Әлемдік бестселлер қазақ тілінде жарыққа шықты

3909
Adyrna.kz Telegram

Қазақ еліне +1 бестселлер. Mazmundama баспасы әлем оқырмандары жарыса оқитын Кристин Ханнаның ең мықты туындысы “Бұлбұл” еңбегін қазақ тіліне аударды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Бүгінде Кристин Ханнаның шығармашылығы 45 тілге, енді 46 тілге аударылды десек болады. Өйткені, бұл еңбек 2015 жылы Goodreads ең үздік тарихи көркем шығарма деп бағаласа, сол жылы People's Choice award жылдың үздік көркем шығармасы деген.

Сондай-ақ, Amazon, iTunes, Buzzfeed, the Wall Street Journal, Paste, and The Week сынды басылымдар “Жыл кітабы” деп таныған.  Әлем оқырмандары жоғары балаған романды қазақ оқырмандарына ұсыну үшін автордан құқығын алып, Дәурен Берікқажы аударған.

Mazmundama басылымының басшысы Шыңғыс Мұқан да бұл туындыны оқып, ғашық болғанын жасырмады.

“Темірдей төзімділік пен шынайы адам рухы тек соғыс кезінде ғана көрініс тапса керек. Жоңғарлармен соғыс қазақтың қаншама ұлын батыр етсе, Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде адамзат бұрын-соңды көрмеген батырлықтың куәсі болды, қазіргі Украинадағы жанкештілік те осы ақиқатты растайды. Дегенмен соғыс тек қана ерлердің ісі емес. Соғысты әйелдің көзімен көріп, әйел болмысымен сезінгіңіз келсе, “Бұлбұлды” оқыңыз. Осы туындыны екі жыл бұрын Amazon-да көрдім. Оқып шықтым да ғашық болдым. Елу мыңға жуық ревью. Ал Goodreads-дің жарты миллион оқырманы бес деп бағалаған. Сұмдық, иә!

Бұл романда бәрі бар: үміт, күдік, махаббат, сатқындық, батылдық, мейірім… Жыламай, күлмей, түңілмей, үміт етпей оқымау мүмкін емес, сезіміңіздің барлық пернесін басатын өмірлік роман”,- деді Шыңғыс Мұқан.

 

Пікірлер