Лира Қоныс. Айгүл

2361
Adyrna.kz Telegram

             АЙГҮЛ

І

Түн ішінде телефон безектеді,  жаны қалмай ойбайлады.  Жеті қараңғыда кімге керек болдым дедім. Өйткені, осы уақытқа дейін бұл желі арқылы ешкім мені тамақтандың ба, мойынорағышың қалың ба, етігіңнің табанынан суық өтіп жүрген жоқ па деген сықылды жанашыр сауалдармен мазалаған емес. Тәтті ұйқымды бұзып телефонмен ойнаған адамды жаратпаймын.  Сөйлеспеймін.  Ұйқысырап жүріп келем. Түкпірде ұйықтаймын. Төргі бөлмені басып өттім. Телефон бақырып жатыр. Хабарласқысы келген бейтанысқа деген ашуым үдей түсті. Сымтетік сыртқы есіктің жақтауына орнатылған.

-  Иә.

- Сәлеметсіз бе, үйде Лаура бар ма? Қыз баланың дауысы.

Іздегені өзім екенін айтпаққа оқталдым да, айнып қалдым.

- Сағат қанша болды? - деп сұрадым.

- Кешіріңіз, мен...

- Мен сенен сағат қанша болды деп тұрмын?  Уақытпен санаспайтын адамды қаламаймын! Шошып кеткен сірә, арғы беттегі тұтқаны үнсіз жайғастырды. Көрпемді қайта бүркендім. Көзімнің қайта ілінгені сол телефон тағы да шыңғыра бастады. Төргі бөлмені дүрсілдетіп, жүгіріп өттім.

- Ұйқы бересіңдер ме, жоқ па?!

- Апай, кешіріңіз, Лаураны телефонға шақырып жіберіңізші... Әлдекім жалбарынып тұр.  Апай дейтіндей соншалықты кәрімін бе? Құдай апайдың жасына жеткізсін деп өзімді жұбаттым.

- Тыңдап тұрмын. Не керек?

- Бұл мен, Айгүлмін.

- Айналайын, ертең құдайдың таңы атады, тауық шақырады. Сол кезде хабарлас! Тұтқаны шөктірдім. Айгүлді танымайды екенмін. Төсегіме беттедім. Қанша ұйықтағаным есімде жоқ. Телефонның үздіккен үнінен ояндым. Таң шеті сөгіліпті.

- Иә.

- Сіздер газетке үй күтуші керек деп хабарландыру берген екенсіздер... Жылы су мен жарықтың ақшасын төлей алмай жүрген маған қайдағы үй күтуші. Шатасып басқа пәтерге түсіп кеткенін айтуға төзімім жетпеді.

- Мен үй күтуші емес, ғарышкер керек деп хабарландыру бергенмін! Тұтқаны жалп еткіздім. Миым шыңылдады, ұйқым қанбаса үнемі осылай. Бозторғайдың шырылы естілгенде зарылдауық тағы үн қатты. Бүгін мен не жынданамын, не мына телефонды сындырып бір-ақ тынышталамын.

- Бұл кім?

- Лаура, саған не болды?  Кешегі дауыс.

- Бұл кім? - Мен, Айгүлмін.  Сабырсыздығым дөрекілікке соқтырды.

- Не керек?

- Кластасың Айгүлмін. Мектеп бітіргелі алты жыл. Үлгерімі төмендермен дос болмайтынмын. Әдемі қыз еді. Затында, әдемі қыздар сабақты нашар оқиды. Бұл да сол қатардан. Соңғы қоңыраудан кейін кезікпегем.

- Есіңе түстім бе? Қалың қалай?

- Жақсы.  Ол ойлағандай қуана қоймадым. Сөздің турасына көшті.

- Бүгін тойым.

- Құттықтаймын.

- Сен қалыңдық құрбы болуға қалайсың... Уәделескен қыз анасы науқастанып келе алмады.

- Басқаларға хабарласып көрсеңші, - дедім. Аузыма түскені сол ғана.

- Біздің қыздардың барлығы тұрмыс құрып кетіпті. Мұны естіп өзімді бақытсыз санадым ба, әйтеуір жанымнан жағымсыз сезімді аңғардым. - Тойын жалғыз өткізсін демесең көмектес.  Келіспеске амалым қалмады.

