“Аяғы ауыр болған”: Непалдағы ұшақ апатынан қаза тапқандардың бірі Қазақстанда тұрған

2527
Adyrna.kz Telegram

Непалдағы ұшақ апатынан қаза тапқандардың бірі Қазақстанда тұрған және аяғы ауыр болған. Бұл  КТК телеарнасы жариялады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы. 

Мәлімет бойынша, Непалда ұшақ құлаған жерде адамдарды іздестіру жұмыстары әлі жүріп жатыр. Әзірге төрт жолаушы туралы ақпарат жоқ. Тек 68 мәйіт табылды. Бортта 72 адам болған. Олардың төртеуі – экипаж мүшелері. Тасымалдаушы өкілдерінің айтуынша, ешкім тірі қалмаған.

Жолаушылар арасында Непал, Үндістан, Корея, Англия, Франция, Аргентина тұрғындары, сондай-ақ төрт ресейлік бар.

Ресей азаматы Елена Бандуро кейінгі уақытта Қазақстанда тұрып, сәби күтіп жүрген. Төтенше жағдайдың себептерін арнайы комиссия белгілейді.

Еске сала кетейік, Yeti Airlines компаниясының ATR 72 жолаушылар ұшағы 15 қаңтарда, жексенбі күні таңертең апатқа ұшыраған болатын. Лайнер Катмандудан Похараға бет алған. Қону кезінде ұшақ өртеніп, өзен шатқалына құлаған. Зардап шеккендерді іздестіру адам аяғы жете бермейтін жерде болғандықтан қиындап кеткен.

Пікірлер