Сайрагүлдің уақытша құжатының мерзімі аяқталды. Енді?

3531
Adyrna.kz Telegram

 

Қытай билігінің этникалық аз ұлттарға қасақана жасап жатқан сүргінінен сауға сұрап, ата қоныс, ана топырағынан араша тілеп, мемлекеттік шекараны заңсыз өтіп келген этникалық Сайрагүл Сауытбайдың мәселесі бүгінде исі қазаққа мәлім.

Міне, сол ел-жұрт болып араша түсіп алып қалған  Сайрагүлге уақытша жүріп-тұруға берілген рұқсат қағазы, яғни «Пана іздеуші тұлға» дейтін көк куәліктің жарамдылық мерзімі бүгін аяқталады.

Сайрагүл Қазақстан билігінен «Босқын мәртебесін» сұраған еді. Билік саяси жағдайдың аумалы-төкпелі жағын ескерді ме, әлде көршінің көлеңкесінен үрікті ме, әйтеуір «Босқын мәртебесін» күні бүгінге дейін берген жоқ.

25.07.2018 жыл. Сайрагүл мәселесі Жаркент сотында қаралып жатқан. Сол, 25-шілдеде алғаш рет «Пана іздеуші тұлға» дейтін көк куәлік Сайрагүлге тапсырылды. Оны берген Көші-қон қызметі еді. Жарамдылық мерзімі 3 ай. Осы үш айда арнайы құрылған комиссия Сайрагүлге «Босқын мәртебесін» беру-бермеу мәселесін қарап, шешім шығаруы тиіс болған.

25.10.2018 жыл. Белгілеп берген үш ай уақыт 25-қазан күні аяқталды. Сөйтті де, Сайрагүлдің куәлігін тағы үш айға создырған еді.

Міне, бүгін 25-қаңтар, 2019 жыл. Сайрагүл Сауытбайдың «Пана іздеуші тұлға» дейтін құжатының мерзімі таусылды.  Біз Сайрагүлдің өзіне хабарласып, жағдайын сұрадық. Істің қалай жүріп жатқанын білдік.

«Мен қашанғы уақытша құжатпен жүремін?!»

«Маған Қазақстанда жүріп-тұруға берілген «Пана іздеуші тұлға» деген құжаттың мерзімі бүгін бітті. Мен бүгін Алматыдағы Көші-қон қызметіне хабарласқан едім. Олар бүгін Жаркентке кеткен екен. Дүйсенбі барып жолығатын болдым. Ол кісі менен әрі қарай сотқа беретін-бермейтінімізді сұрады. Егер сотқа беретін болсақ, талап-арыздардың, сосын облыстық комиссия шешімінің көшірмесін, Астана берген жауаптың көшірмелерін алып келуімді айтты.

Білесіз бе, тіпті осы жолы менің құжатымды («Пана іздеуші тұлға» куәлігі – ред.) қайта созып берген күннің өзінде, мен қашанғы осылай жүрмекпін? Ел-жұрт та, әр жолы мерзімді ұзартқан сайын, «е, құжатын созып беріпті ғой» деп ойлайды. Осының кесірінен тіпті, дұрыс жұмысқа да орналаса алмай жүрмін. Тіпті, соңғы он күн болды, уайым жеп барады. Адвокатым Абзал аға ғой. Ол кісінің басындағы жағдайды көріп отырсыз. Қазір мазалауға ұяламын...», деді Сайрагүл Сауытбай...

Естеріңізге сала кетейік, Сайрагүлдің мәселесі ең бірінші рет «Abai.kz» ақпараттық порталында жария болды. Порталдың редакторы Нұргелді Әбдіғаниұлына Сайрагүлдің қайын інісі Нұрболат Асан келіп, істің мән-жайын егжей тегжейлі айтып берді. Жеңгесінің жағдайын айтып, ағайыннан араша сұрады. Бұл  23-мамыр 2018 жыл болатын.Ал Сайрагүлдің ұсталып кеткен күні 21-мамыр еді.

Белгілі заңгер Абзал Құспан Сайрагүлге араша түсетінін айтып, ресми түрде адвокаттық көмегін ұсынды. Белгілі журналист Сәуле Әбілдаханқызы мен Нұргелді Әбдіғаниұлы Сайрагүл ісінде түнді таңғы ұрып, тәуліктеп ұйықтамай жүріп күрес жүргізді. Бұл жолда «Атажұрт» еріктілерінің өкілдері де бір кісідей көмек қолын созды. Ал «Abai.kz» порталы Сайрагүл ісіне қатысты ұзын-ырғасы 20-дан астам мақала жариялады.

Содан кейін-ақ,  Сайрагүл мәселесі қазақ қоғамында қызу талқы болды.БҰҰ жанындағы Халықаралық адам құқықтарын қорғау ұйымдары, шетелдік елшіліктер мен шетелдік БАҚ өкілдері Сайрагүл мәселесіне араласты.Нәтижесінде Қазақстан соты Сайрагүлге шартты жаза кесіп, Қазақстан аумағында қалдыру туралы шешім шығарды. Істің қысқаша мазмұны осы.

«Пана іздеуші тұлға» куәлігі берілген күн

25-шілде 2018 жыл. Сайрагүл Сауытбайдың кезекті соты Алматы облысы, Жаркент қаласындағы Панфилов аудандық сотында өтіп жатқан. Сол күні Қазақстан билігі Сайрагүл Сауытбайға атқарушы орган арқылы (яғни Көші-қон қызметі) «Пана іздеуші тұлға» куәлігін тапсырды. Бұл кезде Сайрагүл сотының шешімі қай жаққа ауатыны белгісіз кез еді.

«Пана іздеуші тұлға куәлігі» «Босқын мәртебесін» сұраған адамға беріледі.  Жоғарыда айтқанымыздай, Сайрагүл Сауытбай Қазақстан билігінен «Босқын мәртебесін» сұраған еді. Көші-қон қызметі Сайрагүлдің өтінішін қарауды сол кезде бастап кеткен.

Сайрагүлге «Босқын мәртебесін» бермеді

4-қазан 2018 жыл. Арнайы құрылған комиссия Сайрагүл Сауытбайға «Босқын мәртебесін» беруден бас тартты.

Түйін. Қазақстанда 2009 жылдың 4-желтоқсанында қаралып, 2010 жылдың 1-қаңтарында қолданысқа енгізілген «Босқындар туралы» Заң бар.  Сол Заңға сүйене отырып, түйіндейік...

Сайрагүлдің отбасы, екі баласы Қазақстанда тұрады. Олар толыққанды ҚР Азаматтары. «Пана іздеген адамдардың және босқындардың ажырап қалған отбасыларының қосылуына жәрдемдесу» 4-бап, 4-тармақ. Сайрагүлдің жағдайы осы тармақтың талабына әбден сай келетінінін және бір мәрте ескере кетейік...

Қазақстан Үкіметі Заң қабылданған сонау 2010 жылдан бері 700-ге жуық шетелдікке босқын мәртебесін берген екен. Олардың дені Ауған асып жеткендер екен. Атасы басқа, тегі бөтен талай жұртты табалдырығымыздан аттатқан Астанадағы ақ жағалылар нәмі қазақ Сайрагүлге сауға түспесе, масқараның көкесі сол болмай ма?!

 

«Адырна» ұлттық порталы

 

Пікірлер