінде бір рет болса да мектептерге барып, жасөспірімдермен еркін форматта кездесіп пе екен? Мұрты тебіндеп қалған бозбалалармен әңгімелесіп, сұрақ-жауап алмасып, "қалада қылмыс болса, бірден бізге хабарлаңдар!" деп, жеке телефондарын беріп пе екен?! Әй, қайдам?! Олай болғанда, әкімдіктің шабармандары "жерден жеті қоян тапқандай" жарыса жариялар еді ғой.
Жасөспірімдер қанша қатігездік жасаса да жазаланбайтындығын біліп, бұлай тым еркінсіп кетуі - қала билігінің басында отырған шенеуніктердің бақылауды қолдан жіберіп алғандығын анық көрсетеді. Ендеше бұлардың халықтан кешірім сұрайтын жөні бар ма?.. ЕНДІ ОНЫ ОЛАРДЫҢ ӨЗІНІҢ ҰЯТЫНА ҚАЛДЫРДЫҚ...
Еске сала кетейік, осыдан біраз бұрын Сарыағашта кішкентай бала зорланғанда, ол сот арқылы дәлелденгенде, облыс әкімі Түймебаев бірқатар шенеунікті қызметінен босатып, кейбіреуіне қатаң сөгіс жасаған еді. Енді ол Түркістандағы мына жағдайдан кейін не істейді екен? Әлде "бұл видеоларды Елбасы көріп, пікір білдірген жоқ қой" деп, үн-түнсіз отыра бере ме? ТҮЙМЕБАЕВ МЫРЗА, ТҮЙМЕДЕЙ БОЛСА ДА ХАЛЫҚҚА ЖАНЫҢЫЗ АШЫСА, МЫНА ЖАҒДАЙҒА ӨЗ БАҒАҢЫЗДЫ БЕРІҢІЗ! Үнсіз отырсам, халық мұны ұмытып кетеді деп ойлаудың қажеті жоқ! Жасөспірімдер қылмысы одан сайын өршіп кетпей тұрғанда, мәселені халыққа ашық әрі жариялы түрде жеткізіңіз! Онсыз да қала билігі жасырып-жасырып, ақыры вулканша жарылып кеткен мына жағдайды енді сіздің бүркемелегеніңіз жөн емес....

Серік Жұмабаев

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер