"Мешіттегі имам-молдалардың оңып тұрғаны жоқ!"- Тұрарбек Құсайын өзін "зинақор" деп айыптағандарға жауап берді

5658
Adyrna.kz Telegram

Тұрарбек Құсайын өзін "зинақор" деп айыптаған Алтынбек Ажокұлына жауап беріп, "Шындығында мешіттегі имам-молдалардың оңып тұрғаны жоқ. Имамдық қызмет осылай екен деп үлкен молдалардан үлгі алдым. Имам болып жүргенде маған жаман әдет үлкен имамдардан жұқты" деп мәлімдеме жасады. Бұл туралы "Адырна" ұлттық порталы жазады. 

"Мен бір мандатты округтен өз кандидатурамды Мәжіліс депутаттығына ұсынатыным жөнінде қоғам хабардар болған соң, маған қарсы мүфтият тарапынан қаралау басталды. Рас, мен бас мүфти Наурызбай Тағанұлының алған білімін анықтап беру жөніде Білім министрлігіне хат жолдағам. Наурызбай қажының Құранды қате оқитыны және араб тілін білмейтіні туралы исламтанушы Асқар Сабдин бұқаралық ақпарат құралдарында талай рет айтты. Соған байланысты Наурызбай Тағанұлының Бас мүфти болуға құзіреті жоғын айтқам. Осындай дәлелді сыннан кейін Бас мүфти өзінің қарамағындағы имамдарды маған қарсы айдап салды. Атырауда тұратын имам Алтынбек Ажокұлы мені "зинақор" деп айыптады, Құспан молда мешітінде имам болып жүргенде мешітке келген қыз-келіншектерді азғырды деді. Алтынбек имамның айыптауына байланысты мына жағдайды айтқым келеді: Алтынбекпен медреседе бірге оқығаным, Құспан молда және Иманғали мешітінде бірге жұмыс істегенім рас. Бірақ ол мешітке келген қыз-келіншектерді мен ғана азғырғанымды, мен ғана зинақор екенімді айтады. Шындығы қалай? Шындығында мешіттегі имам-молдалардың оңып тұрғаны жоқ. Мен ол кезде оң-солымды танымаған жап-жас дін қызметкері болдым. Имамдық қызмет осылай екен деп үлкен молдалардан үлгі алдым. Солардың істегенін мен де істедім. Молданың істегенін істеме, айтқанын істе деген тәмсілді ол кезде түсінген жоқпын. Имам болып жүргенде маған жаман әдет үлкен имамдардан жұққанын тағы да қайталап айтам", - дейді Тұрарбек Құсайын.

Оның айтуынша, ата-баба дәстүрін ұстанатын қазақтарды "жау" санайтын имам-молдалар оны арнайы тапсырыспен қаралап отыр.

"Кейін молдалардың кір-лас тірлігін көрген соң мешіттен жерідім, имамдықтан жиіркендім. Сондықтан да тазалық пен адамгершіліктен жұрдай мүфтияттан кеттім. Бұл жөнінде өзімнің өмірбаяндық «Мен қалай рухани жаңғырдым» деген кітабымда жазғанмын. Имам болғаныма өте қатты өкінетінімді де және бұдан кейін ұжымдық дін болып саналатын араб-парсы фольклорына қарай аяқ баспайтынымды да айтқан едім. Ал мүфтияттағы арсыз іс-әрекеттер мен үшін де, басқалар үшін де жаңалық емес. Ол жердегі азғындық бұрын да болған қазір де бар, мүфтиятта түбегейлі реформа жасалмаса,бұндай сорақылықтар келешекте де бола береді. Айтпақшы діни басқарма Бас мүфтидің тапсырмасымен қазақи дүние танымды ұстанатын Қазақстан азаматтарына қарсы науқан бастады. Атап айтқанда ҚМДБ зайырлы қазақтарды кәпір санатына қосып,сақ-ғұн немесе атақты ұлы қағандарымыздың таным-философиясын насихаттайтын азаматтарды бөліп-жарып,қазақ қоғамына құбыжық қылып көрсетуде. Осыған орай зайырлы қазақтар Ата Заңымызды аяқасты еткен мүфтиятты сотқа берген-ді. Рас, мен де талай жыл адасып, түрлі секталардың рухани қысымына ұшырап, түп қазығымды енді ғана тапқан адаммын. Нақты айтсам мен қазақи дүниетанымдағы зайырлы,либерал-демократ қазақпын. Ата-баба дәстүрін ұстанатын зайырлы қазақтарды жауындай көретін мүфтият, өзінің имам-молдаларына мені зайырлы көзқарасым үшін тапсырыс беріп, қаралап жатыр. Атыраулық Нұр-Мұбарак университетінің түлегі Алтынбек Ажокұлы да солардың тапсырмасымен әрекет етіп жатқанына шүбә жоқ", - дейді ол.

Осыған байланысты Тұрарбек Құсайын келесідей мәлімдеме жасады.

"Зайырлы принциптерге негізделген қазақи-түркілік дүние танымды өзімнің рухани ұстанымым деп таңдадым. Ата заңда жазылған менің наным-сенімімді қорлауға мүфтияттың қақысы жоқ. Қандай қысым жасаса да мен саясиланған араби-парсы субмәдинетіне ешқашан оралмайтынымды, қазақ халқының дәстүрлі тарихи мұрасына берік,яғни монотеистік Тәңір философиялық ұстанымында қалатынымды ескертемін. Ата Заңға сәйкес менің де сайлау құқым, сайлануға қақым бар. Мүфтият менің саяси құқығыма кедергі жасап, аяғымнан шалып құлатқысы келеді. Бірақ мен көптеген кедергіге қарамай Мәжіліс депутаттығына өзімнің кандидатурамды ұсынам. Менің тағдырымды, депутат болар-болмасымды діншілдер емес, саяси санасы бар қазақ халқы шешеді. Халқым қолдап мәжіліске депутаттыққа өтсем ұлттық қазақи дүниетанымды мемлекет тұрғысынан насихаттауды және Қазақ елінің зайырлылық принциптерінің қатаң сақталуына адал қызмет етемін деп уәде беремін", - деп түйіндеді сөзін Тұрарбек Құсайын.

"Адырна" ұлттық порталы 

 

Пікірлер