ІІ

Алты жылдан соңғы кездесу аса нашар болмады. Бағыт – Неке сарайы. Айгүл бейтаныс ортада қысылмасын деп назар аударып әлек. Тұмсығына ақ гүл қыстырған лимузинде бес кісі: Жас отау иелері, мен және тағы бір жігіт. Ақ қолғапты жүргізуші әңгімеге араласпайды. Жақпағаны күйеу жігіт. Тапал. Адам көркі шүберек деген сөз жалған. Миландық тігіншінің қолынан жаңа шыққан  кәстөм онысын жасыра алмапты.

- Айгүл, біз білмейтін құрбың бар екенін неге ерте айтпағансың?

- Лаура, Айгүл ертерек таныстырғанда мен саған үйленер едім!  Әзілі оспадар. Онысына өзі ғана күліп отыр.

- Екінші әйел алуға рұхсат ететін заң қабылданды ма? Жағы семер емес. Қалыңдық ерінін тістелеп төмен қарайды. Жанға жайлы әуенге елтіп, жолдасы музыка тыңдаған бола қалыпты.

- Лаура, сен кітап жазасың ба? - ... - Жазасың ба? Бүгін мынаның аузына тыным болмайтын шығар.

- Жазамын!

- Мен туралы жазшы. Үйленейін деп жатқан кезде шын махаббатын кезіктіріп қалатын жігіт жайлы. Өзім демеуші болам. Өзім сатып аламын.  Көлікті тоқтатып түсіп қалсам қайтеді осы деп ойладым.

- Егер жаза қалсаң атын не деп қоясың?  Әлі сөйлеп отыр.

- Саған орыстардың қай шығармасы ұнайтынын білмеймін. Бірақ, сен туралы кітап жазған адам атын міндетті түрде «Нақұрыс» деп қояр еді.  Тағы да жалған күлкі. Ақ тілеулі сарайға да келіп жеттік.

ІІІ

Қаумалаған жұрттан қаға беріс қалып күйеу жігіт тіл қатты:

- Сенің жігітің бар ма?

- Менде жігіттен де басқа мәселе бар.  Қалыңдық естімегенсіді. Әңгімені басқа тарапқа бұрды:

- Көйлегім қалай? - күйеу жолдастан сұраған.

- Бөксеңді фудбол добы ма деп қалдым. Апама жездем сай ортаға қайдан ғана кезіктім екен? Куәлік алар кез жақындаған. Күйеу жігіт жолдасына қарап өтірік күлді:

- Қашып кетсем бе екен?  Ақ көйлегінің етегін түзеп жатып қалыңдықты аядым.

- Менің орныма сен үйлене салшы. Енжар, бастысы сезімсіз дауыс. Әлдекімнің үйлену тойын таспадан тамашалап отырғандай. Досы жерге қарады. Неке жүзігі салынған қорапшаның бетін аштым. Жазықсыз қос сақинаға аянышпен қарадым.

- Сенің қолыңдағы шынымен неке жүзігі ме?

- Жоқ, бұл өлген қарғаның қанаты. Жекіп бердім. Қалыңдықтың реңі сұрланды.

- Жүріңдер!  Айгүл келіншектер бөлмесінде бөгеле берді. Қолтығынан демедім.

- Айгүл, сені бақытың күтіп тұр. Осылай әдеби сөйлеуді әсте жақтырмаймын, әйтсе де сол ораймен сөз саптадым.  Жанарынан тамшы үзіліп түсіп, кірпігінің бояуы іле төмен сырғыды. Ендігісін бірдеме айту қажетсіз дедім. Есіктен шығып, баспалдақпен төмен түсе берді. Жұрт шуласып-дабырласты. Соңын ала шықтым. Ақ көйлекті қалыңдық Есентай өзенін бойлап жүгіре берді. Соңынан ентігіп күйеу жігіт жөнелді. Саған жеткізбейді, бұл қыз мектепте оқып жүргенде желаяқ болатын дедім айқайлап. Расында жеткізбеді, бағана қалай байқамағанмын деп селк еттім, оның жауырыны тұсында тап бір періштенікіндей әппақ қос қанаты бар екен. Ол соңына бір рет те бұрылмады, дабырласқан елден әудем жер ұзаған соң әсем қанаттарын сілкіп-сілкіп қалды да, зеңгір көкті бетке алып самғап кетті...

Пікірлер